Күндердің күнінде мұсылмандар мен мүшріктердің арасында Бәдір қақтығысы болады. Нәтижесінде мұсылмандардың қолына Абу Азиз деген мүшрік тұтқынға алынады. Ол Мусаб ибн Умайыр деген тақуа сахабаның бауыры болатын. Мұсылмандар қолға түскен тұтқындарды жинап, Мәдина халқына қызметші ретінде әр үйге бөліп береді. Абу Азиз бір кедей отбасына түседі. Отбасы мүшелері Абу Азизге балаларды оқып, жазуға үйретуге өтініш жасайды. Күнде үйдің отағасы тапқан табысына жеміс-жидек алып балаларын оқытып жатқан Абу Азиздің еңбекақысы ретінде беріп отырады. Ал, өздері қара нан мен кепкен құрманы қанағат тұтады. Осылай біраз күн жалғасады. Арада біраз уақыт өтіп Абу Азиз ынғайсызданып, үйдің иесіне келіп:
– Сіздер маған жеміс-жидек беріп, өздеріңіз су, құрмамен шектелгендеріңіз қалай? Бұдан былай жеміс-жидекті балаларға берейік, – дейді. Бірақ, үй иесі оған:
– Жоқ, біз олай жасай алмаймыз, дейді.
– Неге? – деп сұрайды Абу Азиз таңдана. Сонда үй иесі:
– Бізге Алланың елшісі (с.ғ.с.) тұтқындарға құрмет көрсетуді бұйырған, – деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы