90-жылдардың аяғы. Мемлекеттік оқу орындарында грант саны аз. Бірақ, сол уақытта ашыла бастаған жеке меншік университеттерде ақылы түрде оқуға болатын. Әрине, бұл білім сапасына белгілі дәрежеде әсер етті. Сол кездегі біздің санамызда көлік жөндеу, сантехник болу немесе темір ұстасы, малшы, етікші және қарапайым электрик боп кету намыс сияқты көрінетін. Сондықтан, шама келсе де, келмесе де оқуға лап беретін.
Ата-ана да баланың көңілін қимай, қорадағы малды сатып болсын оқытатын. Ағайын арасында пәленшенің баласы оқуға түсе алмай қалыпты деген ұят сияқты еді. Жағдайы бар жастардың дені заңгер, қаржыгер, полиция немесе теміржолшы сияқты мамандыққа тапсырып жатты. Орта деңгейдегі абитуриенттер мұғалімдікке әрекет етті.
Оқу бітірген соң заңгерлік пен қаржыгерлік сияқты бәсекелестік жоғары сала бойынша жұмыс табуы өте қиынға соқты. Бәсекелестіктің болуы заңды құбылыс еді. Өйткені, әр университетте дерлік аталмыш біліктілікті даярлаумен айналысты. Нәтижеде, қажеттен тыс заңгер және қаржыгерлер көбейіп кетті. Мұғалімдікке оқыған студенттердің де жартысынан көбі басқа саладан нәпақасын тапты.
Әрине, Құдай ешбір пендесін аш қалдырмайды. Десе де, төрт жыл ішпей-жемей балаға деп құйған қаражат жүйесіз және мақсатсыз далаға кетті. Мұның басты себебі ата-ананың мамандық таңдау жайлы балаға бағыт-бағдар бермеуінен болар. 90-жылдарға мұндай құбылыс қалыпты жағдай да шығар.
Бүгінде, жастар басқа. Оқуға бөлінетін грант саны көп. Мамандық таңдауда да мүмкіндіктер мол. Жалпы, мұсылмандықта мамандық жайлы не айтылған? Сол жөнінде бір-екі ауыз ой бөліскенді жөн көрдім.
Ибн Мажа хадис еңбегінде, сахаба Әнас бин Маликтен (р.а.) жеткен хадисте: «Білім алу әрбір мұсылманға – парыз», – деп айтылады. Құранның ең алғашқы пәрмені де – «Оқы!», яғни білімге ден қою жөніндегі алғашқы аят. Аталмыш хадисті жүзеге асыру қоғамның әлеуметтік, экономикалық және рухани дамуына зор серпіліс тудырады. Бұл хадистің мән-мағынасын ғалымдар қоғамда қай ғылым кенжелеп тұрса, қандай салада мамандық жетіспеушілігі байқалса, міне соны игеру парыз дейді.
Тағлим-мутағаллим кітабында: Бір шаһарда Құран маманы қари тапшы болса, жетерлік дәрежеде Құран мамандары шыққанға дейін қала тұрғындарына түгелдей Құран жаттау парыз болады. Ал, дәрігер тапшы қалада, қажетті дәрежеде дәрігер маманы даярланбайынша осы мамандықты игеру баршасының мойнына міндет боп қала береді», – дейді.
Заманауи тілмен айтқанда, мамандық даярлауда ұдайы мониторинг қажет. Мемлекет тарапынан тұрақты сараптама жүргізілуі керек. Сонымен қатар, жастар да «заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегендей уақыт талабына сай саланы игеруге талпынғаны жөн. Мәселен, бүгінгі таңда құрылыс саласы, оның ішінде құрылыс заттарын жасау, жиһаз бен есік-терезе жасау, мал бағу және сүт өнімдерін шығару, көкөніс және жеміс өсіру.
Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп, яғни киім және аяқ киім тігу саласын игеру кезек күттірмейтін мәселе. Міне, осы салалар бойынша өнімнің дені отандық емес. Заманауи технология өндірісінде, атап айтқанда тұрмыстық техника жасау, оны жөндеу бойынша мамандар даярлау да уақыт талабы. Бұл аса табысты салалар.
Исламда білімді дүниелік және ақыреттік деп бөліп жармайды. Тек қана Құран үйренсе ғана сауап алады, ал егін және мал шаруашылығы, техниканы игеру, медицина оқу сауап емес деген тұжырым жоқ.
Мұхаммед Шайбани: «Адам пайғамбар – егінші, Ибраһим пайғамбар – маташы, Нұх және Зәкәрия – ағаш ұстасы, Лұқман мен Ыдырыс – тігінші, ал Мұса – қойшы болғаны риуаяттарда айтылады», – деп құлшылық пен еңбек арасын ажыратуға болмайтындығын жазды.
Демек, ел игілігіне қызмет ететін әрбір мамандықты игеру парыз һәм сауап. М.Әуезовтің: «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім», – деген ойы да осыны аңғартады.
Жоғарыдағы хадис арқылы сараласақ, елімізге қажетті мамандықтар не? Күнделікті тұтынатын азық-түлік, тауарлар мен бұйымдар өндірісін көтеру ауадай қажет. Сапалы отандық өнім ғана бағаны тұрақтандырып, экономиканы қалыпты өсуге алып келеді. Киім мен аяқ киімнің дені алыс-жақын шетелдерден импортталады. Біздің ел мал және егін шаруашылығына өте қолайлы бола тұрса да, сүт өнімі, көкөніс пен жемістің дені шетелдік.
Қазақстан географиясы мен табиғаты ет, сүт өнімін, көкөніс пен жемістерді шетелге экспорттауға мүмкіндік береді. Бұған қауқары да жетеді. Аталмыш салалар бойынша мамандарды қажетті технологиямен жабдықталған оқу орындарында даярлап, соңғы бітіруші курсты өндіріс басында қыр-сырын үйренумен өткізсе. Бұл еліміздің экономикасының дамуына салмақты үлес қосар еді. Әрі, үлкен қалалар маңынан, аймақ ерекшелігін ескере отырып, шаһар типті толықтай мал шаруашылығымен немесе көкөніс пен жеміс өсірумен айналысатын ауылдар болса.
Әуежайда көкөніс өсірумен айналысатын түрік кәсіпкерімен әңгімелесіп қалдым. Саласының хас маманы. Қызанақ және басқа көкөністерді өсіру технологиясын ғылыми толыққанды зерттеген. Заманауи құрал-жабдықтар, өзіндік технология мұның барлығы бар.
Бүгінгі таңда, Өзбекстанда арнайы шақыртумен жылыжайларда қызанақ өсіруді үйретуде. Таза математикалық есепке сүйене отырып қанша өнім алатынын да біледі. Алма және басқа да жеміс ағаштарының көшетін дайындайтын оңтүстік кәсіпкер бастапқы жылдары көршілес өзбектерден үйренгенін айтты. Тіпті, жақсы көшеттерін салып алып жүрген. Мүмкіндік туып, Түркиядағы алмамен айналысатын аймақтарға іссапармен барады. Түрік әріптестерінің бұл саладағы жетістіктеріне тәнті боп келді. Ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, алма бауын еккен түріктердің бірде-бір көшеті қурамай, 4-5 жылда жеміс сала бастайды.
Сонымен қатар, құрылыс заттары, жиһаз және есік-терезе жасауда да елімізде шетелдік фирмалар үлесі көбірек. Бұл саланы да толық меңгеру заман талабы. Отандық сапалы өнімнің көбеюі ел экономикасына демеу болары сөзсіз.
Бүгінде күнделікті тұтынып жүрген заттарымыз бен тауарларымыздың дені импорттық. Мешіт мінберінде білім, мамандық таңдау, отансүйгіштік жайлы уағыздарда және жастармен кездесу барысында осы ойыммен үнемі бөлісіп жүремін.
Мұсылманшылық пен сауап намаз оқумен және садақа берумен шектелмейді. Ең жақсы мұсылманшылық елге қажетті саланың маманы болмақ. Ғалымдар: «Білімнің абзалы – хал білімі, амалдың абзалы – хал амалы», – деген. Хал білім – уақыт талабына сай білім.
Жалпы, мал шаруашылығы, көкөніс пен жеміс өсіру, құрылыс заттары мен жиһаз даярлау, жеңіл текстиль өнеркәсібі саласында оқыған хас мамандар тапшы. Бұл салалар нағыз байлықтың кені. Нағыз сауаптың кені осында.
Ханафи мазхабының іргесін қалаушы Әбу Ханифамен қатар есімі аталатын екі шәкіртінің бірі Мұхаммед бин Хасан Шайбаниден тақуалық жайлы кітап жазбайсыз ба? – деп өтініш жасағанда ғұлама: Сауда-саттық жайлы кітап жазудамын, – деп жауап береді. Ғалымның айтпағы, нағыз тақуалық – сауда-саттық сияқты күнделікті қарым-қатынастағы адалдық. Бұл дегеніңіз намаз бен ораза дұрыс болу үшін ең әуелі адал ас және сауда-саттықта адалдық қажет.
Риуаятта: ерекше құлшылыққа берілген адамды жолдан азғырмақ болғанда шайтан оның ас-суының адалдығына қарайды екен. Егер, тамағы мен жүріс-тұрысы адал болмаса, оны азғырмай өз жөніне жібереді екен. Өйткені, ас адал болмаған жерде құлшылықпен тақуалыққа жету мүмкін емес. Демек сауда-саттық, яғни өндіріс жолға қойылмаған жерде адалдық жайлы сөз айту артық.
Қоғамның әл-ауқатын көтеретін аталмыш кәсіптерді қолға алу және осы салалар бойынша маман даярлау жүйесінің соңғы нүктесі өнім шығарылумен аяқталуы қажет.
Руслан ҚАМБАР