Сұрақ: Мұсылманның бауыры, ағайын-туысқаны өзге дін өкілі болса не істеу керек?
Жауап: Ислам мұсылман адамға оның бауыры мен жақындары қандай дін өкілі болса да қатынасты үзбеуге бұйырады. Қоғамдағы кейбір жастардың білмеушілікке салынып, өзінің ата-анасының, бауырларының намаз оқымайтынын айтып, олармен қатынастарын үзгендері туралы айтып жатады. Ислам қандай жағдай болса да туыстық қатынастқа берік болуды бұйырады.
«Туыстық қатынасты үзген адам жәннатқа кірмейді», – деп пайғамбар (с.ғ.с.) адамдарды туыстық қатынасқа қатты мән берулеріне шақырған.
Мысалы, Медине шаһарына алғашқы мұсылмандар келген кездегі адамдардың исламға құштарлығының күшті болғаны сонша, олар өз дүние-мүліктерін туған бауырларына емес, діндес және рухани бауырларына қалдыра бастайды. Сонда Алла тағала адам үшін ең жақыны оның қандас бауыры екені туралы аят түсіреді:
«Алланың Кітабында туысқандар бір-біріне мүміндерден де, мұһажірлерден де (мираста) жақын. Бірақ достарыңа (мүміндерге) қамқорлық жасауларыңа болады» (33: 6).
Осылайша ислам мұсылман адамның туған-туыспен, ағайын-бауырмен қатынасын үзбеуі тиістігін айтады. Алланың алдындағы мұсылманның міндетіне қатысты Маймұн ибн Михран риуаятында пайғамбардың (с.ғ.с.) мына хадисін айтқан:
«Үш нәрседе мұсылман да, кәпір де бірдей: Кімге уәде берген болсаң, мұсылман болса да, кәпір болса да уәдеңде тұр. Өйткені, уәде Алла тағала үшін. Кімнің туысы болса, мұсылман болса да, кәпір болса да туыстық қатынаста болсын. Кім саған аманатын сеніп тапсырса, мұсылман болса да, кәпір болса да, аманатын қайтар».
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ