Алла Тағала Құран-Кәрімнің «Әли Имран» сүресінде: «Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, қарсылықтан тыятын, сондай-ақ Аллаға сенетін қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар» (Әли-Имран, 110) деп бұйырады.
Алла Тағала бұл илаһи пәрменінде дін ғұламаларына жақсылыққа шақыруды және жамандықтан тыюды міндеттеген. Мұсылман үмбеті Құран және Сүннетті негізге ала отырып, жақсы немесе жаман деп берілген үкімді қабылдауға міндетті. Ал, исламда жақсылыққа бұйырлыған немесе жаманшылықтан тиған үкім «ижтихад» деп аталады.
Ижтихад деп – мұсылман заңгерінің (фақиһ) фиқһ теория-методология шарттарына сай бір мәселеге қатысты жан-жақты ізденіп, үкім кесуін айтамыз. Мұсылман заңгері иждихат жасау үшін араб тілін терең игерумен қатар Құран мен сүннет, ижмағ, қияс және т.б. фиқһ усулінің қағидаларын меңгеруі тиіс. Шариғатта иждихат жасаушы мұсылман заңгері «мужтахид» деп аталады.
Исламдағы фиқһ ғылымында да маманның дәрежесін белгілейтін мәртебелер бар. Әрбір мәртебе фиқһ ғалымының білім деңгейін білдіреді. Фиқһ ғылымында мужтахидтер мынадай санаттарға бөлінеді:
Бірінші, мүжтахид фи шәрғ: Бұл абсолютті мүжтахид болған ғұламалардың мәртебесі. Аталмыш мәртебедегі ғұламалар Құран, сүннет, ижмағ және қияс атты әдіснама негізінде фиқһ қағидаларын анықтап, сол қағидалар бойынша үкім айтады. Имам Ағзам, Имам Шафиғи, Имам Ахмад ибн Ханбал және Имам Малик сынды мазһаб ғалымдары осы мәртебедегі мүжтахидтер болып саналады.
Екінші, мүжтахид фи мазһаб: Бұл мәртебедегілер тек мазһабта ғана мүжтахид болған ғалымдар. Яғни, бұл дәрежедегілер үкім шығаруда жаңа қағидалар мен фиқһ тәсілдерін шығармады. Бірақ, мәзһаб имамдары қойған төрт дәлелмен үкім шығарады. Имам Абу Юсуф, Имам Мұхаммед және сол тақылетті ғалымдар осы санатқа жатады.
Үшінші, мүжтахид фил мәсаил: Бұл санаттағы ғұламалар кейбір мәселелерде ғана ижтихад жасай алады. Олар мәзһаб имамдарының ізімен жүріп отырып, үкімі жоқ мәселелерде ғана мәзһаб қағидалары негізінде ижтихад жасайды. Имам Тахауй, Ахмет бин Омар, Имам Сарахси және сол секілді танымал ғұламалар осы санатқа жатады.
Бұл санаттағы ғұламалар ижтихад жасалмаған мәселелерде иждихатты мазһаб имамдарының белгілеп берген құралдардың негізінде жасайды. Көріп байқағаныңыздай, Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) заманынан бастап, одан кейінгі берілген үкімдердің бір-біріне қайшы келмеуінің сыры осында жатыр.
Төртінші, асхаб тахриж: Бұл мәртебедегі ғалымдар ижтихад жасай алмайды. Бірақ, мүжтахидтердің қысқа және мағынасы түсіндірілмеген үкімдерін таратып, түсіндіріп бере алады. Яғни, дәлелдерден үкім шығара алатын мәртебедегі ғұламалар. Мысалы, «Әл-Жассас» лақабына ие Әбу Бәкір Ахмет бин Әли әр-Рази осы санаттағы ғұламаға жатады.
Бесінші, асхабы таржих: Бұл мәртебедегілер мүжтахидтерден келген бірнеше риуаяттың бірін үкім ретінде таңдай алады. Оларды – «муқаллид» деп атайды. Мукаллид деген – таклид (еру, еліктеу) деген сөзден шығады. «Асхаб-и Таржих» мәртебесіндегі ғұламалар фиқһ мәселесіне иждихад жасамайды. Олар мазһаб ғалымдарына таклид жасай отырып, олардың иждихадтарымен амал етеді. «Асхаб-и Таржих» мәртебесіндегі ғұламалар бір мәселе бойынша жасалған бірнеше иждихадтың бірін таңдай біледі. Яғни, бір мәселе бойынша бірнеше үкім бар болса, олар үкімдердің бірін таңдап, сонымен амал жасай алады.
Алтыншы, асхаб тәмиз: Бұл мәртебедегі ғалымдар да мазһаб имамына бағынады. Олардың ерекшелігі – бір мәселе бойынша келтірілген көп дәлелдердің дәрежесін біле отырып, оларды кезегімен жаза алады. Асхаб Тәмиз мәртебесіндегі ғұламалардың кітаптарында тәрк етілген немесе тәрк етілетін риуаят болмайды.
Жетінші, асхабы пәтуа: Бұл мәртебедегі ғұламалар үкімдердің қуаттысы мен әлсізін, «заһирур-риуая» мен «надирур-риуая» дәрежесін ажырата алады. Аталмыш мәртебедегі ғұламалар оқыған фиқһ еңбектерін өте жақсы түсініп, өзгелер түсінбеген құқықтық мәселелерді таратып түсіндіре алады.
Ғалым Омар Насухи «Құқық исламие уа истилахты фйқһи камус» деп аталатын кітабында, мүжтахидтердің бұл жеті мәртебесін жазып, атақты Ибн Абидинді осы жетінші мәртебедегі ғұлама деп көрсеткен.
Хижра жыл санауы бойынша ІХ ғасырда өмір сүрген Ханафи мазһабының ұлы ғұламаларынан бірі – хазіреті Ибн Абидин әрбір томы тоғыз жүз беттен тұратын алты томдық «Раддул Мухтар» атты кітап жазған еді.
Бүгінгі күнгі Ханафи мәзһабы фиқһшыларының негізгі кітабы – «Раддул Мухтарды» жазған, ІХ ғасырдың ең үлкен ғалымдарының бірі – хазіреті Ибн Абидин тек муқаллид дәрежесіндегі ғалым болған еді. Ол ижтихад жасамаған және фиқһ мәселесінде Имам Ағзам Әбу Ханифаға таклид жасап, оның шығарған үкімдеріне бойынсұнған.
Алла Тағала иждихат жасауды тек ерекше зейінді ғұламалардың пешенесіне жазған. Олар ғана дін мәселесінде ақ пен қараны ажыратып бере алады. Егер, діни үкімді муждахиттер емес, қалың бұқараның өзі беруі керек болса, онда үмбетке дүние ісін тәрк етіп, тек ғылыммен шұғылдануға тура келетін еді. Сол себепті, шариғатта иждихатты «мужтахид фи шарғ», «мужтахид фи мазһаб», «мужтахид фил масайл» мәртебесіндегі муждахиттер ғана жасайды. Ал, қалың бұқара ұстанған мәзһабына қарай өз мужтахидтерінің үкімдеріне мойынсұнады. Бұл туралы Имам Ғазали (р.а): «Мүжтаһид емес адам, бір мәзһаб имамына еруі керек. Муқаллидтің, яғни Құран Кәрімнен және хадистен үкім шығара алмайтын жанның бір мазһабты ұстанбауы және имамның ижтиһадына мойынсұнбауы жайыз емес», деген.
Мұхан ИСАХАН,
исламтанушы