Сұрақ: Мұсылман отбасы несімен ерекшеленеді?
Жауап: Негізінде ерекшелік дегеніміз бір көрсеткіш, индикатор. Адам өзінің бойындағы осындай көрсеткіші, ерекшелігі арқылы басқалардан дараланады. Сол сияқты мұсылман отбасы да басқа отбасынан осындай ерекшелігімен даралануы тиіс.
Ер азамат өзінің шаңырағын көтергеннен кейін – отағасы. Әрбір отаға өз отбасының үлгілі болғанын қалайды. Мұсылман отбасының ерекшелігі де – имандылық. Жанұяның иманды болуы өте маңызды. Әсіресе, жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлардың өмір қиындықтарымен күресіп, отбасының бірбүтін болып қалуы және арадағы татулық пен сүйіспеншіліктің үздіксіз жалғасуы иманға байланысты.
Бұған қоса иманды үйде бауырмашылдық, қанағатшылдық, сабырлық пен ұстамшылдық сияқты ізгі қасиеттер өмір сүреді. Алла тағала Құранда иманды отбасына мынадай сыйлық әзірлегенін айтады:
«Ер немесе әйелден қайсысы иман келтірген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз», (Нахыл: 97).
Суһайб әр-Руми (р.а.): «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Мүміннің ісі ғажап! Расында оның барлық ісі жақсылық. Бұл – мүміннен басқа (пендеге) тән емес. Егер ол қуанышқа бөленсе, шүкірлік қылады. Сол үшін оған жақсылық (болмақ). Егер ол зияндыққа тап болса, сабырлық танытады. Сол үшін оған сауап жазылады», – деп айтты» деген риуаятты келтіреді (Муслим).
Иманды адамның белгісі оның өзіне қандай игілікті қаласа, басқаға да соны қалауы. Өзіне не ұнамаса, басқаға да соны ұнатпауы болып табылады.
Мұсылман отбасындағы мүшелердің әрбірі осындай күй кешеді, яғни өзіне жақсылық қалағаны сияқты басқаға да жақсылық қалайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «…өзіңе нені қаласаң, адамдарға да соны қалағайсың (сонда) сен мұсылман боласың», – деп айтқан (Термизи). Осындай иманды отбасымен араласқан көршілер де риза болып, адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен бауырластығы нығаяды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ