Сұрақ: Ғаламторда мәһір беруге қатысты дау көбейіп кетті. Біреулер діннің атына сын айтуда. Мәһір туралы қате мәлімет беріп жатқандар бар. Бұған қатысты не айтасыз?
Жауап: Мұндай қате пікірдің айтылуына екі себеп болуы ықтимал. Біріншісі, мұны дін исламды дұрыс білмейтін немесе ислам туралы қате пікір алған адамның айтуы мүмкін. Адам өзінің дұрыс білмеген дүниесін ойдан құрап, болжамдап айтады. Бұл өз кезегінде басқа адамдарды, тыңдаушылар мен оқырмандарды қате түсінікке итермелейді.
Екіншісі, дінге жала жауып, исламофобия тудыруды көздейтін адам. Сөйтіп, жалпы дінді құптамайтын адамдарды қатарына қосып алу сияқты арзан әдісті қолданады. Себебі саясат, дін, тіл, экономика секілді салалар қоғам азаматтары үшін маңызды болғандықтан ел назарында. Соны пайдаланып өзінің қолдаушыларын көбейту немесе «подписчик» санын арттыру мақсатында қара ниетті азаматтар түрлі айла-тәсілге баруға әзір екенін естен шығармаған жөн.
Әйтпесе бір жарым миллиардтан астам халық ұстанатын дінге қарсы сөз айтып қана қоймай, оның негіздерін қаралау жоспарланған мақсатты қажет етеді. Әлемдегі ғылым мен өркениет дамуына зор үлес қосқан мұсылман ғалымдары (Әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Кинди, әл-Хорезми, әл-Бируни, Ибн Рушд (батыста еркін ойдың дамуына ықпал еткен), Ибн Халдун (әлеуметтік өмір мәселесін дамытқан) және т.б. көптеген әлем деңгейіндегі ғалымдар) насихаттаған діннен жаңалық тапқандай қатты сөздер айту үшін көздеулі мүдде керек.
Жоғарыдағы ғалымдар жай бүгінгі сияқты отырып алып дінді сынайтын «бизнес тренерлер» емес, энциклопедист ғалымдар. Егер мәһрге қатысты сын айтса солар айтар еді. Олар мұсылман қоғамында өмір сүргендіктен емес, діндегі нормалардың шығу тегі мен мәнін, мақсатын әрі дінді жетік білгендіктен мақұлдады. Сонымен қатар ғалымдар қалындыққа мәһір беру жас қызды алдып уысқа түсіру емес, бәлкім ердің алдындағы (әйел құқығын) қорғаудың алғы шарттары екенін түсінген. Ислам ер азамат сияқты әйел адамның да құқығын қорғайтын дін.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ