Күндердің күнінде бір қалада анасының жалғыз баласы болыпты. Анасы оны күнде таң намазы кірмес бұрын тәхәжжуд намазына тұрғызады екен. Бұл күнде жалғаса бергесін баласы анасына келіп:
– Анашым! Мен бүгін демалайын, намазға тұрмаймын, – деп оятпауын сұрайды. Сонда анасы бұл қосымша намаздың сауабы мол екенін айтып, баласына оқуды жалғастыруды айтып бақты. Баласы үйден шығып Имам Ахметке барады: Имамның үйіне келіп:
– Құрметті Имам, менің анам күнде тәхәжжуд намазына тұрғызады. Мен енді сол намазды оқымай демалсам бола ма? Арада шамалы үзіліс жасасам қайтеді? – деп сұрайды. Сонда Имам:
– Мұсылман үшін бұл өмір – демалатын орын емес. Берілген қысқа ғана ғұмырда жақсы мен жаман да, өкініш пен қуаныш та қатар болады. Бұл басымыз көрге барғанша жалғасады. Мұсылман үшін нағыз демалыс ол жәннәтта болмақ. Анаң сені сол шынайы демалатын жәннәтқа кірсін деп тырысып жатқан екен. Оның көңілін қалдырма! – деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы