Жаңа мемлекеттің қабырғасын қатайтып, қоғамды мығым әрі бір жұдырықтай жұмдыру үшін шаһар тұрғындарының басын бір араға қосу керек болды. Ол үшін парасаттылықпен «бір мемлекет, бір қоғам» саясатын іске асырды. Пайғамбардың (с.ғ.с.) басқа дін өкілдерімен жасаған қарым-қатынасын Құрандағы «Кафирун» сүресінің: «Сендерге өз діндерің маған өзімнің дінім» аяты анық баяндайды (Әл-Итқан фи әл-улум әл-Қуран).
Расында да сол замандарда Араб жазирасының халықтары түрлі дінді ұстанды. Олардың арасында христиандар, яхудилер, мәжусилер (отпарастар), мүшриктер (пұтпарастар) және сол сияқты т.б. сенім ұстанушылары болды. Пайғамбардың осы замандарда басқа дін адамдарына көрсеткен толеранттылығы парасатты адам үшін үлкен ғибрат.
Пайғамбардың толеранттылығын тиісті деңгейде көріп, түсіне білмек үшін ислам тарихындағы «Мәдиналық келісім» атты парағынан мысалы келтірейік. Әрине, мұсылмандардың көсемі бұдан бұрынғы Меккеде өткізген он үш жылында да басқа сенім иелерімен көркем қарым қатынаста болғаны мәлім. Мысалы, Исламды алғаш насихаттаған жылдарында Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) пұтпарастрадың арасында өзінің әділдігі, сенімділігі мен төзімділігінің арқасында «Мұхаммед әмин» (сенімді Мұхаммед) атанған болатын (Адабу әд-Дуния уа әд-Дин).
Дегенмен, біз Мәдиналық кезеңді жайдан жай алып отырғанымыз жоқ, бұл уақытта Ислам мұсылман мемлекетінің ресми діні, ал пайғамбар заң шығаратын құқыққа ие болды. Сонымен «Мәдиналық келісім».
Мәдиналық келісімді тарихшылар кейде – «сахифа» деп те атайды. Арабша мағынасы – парақ деген сөз, яғни, келісім парақ бетіне жазылған соң солай атылып кеткен. Расында да, Мединелік келісім мұсылмандардың толеранттылығына анық мысал. Себебі, пайғамбар (с.ғ.с.) Медине шаһарына қоныстанған соң жай діни көсем ғана емес, ол енді мұсылман мемлекетінің саяси басшысына айналды. Демек, бұл мемлекеттің өзіне тиіс нақты шарттары мен заңдары қабылдануы тиіс. Ол заңдар ондаған жылдар бойы бір-бірімен соғысып, қырық пышақ болып келе жатқан түрлі тайпалар мен нәсілдердің арасын қосып, қоғамда бейбіт әрі достық қатынасты орнатуы қажет.
Дәлірек айтсақ, пайғамбардың (с.ғ.с.) міндеті – мұсылмандар, христиандар және яһудилер мен пұтпарастар жасайтын қоғамда бейбіт өмірді тұрақтандыру. Осы мақсатта дүниеге «Мединелік келісім» келді. Мұнда Мәдинада жасайтын әр тайпаның жауапкершілігі мен міндеттері анық көрсетілді: олардың бірінің-бірі алдындағы міндеттері мен шектеулері, ерекшеліктері мен қасиеттері және т.б.
Бұл келісімді жаңа қалыптасып келе жатқан мұсылман мемлекетінің Конституциясы десек болады. Конституция барлық қауымдар мен тайпаларға тең. Конституцияның тармағынан ауытқыған немесе оны орындамаған әрекет – дінбұзушылық және опасыздық болып саналды. Осындай барлығына ортақ заңның арқасында жылдар бойы созылып келе жатқан бір-біріне дұшпан саналып келген түрлі дін өкілдері, тайпалардың басын бір ортаға қосылды. Осылайша бір-біріне әлімжеттік жасап, атада балаға мирас болып келе жатқан дұшпандықтың түбіне балта шабылып, жаңа біртұтас қоғам бой көтерді.
Келісімің бірінші тармағы Медине тұрғындарының барлығы – мұсылмандар және келісім жасасқан христиандар, яһудилер, мажусилер мен пұтпарастар «біртұтас қоғам» деп жарияланды. Адамдардың ұлтына, шыққан тегіне, діні мен тіліне қарамастан барлығы Мәдинаның азаматтары болып табылды.
Олар мұсылмандар сияқты мемлекет қамқорлығына алынды: «Біздің қамқорлығымызға алынған яһудилерге зияндық жасалмайды, ал олардың дұшпандарына көмек көрсетілмейді». Ертеде әр тайпаның қалада және далада да өз достары мен дұшпандары болған. Бұлардың арасында соғыс үздіксіз жалғасып, күшті тайпалар әлсіздерге, үлкен тайпалар кішілеріне зұлымдық жасап келген. Енді бұдан былай Мәдинада жасаған бір тайпаның артында бірнеше тайпалардан құрылған күшті мемлекет тұрды.
Осылайша мұсылмандар барлық тайпаларды бір басқару жүйесінің астына жинап, сол өлкедегі бүтін ұлттар мен діндерді бір араға қосты. Бұдан былай осы тайпалардың біріне немесе олардың дініне жасалған шабуыл, бүтін мемлекетке жасалған шабуыл деп саналды. Бұған пайғамбардың (с.ғ.с.) мына хадисі нақты айғақ болмақ:
«Кім мұсылмандармен келісім жасасқан адамды өлтірсе, ешқашан жәннат иісін сезбейді» (Мүслим).
Хадистен көргеніміздей мұсылмандар өзімен келісім сөз жасасқан тайпалардың, адамдардың нәсіліне, сенімі мен ұстанымына қарап айырмады. Олардың барлығына мұсылмандармен тең қамқорлық және құқық берілді.
Мемлекет мұсылмандардың мемлекеті болғандықтан, пайғамбар (с.ғ.с.) басқа сенім өкілдері үшін қолынан келгенше қамқорлық жасады: «Кімде кім мұсылмандармен бейбітшілік келісімін жасасқан мұсылман емес кісілерге әлімжеттік жасаса немесе олардың меншігіне тиесілі бір нәрсені тартып алса – сол адамға мен Қиямет күнінде қарсы куәлік беремін» (Сунан Әбу Дәуіт).
Хадистің мәтіні анық әрі кесімді түрде бір қоғамда жасап отырған, қарым-қатынас, байланысы бар басқа дін өкілінің ар-ожданына, мүлкіне зәредей болса да зиян тигізуге қатаң тиым салып отыр. Зұлымдық жасаған адамға қарсы пайғамбардың өзі куәлік бермек. Пайғамбардың (с.ғ.с.) бұл сөз – көтеріліп отырған мәселенің маңызын, өзектілігін көрсетеді. Осы айтылған аят-хадистер күні бүгінге дейін мұсылмандар үшін бағыт-бағдар.
Мұхамедтің (с.ғ.с.) салып кеткен «Мәдиналық келісім» жолы бірінші кезекте – қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты, мемлекет ішіндегі қоғам мүшелерінің бірлігін, бейбіт өмірін көздеген. Олай болса біздің елде де түрлі ұлт өкілдері өмір сүріп жатыр. Ата Заңымыз олардың тіліне, мәдениетіне, дініне қарамастан, бір тудың астында татулық пен бірлікте өмір сүруіне кепілдік береді. Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы мемлекет бола тұра, өз дінін ұстанып, дәстүрін сақтап, өзге дінді құрметтеуге шақырады. Бұған еліміздің әр азаматы мүдделі.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
философия ғылымының кандидаты