Жаһандану жағдайында еліміздің ұлттық және мемлекеттік бірегейлігін сақтау үшін өзіміздің ұлттық болмысымыз бен төлтума мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды танып білу – өмір талабы. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн екені туралы ойын ашық айтты. Мұндағы халық руханияты бастауларының бірі – қазақтың тарихи және мәдени қалыптасқан діні – Ислам.
Ислам, әлемдік дін ретінде қазақ халқының өмірі мен салт-дәстүрімен үйлесімін тапты. Бұл халқымыздың ділі мен тілінде, мінез-құлқында және салты мен әдет-ғұрпында айшықталады. Дін Ислам жәй ғана сенім емес, бұл – қоғам мүшелерін бейтшілік пен тұрақтылыққа шақырып, мұсылмандарды білім алуға міндеттейді. Мысалы, Құранда 114 сүре бар. Бұлардың әрқайсысы белгілі оқиғаға және заманға байланысты рет-ретімен түсіп отырды. Осы сүрелердің ішінен алғаш болып Мекке шаһарында «Алақ» сүресі түсті. Бұл сүре 19 аяттан тұрады. Бұлардың ішінде бастаушы аят бар. Осы бірінші аяттың алғашқы сөзі: «Оқы!», – деп басталады. Басқаша айтқанда, Құранның адам баласына түсірген бірінші сөзі – «Оқы!». Адам оқып, көзі ашылады. Айналасын танып, оларға құрмет көрсетеді.
Ия, бұл сөз бұйрық райында келген. Сөйтіп, адам үшін білім алудың парыз екенін білдіріп тұр. Сондықтан да Ислам – білімсіз адамды қараңғы, надан адаммен теңейді. Әдетте, халқымыз дөрекі, әдепсіз қылық жасаған адамға: «Көргенсіз. Оқымағыны көрініп тұр», – деп айтады. Сол үшін Құранда: «Раббым, білімімді арттыр!», – деп айт деген аят бар (Таһа: 114). Келесі аятта «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?» – деп білім иелерін ардақтайды (Зумар: 9).
Расында да егер тарих қойнауына назар салар болсақ, Исламда ғалымның мәртебесі өте жоғары екенін көресіз. Ертеде ғалымдар бойындағы білімінің құрметі үшін патша сарайында тұратын болған. Сол сияқты патша кеңес алу үшін ғалымның алдына өзі келетін еді. Әбу Асуад есімді мұсылман ғалымы бұған қатысты былай деген екен: «Ғылымнан асқан азиз нәрсе жоқ. Патшалар адамдарға билік жүргізсе, ғалымдар патшаларға билік қылады». Мұндағы ғалымның айтпағы ғалымның алдында патшалардың өзі бас иіп, кеңес сұрап келеді. Оларды мұндай мәртебеге жеткізген оның мал-дүниесі емес, шыққан тегі де емес, бәлкім – бойындағы ғылымы.
Мұсылманды білім ізденуге жігерлендіретін аят-хадистер жетерлік. Солардың бірі мына хадис болмақ:
«Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы және жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та, Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді!» (Термези).
Әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Хальдун, Идриси, әл-Бируни, әл-Хорезми, Ибн Батут, әл-Баттани, Джабир ибн Афләх, әр-Рази, әл-Ғазали сияқты т.б. көптеген ғалымдарымыздың білім жолына түсуіне осындай аят-хадистердің себеп болғаны анық. Өйткені, адам баласын білімге жігерлендіретін аят-хадистер жетіп жатыр. Сондықтан да сол дәуірлер де ғылым тілі – араб тілі, ал патшалардың билік қылған заңы білімге негізделген – Ислам құқығы болған.
Батыс шіркеуі жаратылыстану, медицина, астрономия, химия сияқты т.б. ғылымдарға тиым салып, ғалымдарға қарсы инквизиция жариялап, оларды зынданға атып, отқа лақтырып, өлтіріп жатты. Мұсылман әлемі, керісінше, ғылымды көтеріп, ғалымдарды марапаттады. Ғалымдар мен аудармашылар ғылымға жігерлендіру үшін олардың жазған немесе өзге тілден аударған кітаптарының салмағына тең күміс дирхемдер берді. Міне, осындай уақытта мұсылман ғалымдарының шоқтығы бірінен-бірі асып жатты. Әрине, олар әлем ғылымына баға жетпес үлес қосты. Бұл ірі тұлғалы ғалымдардың әрбірі туралы томдаған шығармалар жазуға болады.
Келесі мәселе, Ислам – ешқашан әйел құқығын шектемеген. Тіпті, әйел кісілерден білім үйренуді талап етіп, оған ерекше көңіл бөлген. Бұл жөнінде Пайғамбар (с.ғ.с.): «Білім алу әрбір мұсылман ер кісіге де, әйелге де парыз», – деп білім ізденудің әйелдерге де тиісті екенін айтқан. Ислам тарихында пайғамбардың (с.ғ.с.) әйелдерге арнайы бір күнді белгілеп, оларға Исламдағы әйел құқығын, әйелдің отбасындағы міндеттері сияқты т.б. мәселелер бойынша дәріс бергені мәлім. Кейінірек осы мақсатта, өмірлік жары Айша анамызды әйелдер үшін арнайы ұстаз етіп тағайындайды.
Көрнекті ортағасыр ғалымы, Әбу Хамид әл-Ғазали өзінің «Ихя-у Улум әд-Дин» (Дін туралы білімдердің жандануы) атты белгілі V томдық шығармасында сахаба Мұғаз ибн Жәбәлдің тағылым беру мен үйрену турасында мынадай сөзін келтіреді: «Ғылым үйреніңіздер! Рас, Алла үшін ғылым үйрену – тақуалық. Оны талап ету – құлшылық. Ғылымды оқу –Алланы зікір ету, ғылымды іздеу – жиһад, ғылымды білмейтін адамға үйрету – садақа беру, ғылымды лайық адамға беру – Аллаға жақындау. Ғылым жалғыздық кездегі – жаныңдағы серігің, достықтағы жолдасың, қуаныш пен қайғы кезіңдегі ортағың, қиын қыстаудағы демеушің, жат жерде жүргенде – бауырың, жаннат жолындағы шам шырақ. Алла ғылымның арқасында пендесін – елді өсіретін, басқаларды соңынан ерітетін басшы, дұрыс жолды көрсетуші мырза етеді».
Сөзімізді түйіндер болсақ, Ислам – ғылымды үйреткен ұстазды да, оны үйренген шәкіртті де құрметтеп сыйлайды. Білім алу барлығымызға парыз. Тіпті ортағасырда «Ұстаз және шәкірт» теориясы дамып, кең тарады. Себебі, білімі жоқ адам тура жолдан тез таяды. Ондай адам көрінгеннің шоқпарына айналады. Бүгінде Ислам атын жамылған түрлі ағымдарға кіріп кетіп жатқан іні-қарындастарымызды көріп отырмыз. Ертеде бір дана: «Ақыл топырақ, топыраққа не ексең сол шығады», – деп айтқан екен. Егер білімсізге ойы арам адам жолығып, жақсыны жаман, ал жаманды жақсы етіп үйретсе, онда ол дүниені солай түсінеді. Мұндай адамға «ұстазы» нені ақ десе, сол ақ, нені қара деп айтса сол – қара болып қалады. Мұнан соң бала не әке-шешенің тілін алмайды, не ағайын-туысты тыңдамайды, не имамның сөзіне де құлақ аспайтын болып шығады.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап, бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым – сол үшеуінің жолын білмек, –
деп дана Абай да ғылымның мәртебесін көрсетіп отыр. Олай болса ғылым үйреніп, біліп алып келешегімізді жарық қылайық.
Жалғас Сандыбаев,
ф.ғ.к., дінтанушы