Күндердің күнінде мысырлық Асия есімді қыз Кембридж университетінде білімін шыңдап жүреді. Ол өте зерек әрі құрдастарының арасында оқуда озат болады. Оның киінген орамалы (хижабы) оқу барысында ешкімге кедергі етпейді.
Содан бір күні аталмыш университет тарапынан халықаралық ғылыми бас қосу ұйымдастырылады. Сол басқосуда Асия өзінің медицина саласында анатомияға қатысты ғылыми жаңалығын ғалымдардың алдында паш етеді. Мұны көрген жиын қонақтары мен ғалымдар Асияның зеректігіне тағы бір куә болады. Жиын соңында бір Батыстың ғалымы Асияға келіп:
– Сенің баяндамаңды ұйып тыңдадық. Бәріне жақсы дайындалыпсың. Алайда, менің саған жеке сұрағым бар. Осындай зерек әрі ақылды қыздың орамал тағып алғанын қалай түсінеміз. Сені көшеде біреулер көретін болса осынша білімді деп ойламас. Бұл орта ғасырға тарту емес пе, – тосын сұрақ қояды. Асия кідірместен:
– Тыңдаңыз, адам баласы алғашында жалаңаш болып жаратылғанында дау жоқ. Ол ақыл-өрістің дамуымен уақыт өте сол жалаңаштығын жасырып келген. Ендеше менің өз бойымды осылай жасырып жүруім ол интелекттің, ақылдың ең жоғарғы сатысы деп білемін. Сондықтан ондай көзқарастың өзі ақылдың, интелектің жоқтығын көрсетке керек. Керісінше қазіргі уақытта жалаңаштануды қолдап, әуретті жасыруға тырысқандарға сын білдірген кез келген адам нағыз орта ғасырға тартқан болып саналады, – деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы