ҚАЗАҚҚА ОЙЛАНАТЫН КЕЗ КЕЛДІ
– Мұхитдин Исаұлы, алдымен бүгінгі отбасының қоғамдағы орны туралы айтып берсеңіз…
– Айта кетейін, адам ағзасы жасушалардан құралатын болса, ел əр отбасыдан құралмақ. Адамның бір жасушасына қауіпті микроб кіріп, сол жер іріңдейтін болса, ол бүкіл денеге əсерін тигізеді. Пайғамбарымыз да мұсылмандардың бірлігін осыған ұқсатады. Сол ауырған жерді емдеп жазғанға дейін, бүкіл он екі мүше мазасызданады. Ал, тіпті оған да көндігіп жүре беретін болса, сол бір жасушаға түскен микроб бүкіл жасушаларға тарауы мүмкін. Ендеше, қазіргі кезде біздің халіміз де осыған ұқсайды. Елдің көптеген жасушаларына микроб түскен. Мысалы, ел арасында ажырсудың көбеюі, үш талақты бірден айтып кете беретіндердің кездесуі – соның дəлелі. Кейбір бейресми мəліметтерге сенсек, елімізде əрбір үшінші неке ажырасуда екен. Міне, бұл не деген сұмдық! Елдегі экономикалық дағдарыс қандай болса, мұны одан да жаман дағдарыс деп айтуға болады.
– Исламда неке қаншалықты маңызды жəне біз осы тұрғыдан келгенде нені ұмыттық деп ойлайсыз?
– Исламда отбасы иманнан кейінгі негізгі құндылыққа жатады. Нені ұмыттық дейтін болсақ, əуелі отбасы мен құндылығын, оның қасиетін ұмыттық. Отбасындағы ерлі-зайыптылар бір-бірінің қадір қасиетін ұмытты. Бала тууды ұмыттық, бала тусақ көбейтуді ұмыттық. Көбейтсек, бала тəрбиесін ұмыттық. Бала тəрбиесін ұмытпадық, бірақ тəрбиені ұмытпай нақ баланың өзін ұмыттық. Тəрбие бала үшін емес, бала тəрбие үшін болды. Шаңырақ құруды ұмыттық, шаңырақ құрсақ үй бо- луды ұмыттық. Зəулім-зəулім тойханалар салуды, онда той жасауды ұмытпадық. Сол тойханаларда сөз беруді де ұмытпадық. Бірақ, шыға бере екі жастың бақытын ұмыттық. Біріміз ене, біріміз шеше болып жастарды ажырастырмауды ұмыттық. Той құдалар үшін жасалатын болды, болашақ балалар үшін емес. Құдалар ұмытылмады, жас отбасы ұмытылды. Бəрі де атақ, даңқ үшінге айналды. Құдалық көбейіп сөзіміз жасанды болды, сыйластық көпірік болды. Бұрын екі жас отбасы ұрысса, екі жағы қарсы жақты жақтайтын. Ал, бұл күнде əркім өз баласын жақтайтын болды. Енесі қызын көшіріп алып кетпесе, ұят болатын болды. Қысқасы, су суға толды, құм құмға толды. Кешегі атам қазақтың жолы басқа, біздің жол басқа болды. Екі көз жасқа, көкірек шерге толды. Қасірет басқа қонды. Елге де міне, күз келді, ойланатын қазаққа кез келді.
– Осы талақ, ажырасу індеті бізге қалай келді? Сұрап отырған себебім, біз бұрын мұндайды естімеген едік…
– Бұл – шет елден келген індет. Жаһандану да соның бірі. Əсіресе, қоғамда жастар сол жаққа көп еліктейді. Олардың ғылымына еліктесе бір сəрі. Бірақ, олай болмай тұр. Сол жастар туралы қоғамда сауал тастай қалсаң ата-аналар мұғалімді, ал мұғалімдер ата-аналарды кінəлай жөнеледі. Соның салдарынан қазіргі таңда мектеп жастары арасында суицид, өз-өзіне қол жұмсау белең алып тұр. Тіпті, ТМД бойынша көш бастап тұр. Ал, мұндай індет батыстың індеті. Ислам əлемінде мұндай өте сирек кездеседі. Алайда, біз қазақтар кешегі əл-Фарабидің, бергісі əулие Бекет ата, батыр, өжет Махамбеттердің ұрпағы едік қой. Олар қазір ғайыптан қайта тірілсе, мына біздерді ұрпағымыз дер ме еді?! Əрі елімізде біздің рухымызға жат діни секталар да сол індеттердің бірі. Екінші, бір індет шығыстан келіп, күннен күнге белең алуда. Ол, əрине, халықты Ислам дінінен бездірмек болған радикалдық діни ағымдар. Олардың басым көпшілігі жастар. Олардың басқасын былай қойғанда «уақытша неке» дегендерінің өзі үлкен жарылыс қой. Бүгінде солардан əкесіз сəбилер дүниеге келуде. Ертең сол сəбилер ересек болғанда, сауалдарына кім жауап береді? Олар сол надандардың сауатсыздықтарынан туындаған жарылыстардың құрбандары.
– Жалпы, исламда талақ қай уақытта беріледі?
– Шарасыз қалған жағдайда, отбасын құруға тіптен мүмкіншілігі болмаған жағдайда беріледі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде: «Алла тағалаға адалдың ең сүйкімсізі – талақ», «Лəззат алу мақсатымен ғана жиі-жиі əйел ауыстырған еркектерге, жиі-жиі күйеу ауыстырған əйелдерге Алла лағынет етсін», «Маңызды бір себепсіз ерінен ажыраспақ болған əйелге жәннат иісі харам», «Кімде-кім бір əйелді күйеуіне айдап салған – бізден емес» деп айтылады. Яғни, уақытша некелері қандай харам болса, лəззат үшін əйелдерін талақ ету де сондай харам.
ЖАЛҒАН ТАЛАҚ ПЕН НЕКЕНІҢ СОңЫ – ІНДЕТ
– Бізде талақты жиі қолданатындар кімдер? Олардың діни сауаты бар ма?
– Əрине, ең басында сəлəфи-тəкпір, тəблиғ жамағаттарында жиі кездеседі. Одан бөлек «азаматтық неке» деген ойнастық та бар. Бұл да бейнамаз жастар арасында, əсіресе, студенттер арасында көп кездеседі. Олар «азаматтық неке» деп некенің атын жамылып бірнеше ай ата-аналарына айтпай бірге тұрады да, кейіннен ажырасқан болып екіге жарылып кете барады. Бұдан, əрине, көбіне өмірге мұта некесі секілді шата сəбилер дүниеге келіп жатады. Сəлəфи-тəкпір болсын, мейлі, азаматтық некеде болсын, осыдан туған əкесіз сəбилер өскенде психологиясы бұзылады. Өсе келе қоғамға ыза-кекпен қарамасына кім кепіл?! Ал, мұндай жандарды қара ниетті ұйымдар да өз мақсаттарына жақсы пайдалана ала- ды. Иə, мұндай талақ пен некенің арты осындай індетке жетелейді. Менен ел ішінен сұралатын ең көп сауалдардың бірі – талақ мəселесі. Екі күннің бірінде телефон шалып, не болмаса интернет арқылы сауал қойып, осы ажырасуды сұрап жатады. Сарапқа салып қарасам, көбіне əйелдер жағы күйеулерінен қысым көріп жатады. Мысалы, бір сəлəфи-тəкпір төрт баласымен əйелін талақ қылып, далаға тастаған. Не болмаса бұл тек жамағаттар арасында емес, бейнамаздар арасында да көп кездеседі. Бес баласын анасымен далаға тастап, өзі бай бір əйелмен отбасын құрып кетті, енді мен не істеймін не болмаса «мен жарымжан болып қалған соң, күйеуім шиттей бала-шағасын тастап хабарсыз кетті, сот арқылы алимент те ала алмай жүрмін» дегендер қаншама?! Осылардың бəрі санаға шөңге, жүрекке найза болып қадала береді. Естіген сайын қартайып кетесің. Түсінбеген еркектерге «сен əйел болып шиттей төрт қызыңмен біреудің «квартирасында» ақысын төлей алмай, жарымжан болып бір ай өмір сүріп көрші қиялыңда» деймін. Ал, исламда талақ ең соңында ғана, оның үстіне бүкіл бала-шаға ердің мойнында болады. Ешқашан садақадай алимент төлеп қашып кете алмайды. Сол себепті шиттей бала-шағаны тастап, анасын талақ етіп кету оларды тірідей жерге көмгенмен тең. Иə, қарғыс атқан біреуді көргіңіз келсе, əйелін орынсыз талақ етіп, тірі жетімінен қашқан ер атын жамылған ездер.
– Қай кезде де отбасының басты қазығы – бала. Ұрпақтың тəрбиелі болып өсуі отбасыға тікелей байланысты. Ендеше, бүгінгі ата-ана мен бала арасындағы байланыс берекелі, шаңырағы шайқалмаған отбасын құруға мүмкіндік бере ала ма?
– Бүгінде кеңестік кезеңді көрген азаматтар «Ездер де жүр бұл өмірде ол заманда бала тəрбиесіне көп мəн берілетін еді ғой» деп көксегендей болады. Иə, солай болып көрінсе де ол заманда еркіндік пен дін жоқ еді. Барлық нəрсе жоғарыдан бекітіліп қойған. Дінге рұқсат болмаған жерде, еркіндік те жоқ деген сөз. Ендеше, ата-ана күні ертең баласы жақсы болып өссін десе, тəрбиеге мəн беруі қажет. Ал, тəрбиенің қайнары дінімізде жатыр. Пайғамбарымыз: «Мені Раббым тəрбиеледі. Əрі аса көркем түрде тəрбиелеп, əдептілікті үйретті» дейді. Ал, бұл күнде көптеген ата-ана жұмыс бастылығымен көбінесе баласының тəрбиесіне мəн бермейді. Діни тұрғыдан бір жағынан немқұрайлылық, екінші жағынан радикалдық ағымдардардың салдарынан баласына діни тəрбие бергісі келмейді. Сондықтан, бүгінгі ата-ана мен бала арасындағы байланыс сол ата-ананың ниеті мен жоспарына қатысты болмақ. Пайғамбарымыздан Жебірейіл періште ақыр заманның белгілерін сұрағанда ол: «Күң өзінің қожайынын туғанда» дейді. Яғни, сол заманда аналар «балам үлкен адам болсын» деген мақсат қойып зыр жүгіргені сонша, ақыр соңында баласы анасын өзіне күң ретінде қарайтын болады. Яғни, анасы баласына рухани тəрбие емес, дүниелік тəрбие ғана береді.
– Ендеше, отбасының берекесі – имандылықтан басталады емес пе?
– Иə, солай. Өйткені, имандылық деген имани құндылықтар. Ақиқат пен шындық жəне əділдік те сонда. Иман деген мына шексіз ғаламды жаратқан Алла тағаланы мойындап, оған иман етуі. Ал, оған сенбеген жанның өмірге деген сенімі де болмайды.
– Əңгімеңізге рахмет!
Əңгімелескен Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ