– Мақсат Аралбайұлы, әдетте діни ахуалды тұрақты деп бағалап жатамыз. Жалпы, тұрақтылықты сақтау мақсатында нақты қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша дін саласындағы жергілікті мемлекеттік саясат мәселелерінің барлық бағыты «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының» және ҚР діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде қарқынды іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Басқарма облыста азаматтардың діни сенім бостандығын қамтамасыз ету бағытында, діни бірлестіктер арасындағы өзара түсіністікті, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, төзімділікті нығайту, олардың мемлекетпен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында бірнеше бағыттар бойынша жұмыс жасап келеді: біріншіден, жалпы облысымыздағы діни бірлестіктер қызметіне мониторинг жүргізіп сараптама жасау, екіншіден, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы облыс тұрғындарын ақпараттандыру, үшіншіден, оңалту жұмыстары, төртіншіден, дін саласына қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасының орындалуын қадағалайды.
Сонымен қатар, Басқарма діни экстремизмнің алдын алу жөніндегі мәселелерді, деструктивті радикалды идеологияның ықпалына түскен азаматтарды оңалтумен айналысады.
Еліміздегі маңызды шаралардың бірі, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтің тапсырмасы бойынша қақтығыс аймақтарынан гуманитарлық «Жусан» операциясы арқылы еліне қайтарылған деструктивтік діни ағымды ұстанатын тұлғаларды оңалту, қоғамға бейімдеу және әлеуметтік қолдау жөнінде жұмыстар әлі күнге дейін жалғасуда.
– Дінге бет бұрған жастар зайырлылық ұғымын әлі де болса дұрыс түсінбей жүрген секілді. Зайырлы ұстанымды халыққа қалай түсіндіріп жүрсіздер?
– Қазіргі қоғамның басым бөлігінде діни қызметтегі ұстамдылық пен зайырлылық қағидаттарының айырмашылығын түсіну қажеттілігі тұр. Қоғамның кейбір бөлігі қателесіп, зайырлылықты атеизм деп ұғынуда.
Осы ретте, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының құрамына зайырлы көзқарасты түсіндіруге қоғам қайраткерлері мен еңбек ардагерлері қосылуда, ал дін саласының қызметкерлері деструктивті діни көзқарастағы тұлғаларды байыпты көзқарасқа, кейіннен дәстүрлі діни ортаға және қазақстандық қоғамдық құндылықтарға бейімдеу мақсатында түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану жұмыстары нәтижелі атқарылуда.
– Қазір жалпы қоғамның, әсіресе жастардың дінге деген қызығушылығы артпаса, кеміген емес. Бұл үдеріс ешқандай қауіп туғызбай ма?
– Қазіргі кезде жастардың дінге қатынасы Қазақстанда да, сол секілді бүкіл әлем бойынша да басымдылыққа айналды.
Жалпы өңір жастарының діншілдік деңгейін айта кетсек, жастармен жүргізілген әлеуметтік сұхбат барысында жастардың 64%-ы «Дінге сенушімін, бірақ діни рәсімдерге қатыспаймын» деген жауабын таңдаған.
Сонымен қатар, зерттеу барысында жастар арасында дін ұстанатындардың үлесі 23%-ды құрайтындығы анықталды. Сауалнамаға қатысқан жастардың 1%-ы дінге бейтарап қараймыз деп жауап берген.
Қазіргі заманғы діни ахуалда радикалды діни ұйымдардың пайда болуы мен күшеюі – дәстүрлі емес дінге табынушылық әрекеттердің жастар арасында орын алуы қауіпті құбылыс.
Осы ретте жастар діндарлық пен діншілдіктің аражігін ажырата білуі қажет.
Бұл жайттардың алдын алу үшін жастардың діни бағыттағы құқықтық сауатын арттыру қажет, нәтижесінде жас ұрпақ діни тұрғыдан дұрыс көзқарасының қалыптасып, деструктивті діни ағымдардың арбауына ермей, еліміздің салт-дәстүрін сақтау арқылы сауатты да салауатты қоғам қалыптасады.
– Жігері жасып, түзу жолдан адасып жүрген жастарға сіздер нақты қандай көмек бере аласыздар?
– Қазақстанның зайырлылық қағидасына сай дін таңдау – әр адамның өз еркінде. Осы еркіндікті дұрыс түсінбейтін жастардың теріс ағымдардың ықпалына түсіп жатқанын айтпай кетуге болмайды. Діни білімі таяз жастар діннің не екенін, оның мақсатының қандай екенін жете түсінбегендіктен де осындай қателіктерге ұрынуда. Әлі оң мен солын танымаған, жақсылық пен жамандықты ажырата алмайтын жастарды теріс ағым өкілдері арам пиғылдарына пайдалануда. Мұндай жандарға нақты көмек ретінде:
Біріншіден, дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанушы тұлғалардың бағытын анықтау мақсатында жекелей кездесулер ұйымдастыру. Әрбір жеке кездесуде жат ағым өкілдерінің діни идеологиялық, әлеуметтік, психологиялық, материалдық, физиологиялық ерекшеліктеріне назар аудару.
Екіншіден, діни білімін арттыру мақсатында дәрістер өткізу. Дәстүрлі бағыттағы еңбектерді ұсыну, дұрыс бағыттағы діни білімді кімнен және қайдан алу керектігіне нұсқаулық көрсету.
Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық іс-шараларға белсене араластыру және бейресми орындарда түрлі форматта жалпы кездесулер ұйымдастыру шаралар өз жалғасын табуда.
– Осы ретте жастарымыздың санасына ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерімізді қалай сіңіруге болады?
– Ғалымдарымыз өткен тарихымызға көз жүгіртсек қазақ халқының ұлт және мемлекет болып қалыптасуына ислам дінінің әсері болғанын айтады. Өйткені, ислам діні қоғамда әділдік пен тыныштықтың болуын көздейді, сол себептен қазақ топырағында мекендеген халықтың рухани өзегі мен мәдениетінің қалыптасуына әсері болды. Қазақ халқының бүкіл әдеп-ғұрыпы мен салт-дәстүрлері исламдық қағидалармен біте қайнасқан.
Өз кезегінде қазір белсенді жастар мен елдің ортасындағы абыройлы ардагерлерді арнайы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесіне қабылдап, мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында ұлттық құндылықтар мен дәстүрді дәріптеу бағытында түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.
Сонымен қатар, қазіргі заман талабына сай жастар арасында әлеуметтік желілер арқылы белсенді түрде видеороликтер, демотиваторлар жасақталып таратылуда. Аталмыш материалдар еліміздің ұлттық құндылықтарымен сабақтастырылып дәстүрімізді жастарға сіңіруде ықпал етіп келеді.
– Халықтың діни санасының дұрыс қалыптасуына әсер етіп отырған мамандарыңыздың біліктілік деңгейі қаншалықты жоғары?
– Басқарма 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан дін саласындағы өңірлік уәкілетті орган ретінде қалыптасты. Құрылған сәттен бастап қазіргі уақытқа дейін дін мәселелерімен айналысатын мамандар, дінтанушылар және теологтар жұмыс істейді.
Қазіргі таңда облысымыздың 12 ауданның 8-і теолог мамандармен қамтылған. Жалпы облыста 17 теолог маман мемлекеттік бағдарлама шеңберіңде деструктивті діни ағым жетегіндегі халықты оңалту жұмыстарымен тығыз жұмыстанып, халыққа дінді дұрыс бағытта түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жоспарға сай жүргізуде.
Ислам атын жамылған деструктивті және радикалды діни идеологияның жақтастарын оңалту саласындағы мамандарды санаттау критерийлеріне сәйкес 1 категориялы – 6 маман, 2 категориялы – 2 маман, 3 категориялы – 9 маман бар. Яғни 1 категориялы магистр білімі бар және зайырлы қосымша жоғары білімі бар, 2 категориялы жоғары білімі бар, 3 категориялы діни бағыттағы арнайы оқу орындарын тәмамдағандар жатады. Мамандар бірнеше шет тілдерін (орыс, араб, ағылшын, түрік және т.б.) меңгерген, еңбек өтілдеріне сәйкес санаттарға бөлінген.
Сонымен қатар, БҚО дін істері басқармасы биыл тамыз айында өңірдегі деструктивті діни ағымдармен оңалту және профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді жандандыруға ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілдігімен бірлесіп 5 (бес) білікті маманның («Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің түлектері) облысқа келуіне мұрындық болды. Қазіргі таңда аталмыш қызметкерлер облыстық және қалалық мешіттерде теріс діни ағымдардың уағызына уланған жамағаттар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
2019-2020 жылғы оқу жылында «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетіне 7 талапкер оқуға түсті. Аталған университетте өңіріміздің 47 азаматы білім алуда.
Отандық теологиялық оқу орындарында мамандарды даярлау жұмыстары негізінде 2020 жылы өңірге 25 исламтанушы, дінтанушы, теолог мамандар (соның ішінде Нұр-Мүбарак университетінен 8 студент) оқуларын бітіріп, облысқа келу жоспарлануда. Оларды діни мамандарға тапшы аудандар мен елді-мекендерге жұмысқа орналастыру көзделуде.
– Облыстағы діни ахуалға берер бағаңыз қандай? Жалпы Ақжайық өңірі дін мен ділін қаншалықты сақтаған?
– Батыс-Қазақстан облысы бойынша діни ахуал «тұрақты» деңгейде деп белгілеуге болады. Облыс бойынша жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының 79% өздерін мұсылман санайды. Сұхбаткерлердің 11%-ы христиан дінін, оның ішінде православиені ұстанады. Қалған сұхбаткерлер құдайға сенеміз, бірақ өздерін ешқандай дінге жатқызбайтынын жазған.
Соңғы жылдары қоғамда әсіресе жастар арасында дінге бет бұру жиелеуде. Әсіресе әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан жастар арасында жоғары.
Сондай-ақ, діни ілімнен хабарсыз кейбір азаматтар деструктивті діни ағымдардың әсеріне оңай ұшырау қатері басым.
Бұл бағытта әлеуметтік аз қамтылған отбасыларынан шыққан жастарға ақысыз демалыс ұйымдастыруға аса назар аудару, өңірде жастардың жұмыссыздық деңгейін бақылау, бүкіл тұрғындардың өмір деңгейін арттыру бағытында тиісті мекемелермен бірлесіп жұмыстар жасалуда.
– Сұхбатыңызға рахмет. Қызметтеріңізге сәттілік тілеймін!