Кез келген мәдениеттің өзіндік келбетін қалыптастырушы бірқатар фактор болады. Олар: мәдениеттің географиялық орналасуы, шаруашылық түрі, діни ұстанымы мен тарихи процестер.
Олар материалдық мәдениетті де, рухани мәдениетті де қалыптастырушы негізгі факторлар. Демек, адамзат қауымының тұратын үйі, киетін киімі, тамағы, қолданатын тұрмыстық заттары, дәстүрлері, ғұрыптары, құндылықтары, дүниетанымы, ғылым, өнер мен әдебиеті, мораль, нанымдары, заңдары мен нормаларының алуан түрлілігі осы факторлар арқылы қалыптасып келген.
Осы орайда, мәдениет пен қоғам феноменін зерттеген ғалымдардың тұжырымдамаларынан мысал келтіре кеткен орынды.
А. Тойнби мәдениетке – діни, ұлттық, географиялық және басқа да белгілердің ортақтығымен ерекшеленетін қоғамның жабық және жергілікті жағдайы деген анықтама берген.
Ал, Г. Спенсер, өз еңбектерінде қоғам мен мәдениеттерге әсер етуші сыртқы факторлар ретінде географиялық орта мен көрші мәдениеттердің ықпалын ерекше атап өткен.
Л. Гумилев өз кезегінде, белгілі бір мәдениеттің моделі тарихи фактормен географиялық фактор арқылы анықталады деп тұжырымдады. Яғни, ол мәдениеттің пайда болған жері мен ландшафтқа ерекше назар аударған [1].
Географиялық фактор
Мәдениетті қалыптастырушы негізгі факторлардың бірі ретінде табиғи географиялық жағдайды, атап айтқанда, климаттық ерекшеліктер мен ландшафтың ықпалын жекелеп қарастырып өтейік.
Жерлеу. Тибет пен Үндістанның Ладак, Аруначал-Прадеш сияқты таулы аймақтарында Тен-Чак немесе Кыл-Хор – «Аспанға жерлеу» деп аталатын ерекше жерлеу рәсімі бар. Бұл жерлеу рәсіміне сәйкес, өлген адамның денесі бөлшектеліп, құзғын құстарға жегізіледі. Бұл жерлеу рәсімнің пайда болуына діни негізге қарағанда географиялық фактордың ықпалы басым екені байқалады.
Осы аймаққа тән, жері тоң әрі жартасты болып келген климаттық және ландшафтық ерекшеліктерін ескерсек, қабір қазу арқылы жерлеу қиындық туғызатындығы анық. Сонымен қатар, Тибет тауларының басым бөлігі ағаш өсе алатын белдеуден жоғары орналасқан. Сондықтан осы аймақтың тұрғындарына мәйітті кремациялау қолжетімді болмады [2].
Сондай-ақ, мұхитың ортасында орналасқан арал тұрғындарының мәдениетінде адам мәйітін салға салып, ашық теңізге ағызып жіберу рәсімі орын алған. Бұндай рәсімнің қалыптасу барысында экологиялық тұрғыдан да, рационалдық тұрғыдан да аралдардың табиғи ресурстарын сақтап қалуға басымдық берілгені аңғарылады.
Киім. Дәстүрлі мәдениетте киім адам денесін қоршаған ортаның теріс әсерінен қорғап қана қоймай оның әлеуметтік статусынан да ақпар беретін болған. Еуразия континентінің табиғи жағдайындағы адамдардың киім кию үлгісінде діни ұстанымнан өмірлік қажеттілік принципі басым болды.
Еуразия кеңістігінде өмір сүрген тұрғындарға киім денені суықтан қорғау үшін қажет болса, ал Африка халықтары киімнен гөрі әшекейлерге көбірек ұқсайтын киімнің кейбір элементтерін ғана (белбеу, бас киім) қолданған.
Ал, Австралия аборигендері жалаңаш денелеріне тек тұмар ғана таққан.
Тағам. Географиялық климаттық жағдай діни ұстанымдағы тамақтану үрдісіне әсері бар. Айталық индуизм дінінің ұстанымына сәйкес ет өнімдерін ас ретінде пайдалануға тыйым салынған. Индуизм дінін Үндістан, Бангладеш, Шри-Ланка, Индонезия, Сингапур сынды елдердің тұрғындары бір бөлігі ұстанады. Демек, олардың географиялық жағдайы мен тропикалық климаты ет өнімдерінен бас тартып, жыл бойы өсімдіктермен ғана тамақтануға мүмкіндік береді. Осылайша географиялық фактор діни нормаларға ықпал ете алатынын байқауға болады.
Айталық, мұндай талаптары бар діндердің климаттық жағдайы қатал қиыр солтүстікті мекендеген халықтар арасында пайда болмауы немесе таралмауы заңды құбылыс. Өйткені өсімдік атаулыға жұтаң, жерін тоң басқан өлкенің тұрғындары ет өнімдерінен бас тартса, өз өмірлеріне қауіп төндірері анық. Демек, діннің пайда болған ортасы, оның ұстанымдарына ықпал етуі заңдылық.
Мәдениет сипатына табиғи орта мен климаттық жағдайлардың әсерін Гегель, Кант, Гердер, Дидро, Руссо, Декарт сынды ойшылдар да өз еңбектерінде атап өткен.
Шаруашылық түрі
Адамзат тарихында орын алған егіншілік пен мал шаруашылығы мәдениеттің өзіндік келбетін қалыптастырушы факторлар болды. Егін шаруашылығы отырықшылықты қажет етсе, мал шаруашылығы көшпелі өмір салтын ұстануды талап етті. Малын азықпен қамтамасыз ету мақсатында тың жайылымы бар жерлерге кезеңмен көшіп отыруды қажет етті.
Тұрғын үй. Мал шаруашылығымен айналысқан халықтар өз тұрғын үйлерінің құрылымын көшпелі өмір салтының ыңғайына қарай бейімдеуі қалыпты жағдай. Мысалы, киіз үй – жайылымнан жайылымға көшу кезінде жинауға және тасымалдауға ыңғайлы әрі қолайлы. Жиналмалы киіз үй, көшпелі өмір салтын ұстанатын қоғамның қажеттіліктерін толығынан қанағаттандырды деуге болады [3].
Киім, тағам. Дәстүрлі мәдениеттің маңызды элементтерінің бірі – киім. Ол этникалық топтың дүниетанымы туралы да ақпарат бере алады. Сондай-ақ, қандайда бір мәдениет өкілдерінің айналысқан шаруашылығы, олардың дәстүрлі киім үлгісі мен пайдаланған материалдарына тікелей байланысты. Сонымен қатар, тағам мәзірінің басым бөлігі өз шаруашылығының өнімдерінен құралады. Яғни, мал шаруашылығымен айналысқан халықтардың ұлттық тағамдары ет, сүт өнімдерінен, ал егіншілікпен айналысқан халықтардың ас мәзірі дәнді-дақылдар мен көкөністерден тұруы заңдылық.
Діни ұстаным
Әдетте, дін тілдік қорға, дүниетанымға, құндылықтарға, мінез-құлыққа, киім үлгісі, тамақтану талаптарына, өнеріне өзіндік өзгерістер енгізеді. Адамзат тарихына көз жүгіртер болсақ, мәдениеттің өзіндік келбетінің қалыптасуына діни фактор айтарлықтай із қалдырғанын аңғаруға болады.
Айталық, географиялық аймағы да, этникалық шығу тегі де бір халықтардың мәдениеттеріндегі ерекшеліктер сол халықтардың ұстанған діндеріне тікелей байланысты болатыны туралы деректер жетерлік.
Тарихи процестер
Мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі – тарихи процесс. Әртүрлі тарихи процестер, мәдениеттің өзіндік келбетінің қалыптасуына әсер етіп отырған. Мәдениеттердің өзара әсер етуі арқылы, бір халықтың екінші халықтың мәдениетін тұтастай немесе оның бір бөлігін қабылдауы мүмкін.
Көрнекті ағартушылар – Вольтер, Гердер, Дидро, Монтескье, Ж. Руссо адамзаттың мәдени-тарихи бірлігі, мәдениеттің қоғамдық-тарихи процестегі рөлі туралы идеяларды өз еңбектерінде кеңінен талқылаған [4].
Тарихи қалыптасқан мәдени алуантүрлілік – адамзаттың ортақ мұрасы екенін әсте естен шығармаған абзал. Әр мәдениетке тән өзіндік ерекшеліктер, басқа мәдени ортаны толықтырып жаңартып, байытып отыратыны аян. Алайда, географиялық орта, шаруашылық түрі, діни ұстанымы мен тарихи процестер негізінде қалыптасқан мәдени алуантүрлілікті толеранттық таныту арқылы қабылдау, бейбіт және тұрақты дамуға апаратын өркениетті жол болып қала бермек.
С. ӘЛІМҚҰЛОВА,
Н. Назарбаев орталығы
Әдістемелік жұмыс бөлімінің
жетекші сарапшысы
- Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера земли. М.: Изд-во «Мишель и К.», 1993, -56 б.
- Небесное захоронение в Тибете и другие похоронные практики.
- Кок// Казахстан. Национальная энциклопедия. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2005. – Т. III. – ISBN 9965-9746-4-0.
- Л. А. Кленов, Е. В. Попова. Культурология. Екатеринбург: ГОУ ВПО. 2009. -12 б.