Бақыт – ұғым емес, сезім; тұлабойыңмен, жан-дүниеңмен сезінетін сезім. Байсалды ақылмен байыптап қарасақ, біз өзіміз біреуді жақсы көрген немесе біреу бізді жақсы көрген кезде бақытты сезінеміз. Ал жүректен жылу кетіп, мейірімсіздік пен өшпенділіктің оты тұтанған кездер біз үшін берісі – жағымсыз, әрісі – бақытсыз кездер. Қуанышы мен қайғысы егіз, ағы мен қарасы алысып жатқан мына сынақ өмірдің біз қимайтын тұстары, «жарық дүние» деп жақсы көргізген сәттері де – осы мейірім мен махаббаттың сәулесі шашыраған сәттер.
«Ғашықтық құмарлықпен – ол екі жол, құмарлық бір нәпсі үшін болады сол» деп Абай хакім айтпақшы, құмарлық тәнге бағытталса, ғашықтық жанға, тұтас тұлғаға, яғни Адамға бағытталады. Ғашықтық – жан-жүректің үндестігі мен тәни құмарлықты бойына жинақтаған тұтас сезім. Бұл – адамды жалғыздықтың қапасынан құтқаратын, адам табиғатына тән өзін сүйікті сезіну және сүйе білу қажеттілігін қанағаттандыратын, бойға бақыттылық пен өмірге құштарлық сыйлайтын, сол себепті қуатыңды тасытып, шабыттандыратын сезім! Шындығында да, өзіңмен ой-сезімі ұқсас, мінез-құлқы шамалас, арман-мақсаты бір жанды кездестіру – кез келген пендеге бұйырмаған бақыт.
Бір адамға ғашық болу, оны жеке тұлғалық қасиеттерімен қатар «Құдіретті де мейірімді Иемнің жаратқан бір пендесі, мен секілді Адам» деп сүйе білу – адамның кеудесін кеңейтетін, санасын биіктететін, жанын ізгілендіретін құбылыс. Осылай сүйе білген адам басқа жандарға ең құрығанда жанашырлықпен қарай алатын ақ жүректің иесі болмақ. Халық даналығы бұл жайлы «Бір адамды жақсы көрген барша жанға мейіріммен қарайды» дейді. Яғни, бір адамды шын сүю арқылы барша адам баласын жақсы көруді үйретуі – шынайы ғашықтықтың адамға үйретер алғашқы сабағы…
Руханият ұстаздары шарапатты бұл сезімнің түп мәні тереңде екенін айтады. Яғни, ғашықтық пен сүйіспеншіліктің екінші қыры, ең негізгі ғибраты – оның сүюді, шынайы сүйіспеншілікті үйрететін Мектеп екендігі; Жаратушыға деген ұлы сүйіспеншілікке апаратын Баспалдақ екендігі.
Махаббат жайлы ой толғаған Ислам ғұламалары: «Адамның жаратылу мақсаты – Жаратушысын танып, құлшылық жасау, ал құлшылықтың шыңы – Алла Тағаланы жан-жүрегіңмен сүю», – дейді. Бұл тұжырымның ең үлкен дәлелі – ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) мына хадисі: «Алла Тағала мен Оның елшісін барлық нәрседен артық жақсы көрмейінше, ешкім мүмін (толық иман келтірген) болмайды» (Бұхари жеткізген). Хадистен түсінетініміз иманның кәмілдікке жетуі – Алла Тағала мен Пайғамбарымызға (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) деген сүйіспеншіліктің дәрежесімен өлшенеді.
Иә, адам баласының қос дүниелік бақытын қамтамасыз ету үшін түсірілген хақ дін Ислам Жаратушының жалғыздығын, даралығын дәріптей келе, тек Алла Тағалаға ғана құлшылық жасауымыз керек екенін ескертеді. Сондай-ақ, бар жақсылық пен сансыз нығметтің Иесі – Алла Тағала екенін есімізге салады; ата-анамызды ардақтатып, жарымызды сүйдіріп, сәбиімізге емірендіріп қойған, елің мен жеріңді ойлатып, тебірендіріп қойған асыл сезім – махаббаттың да иесі, жаратушысы – Бір Алла екенін айтып, тәубе мен шүкірге жетелейді. Атадініміз Жаратушы Иеміздің бізді, әрқайсысымызды, туған анамыздан сансыз есе артық жақсы көретінін айтып сүйіншілейді: «Алланың атымен ант етейін, Алла Тағаланың құлына деген мейірім-шапағаты ананың баласына деген мейірімділігінен сан есе артық!» (Бұхари, Муслим жеткізген хадис)
Ақиқатында, Алла Тағаланы дұрыс тану – міндетті түрде Ұлы Раббымызға деген махаббаттың оянуына алып келеді. Ислам ғұламалары: «Аса қамқор, ерекше мейірімді Иесін таныған адам, өзіне берілген сансыз нығметтердің иесі – Ұлы Жаратушысын жақсы көрмей, сүймей тұра алмайды және ондай жүректің иесі өзгелерге деген мейірімге, кешірімге, аяушылыққа толы болады», – дейді. Бұдан біз кез келген адами таза қасиет пен сезімнің тамыры – иманда болатыны секілді, махаббаттың да негізі – иманда екенін көреміз. Міне, сондықтан ғалымдар: «Қашан иман кетсе, махаббат кетеді; махаббат кетсе, адамдық сипат кетеді; адамдық сипат кетсе, ол пенде «адамның шайтаны» болады. Сондықтан адам мен қоғамның емі – иманда, иманды махаббатта», – дейді…
Адамзатқа тән асыл сезім туралы ой толғаған Абай хакім 45-қара сөзінде: «Адамшылықтың алды – махаббат, әділет сезімі. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – Жаратқан Тәңірінің ісі. Бұл әділет, махаббат сезімі кімде көп болса, сол – ғалым, сол – данышпан», – деп қорытады. Ең соңында Абай хакім ой-толғамын:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп,
Және «Хақ жолы – осы» деп Әділетті.
Осы үш сүю болады иманигүл…», яғни «Сенімнің шыңы, иманның гүлі – Жаратушыға деген сүйіспеншілікте», «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?» (38-қарасөз) деп түйіндейді.
Сөз соңында Ислам ғұламаларының: «Алла Тағаланы және Оның елшісін барлық нәрседен артық жақсы көру иманның кемелдігінен екендігінде дау жоқ. Алайда, басты мәселе – Алла Тағаланың сүйіктісі, сүйікті құлы бола білуде», – деген сөзін еске салғымыз келеді…
Түйін: Иә, тіршіліктің салтанаты мен сәні, өмірдің мәні – махаббатта; Ұлы Раббымызға деген махабатта. Сол себепті сүйіспеншілік сезімді, жүректегі махаббатты әуелі сол сезімнің Иесіне, құдіретті де мейірімді Аллаға бағыттау – бұлжымас заңдылық, әділдік пен адалдық…
Басқаша айтсақ, екі дүниенің бақыты – иманда, иманның негізі – Жаратушыға деген махаббатта; ал Алла Тағалаға деген махаббаттың дұрыстығы, оның өлшемі – Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) соңынан ілесіп, Сүннетімен өмір сүруде. Өйткені осы істі Раббымыз шынайы махаббаттың шарты қылып бекіткен. Яғни Алла Тағаламен арамыздағы байланысымыз болсын, адамдармен болған қарым-қатынасымыз болсын, кез келген іс-амалымызда, ойымыз бен сенімімізде Пайғамбар өнегесі ғұмырымызға шамшырақ болуы керек. Тек сонда ғана өміріміз мәнді, тіршілігіміз сәнді болмақ; тек сонда ғана Алла Тағалаға деген махаббатымыз шынайы болмақ.
Оған дәлел мына Құран аяты: «(Уа, Мұхаммед,) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді де». («Әли-Ъимран» сүресі, 31-аят.)
Құдіретті де мейірімді Иеміз баршамызға шынайы махаббатты нәсіп еткей!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ