Некелі отбасы болғандықтан, бұл шаңыраққа бақыт келеді. Ал отбасылық бақыт – алдымен осы ерлі-зайыптылардың өздеріне байланысты. Бақыт екі жастың қолында. Отбасылық бақытты бал жасайтын екі араға ұқсатуға болады. Себебі, бұл аралар қаншалықты еңбек қылса, балдың мөлшері де соншалықты арта түседі. Көптеген адамдар отбасылық бақытты армандап, оның қайда кеткенін іздейді. Үйдегі береке мен татулықты арман етеді. Оларды қалай қайтарып алуға болады? деген сияқты сұрақтармен әлек болады.
Ол үшін басты шарт – арада махаббат, сүйіспеншілік, бір-біріне деген құрмет болуы тиіс. Алайда бұл айтылып отырған махаббат – жарқ етіп пайда болып кейін қайта өшіп қалатын әуестік, нәпсіні қандыру сияқты уақытша махаббат емес, рухани үйлесімділік пен жоғарғы сезімді нәзік махаббат. Алла тағала Құранда:
«Сендердің өз табиғаттарыңа үйлестіріп (өз қастарыңнан)әйел жынысын жаратқаны да, оларға тіршілік ләззатіетіп, сүйіспеншілік, мейірім бергені де ұлылықтың белгісі», – деп хабар берген (Рум: 21).
Сондықтан отбасылық бақытқа жету үшін махаббатпен бірге ерлі-зайыптылардың өзара кешірімділігі, бір-біріне жанашырлық танытуы, сенім артуы сияқты ізгі қасиеттердің маңызы үлкен. Бұл ізгі қасиеттердің бастауы – иман.
Мұсылман отбасының басқа жанұядан басты ерекшелігі де осы – иман. Жанұяның иманды болуы өте маңызды. Әсіресе, жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлардың өмір қиындықтарымен күресіп, отбасының бір бүтін болып қалуы және арадағы татулық пен сүйіспеншіліктің үздіксіз жалғасуы иманға байланысты. Бұған қоса иманды үйде бауырмалшылдық, қанағатшылдық, сабырлық пен ұстамшылдық сияқты ізгі қасиеттер өмір сүреді. Алла тағала Құранда иманды отбасына мынадай сыйлық әзірлегенін айтады:
«Ер болсын, әйел болсын, мұсылман болып, ізгілік жасайды екен, Біз оған жақсы өмір сыйлаймыз, істеген ізгіліктерінен де артық сауапқа қолын жеткіземіз» (Нахыл: 97).
Иманды адамның белгісі оның өзіне қандай игілікті қаласа, басқаға да соны қалауы. Өзіне не ұнамаса, басқаға да соны ұнатпауы болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «…өзіңе нені қаласаң, адамдарға да соны қалағайсың (сонда) сен мұсылман боласың», – деп айтқан (Термези). Осындай иманды негіздің арқасында адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен бауырластығы нығаяды.
Иманды жанұядағы әрбір амал мен жақсы әрекет сауаптан жазылмақ.
Суһайб әр-Руми (р.а.) Алланың елшісінен (с.ғ.с.) мына риуаятты жеткізген: «Мүміннің ісі ғажап! Расында оның барлық ісі жақсылық. Бұл – мүміннен басқа (пендеге) тән емес. Егер ол қуанышқа бөленсе, шүкірлік қылады. Сол үшін оған жақсылық (болмақ). Егер ол зияндыққа тап болса, сабырлық танытады. Сол үшін оған сауап жазылады» (Мүслим).
Иманды жанұяның артықшылығы да осында. Сіз отбасыңызға қарайсыз сауап, баланы тәрбиелейсіз сауап, отбасына азық-түлік алып келесіз сауап, жұбайыңызды жақсы көресіз сауап, ағайын-туыспен араласасыз сауап сол сияқты әрбір әрекетіңізге сауаптан жазыла береді. Өйткені сіз мұсылмансыз, сіздің шаңырақтағы отбасы мүшелері де мұсылман. Олар да сіз сияқты Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, пайғамбарларға иман келтірген. Жақсылық та, жамандық та Алладан деп сенеді. Жазмыштан озмыш жоқ деп Алланың тағдырына иман келтіреді.
Олай болса ер азамат өз отбасы үшін ертең Алла Тағаланың алдында жауапты екенін жақсы білсе керек: Ибн Омар (р.ғ.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) мынадай хадисын риуаят қылады:
«Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты, кісінің құлы (қызметшісі) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапты. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар» (Бұһари).
Бүгін жасаған амалы үшін ертең сұралатынын білген адам, әрбір ісін ойланып, толғанып жасайды. Шалыс баспауға тырысады. Ерлі зайыпты өмірге жаңадан қадам басып жатқан жастарымыз осындай өнегелі өсиеттер мен хадистерді жадында ұстап, соған амал етіп қыз-қарындастарымызды отбасылық бақытқа бөлесін.
Сұлтанмұрат АБЖАЛОВ,
философия ғылымының кандидаты, дінтанушы.