Бүгінде бұл сұрақ мұсылманшылықты білгісі келген немесе дінге қызығушылық танытқан жастардың арасында жиі талқыға түсетіні мәлім. Мұсылманның шынай келбетінің қандай болуы керектігі жөнінде нақты мәлімет алу үшін адам дін исламға сәйкес Құранға және Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) айтқан хадистеріне назар салуы қажет. Сондықтан да бұл тақырыпқа қатысты Абдулла ибн Әмірден жеткен белгілі хадисте мұсылманның бейнесі былай сипатталған: «Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам».
Басқаша айтқанда, мұсылман – өзі жасаған қоғамның үлгілі азаматы, Отан жанашыры, басқа қоғам мүшелерімен бірлік пен ынтымақта ғұмыр кешеді. Халқының тарихы мен мәдениетіне құрмет қылады. Тіпті, оның жасап жатқан мемлекеті мұсылман мемлекеті болмағанның өзінде ол Ата заңға қарсы шықпайды. Керісінше мұсылман адам өзінің жүріс-тұрысымен, басқалармен болған қарым-қатынасымен, мінезімен өзгелерге үлгі болуы тиіс. Осылайша мұсылманның міндеті үнемі онымен бірге жүреді.
Ал енді әлемге әйгілі кейбір мұсылман ғалымдарының үлгілі мұсылман азаматына қатысты айтқан пікірлерімен танысып көрейік. Мысалы, дүние жүзіне «Исламның әшекейі», «Исламның дәлелі» деген есімдермен танылған ортағасыр мұсылман әлемінің ғалымы Әбу Хамид әл-Ғазалидің айтуынша мұсылман адам кез келген қоғамның әдепті азаматы: қызметте (ұжымда) әріптестерімен жақсы қатынаста, тұрмыста көршісімен байланысы жақсы, қасындағыларды жақсылыққа шақырады. Бұған қоса ол мемлекет азаматы болғандықтан қолынан келгенше сол қоғамға қарсы жасалған әрекеттерге, қылмысқа, адам өліміне, зорлық-зомбылыққа және тонаушылыққа қарсы күресуі тиіс. Ол өзінің бұзық әрекеттерімен қоғамға ауыртпалық түсірмейді, басқалармен қандайда бір келісім жасайтын болса түсетін пайданың көптігінен бұрын әділдікті басшылыққа ұстанады (Ихия’у ‘улум әд-Дин).
Расында да ислам қоғам мүшелерінің арасындағы қарым-қатынаста көре алмаушылық, іштарлық сияқты қылықтар көрініс тапса, онда қоғамдағы ислами құндылықтардың зиян көретінін айтады. Басқаның қолындағы байлығына немесе мүмкіндігіне болған қызғаныш, олардың арасындағы сүйіспеншілік пен ынтымақты бұзады.
Мұсылман ғалымдарының адам, қоғам және мемлекет іліміндегі осындай «этикалық ережелер» – азаматтық саясатты құрайды. Тіпті, әл-Фарабиге сәйкес мемлекет және мемлекеттік өмірмен шұғылданатын азаматтық саясат – бір қырымен ізгі амал мен қылықтарды тануға бағытталады. Соның арқасында адамдар жақсы сипаттарды танып, оны өз бойындағы қасиеттерге айналдырады. Екінші қырымен білімдерді қамтиды, қала тұрғындары сол арқылы ізгі өмірге жетеді (Социальные, этические и эстетические взгляды аль-Фараби).
Мұсылман ғалымдары өз еңбектерінде осындай «үлгілі қаланың» болмысы мен құрылымын сипаттап жатқанда ол жерде «мұсылман» және «мұсылман емес» деп бөліп қарамаған. Олардың барлығын мемлекет азаматтары немесе мемлекет тұрғындары деп таныған. Жалпыға ортақ заң айтып, барлығына бір «әділдік» өлшемін насихаттайды. Бұл да Исламның ұлтшылдық емес, мемлекетшіл дін екенін білдіреді.
«Адамдар әлеуметтік қатынастарында әділдікке сай әрекет қылулары керек. Әділ адам ешкімнің ақысын жемей және басқасына да ақысынан артық бермейді. Адамның ақысын жеу, өсек айту, жала жабу сияқты басқаларға зұлымдық жасалатын әрекеттерден аулақ болады. Адам сүйген және жақсы көрмейтін адамдардың арасын айырмайды, олармен қатынас қылған кезде де әділдікті ұстанады. Әсіресе, ақысыз басқаның малын алмайды, егер алған болса, оны иесіне қайтаруы тиіс» (Насихат әл-Мулук).
Осы айтылған мұсылман қоғамында өмір сүру ережелері мен талаптары сол мемлекеттің негізгі халқы мұсылмандар үшін ерекше екені анық. Оларды қоғамда азшылық болған өзге дін өкілдеріне қарсы қойып, оларға күш көрсету, зұлымдық жасау сияқты насихат атылып жатқан жоқ. Қайта мұсылмандарға әділдіктің ала жібінен аттамау, кісінің ақысын жемеу, бұзық амалдардан аулақ болу сияқты т.б. әдептілік ережелері міндеттеледі (Мин әл-ахлақ әл-исләм).
Ғалымдардың жоғарыдағы сөздерінен шығатын түйін, мұсылман адам – қоғамдағы үлгілі азамат. Ұжымда әріптестерімен жақсы қатынаста, отбасында қамқор әке, көршісімен тату, басқаларды жақсылыққа шақырады, ұрламайды, өтірік айтпайды және т.б. «Мемлекет азаматы болғандықтан қолынан келгенше сол қоғамға қарсы жасалған әрекеттерге, қылмысқа, адам өліміне, зорлық-зомбылыққа және тонаушылыққа қарсы күресуі тиіс». Бір сөзбен айтқанда мұсылман – көркем мінез иесі. Енді бүгінгі қоғамдағы мұсылманның бейнесі қандай? Ол осы айтылған қасиеттерге ие ме? Біздің жүріс–тұрысымыз, басқалармен қатынасымыз, отбасындағы, ұжымдағы амал мен әрекетеріміз жоғарыда айтылған пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисіне, ғалымдардың сөздеріне қаншалықты сәйкес келеді? Негізінде біз көп жағдайда өзіміздің мінезге немесе ішкі дүниемізге емес, сыртқы көрініске қана көңіл бөлетін сияқтымыз. Сырттан көрген біреу бізге қарап: «О, мұсылман брат!» немесе «Ахи!» дегенге мәз боламыз. Сөйтіп, өзіміздің мінез тәрбиесіне мүлдем көңіл бөлмейміз. Басқаларға дөрекі сөйлейміз, оларды «жахил» (надан) деп кемсітеміз, ата–ананың тілін алмаймыз (өйткені олар діндар емес), білетін имамның сөзіне құлақ аспаймыз (өйткені ол бізден емес), мешіт жамағатын бөліп, өз жамағатымызды құрамыз, ғаламтордан белгісіз псевдо «шейхтен» дәріс аламыз. Сонда біздің өзімізді қоршап отырған ағайынға, өмір сүріп отырған қоғамға, кіндік қанымыз тамған Отанға пайдамыз бар ма? Пайғамбардың (с.ғ.с.) айтып кеткен мұсылманның бейнесі осы ма? Бұл сұраққа оқырманның өзі жауап табады деп ойлаймын,
философия ғылымдарының кандидаты,
дінтанушы