Сұрақ: Исламның алғашқы мемлекет құру кезінде маңызды рол атқарған бір құжаттың бар екенін есіттім. Бұл құжат «Бір мемлекет – бір қоғам» идеологиясының негізін қалапты. Оның маңызы неде?
Жауап: Мәдиналық келісімді тарихшылар кейде «сахифа» деп те атайды. Арабша мағынасы – парақ деген сөз, яғни келісім парақ бетіне жазылған соң солай атылып кеткен.
Расында да, Мединелік келісім мұсылмандардың толеранттылығына анық мысал болды. Себебі, пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына қоныстанған соң жай діни көсем ғана емес, ол енді мұсылман мемлекетінің саяси басшысына айналды. Демек, бұл мемлекеттің өзіне тиіс нақты шарттары мен заңдары қабылдануы тиіс болды. Ол заңдар ондаған жылдар бойы бір-бірімен соғысып, қырықпышақ болып келе жатқан түрлі тайпалар мен нәсілдердің арасын қосып, қоғамда бейбіт әрі достық қатынасты орнату қажеттілігі туды.
Дәлірек айтсақ, пайғамбардың (с.ғ.с.) міндеті – мұсылмандар, христиандар және яһудилер мен пұтпарастар жасайтын қоғамда бейбіт өмірді тұрақтандыру. Осы мақсатта дүниеге «Мәдиналық келісім» келді.
Мұнда осы қалада жасайтын әр тайпаның жауапкершілігі мен міндеттері анық көрсетілді: олардың бірінің-бірі алдындағы міндеттері мен шектеулері, ерекшеліктері мен қасиеттері және т.б.
Мысалы, келісімің бірінші тармағы Мәдина тұрғындарының барлығы – мұсылмандар және келісім жасасқан христиандар, яһудилер, мажусилер мен пұтпарастар «біртұтас қоғам» деп жарияланды. Адамдардың ұлтына, шыққан тегіне, діні мен тіліне қарамастан барлығы Мәдинаның азаматтары болып есептелінді.
Олар мұсылмандар сияқты мемлекет қамқорлығына алынды: «Біздің қамқорлығымызға алынған яһудилерге зияндық жасалмайды, ал олардың дұшпандарына көмек көрсетілмейді».
Ертеде әр тайпаның қалада және далада да өз достары мен дұшпандары болған. Бұлардың арасында соғыс үздіксіз жалғасып, күшті тайпалар әлсіздерге, үлкен тайпалар кішілеріне зұлымдық жасап келген. Енді бұдан былай Мәдинада жасаған бір тайпаның артында бірнеше тайпалардан құрылған күшті мемлекет тұрды.
Осылайша мұсылмандар барлық тайпаларды бір басқару жүйесінің астына жинап, сол өлкедегі бүтін ұлттар мен діндерді бір араға қосты. Бұдан былай осы тайпалардың біріне немесе олардың дініне жасалған шабуыл, бүтін мемлекетке жасалған шабуыл деп саналды.
Бұған пайғамбардың (с.ғ.с.) мына хадисі нақты айғақ болмақ: «Кім мұсылмандармен келісім жасасқан адамды өлтірсе, ешқашан жәннат иісін сезбейді» (Мүслим).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ