– «Экстремизм» сөзін шектен шыққандық деп білетін болсақ, әрине дінде экстремизм болмайды, Һәм сіздің бұл жерде тікелей айта алмай отырғаныңыз Ислам дінінде, ашығын айтқанда Алланың дінінде экстремизм бар ма дегіңіз келіп тұр ғой?!
Әуелі мына жер бетіне, одан кейін теңіз бетіне, одан әрі теңіз астына қарап саяхат жасап көріңізші. Иненің жасуындай болса бір жалғандық, шектен шыққандық, зұлымдық таба аласыз ба? Әрине, таңырқағаннан басқа еш нәрсе таба алмайсыз. Тіпті мұхит жағалап дем алып қайтсаңыз, шабыттанып мақала жазар едіңіз. Одан кейін адамзат жаратылысына саяхат жасап көріңіз. Әлі күнге дейін жұмбақ болып, өз жауаптарын таба алмай, таңырқап бастары қатуда. Енді адам белесінен асып, аспанға қарап, галактикаларға көз жүгіртіңіз. Сіз үшін таңырқамайтын не болмаса әлде бір шектен шыққандық, орынсыз қылық көре аласыз ба?
– Жоқ, әрине.
– Ендеше, жауабын өзіңіз бердіңіз. Ислам діні – Алланың діні. Құран -Алланың кітабы. Бүгінгі жер бетіндегі ешбір ғалым дәлел көрсетіп Құранды хазіреті Пайғамбарымыз жазған деп айта алмайды. Ғалам мен адамды жаратқан, ғаламды адамға қаратқан Алла Тағала Ислам дінін жер бетіндегі адамдардың шектен шығулары үшін жібере ме? Қайта кітап түсірмесе шектен шығады.
– Алайда Ислам тарихында харижиттар тәрізді келеңсіз оқиғалар болды ғой. Бүгін де ИГИЛ…
– Харижиттар дейсіз бе? Бір қалада әлдебір қараниеттілер полицияның киімін киіп алып қарапайым адамдарға залалын тигізер болса, соны көріп полиция залым деп айтуға бола ма?
– Әрине болмайды.
– Жауабын тағы да өзіңіз айттыңыз. Харижиттер де сол қараниеттілер тәрізді. Олар кімді өлтірді? Хазіреті Омар, Әли, Оспан тәрізді басқа да шынайы мұсылман халықты қырды. Олар тіпті басқа дін өкілдеріне де тиіскен жоқ. Бүгінгі ИГИЛ де неохарижиттер. Олар тоқсан тоғыз пайыз мұсылмандарды жас сәби демей зиянын тигізуде. Онымен қоймай жер бетінде Ислам діні болып көрініп залалын тигізіп келе жатқан діни экстремистер залал берген адамдарының шамамен жетпіс сексен пайызы мұсылмандар.
– Түсінікті, олай болса бүгінгі таңда сол «қой терісін жамылған көкжалдар» адам санасын қалай улайды? Және алдымен кімдерді жақын тартады?
– Олар, ең бірінші жастарды жағалайды. Яғни, жас жігіттер мен бойжеткен қыздар. Ал олардың адамның санасын қалай улайтынына келсек оның жолдары өте көп.
– Нақты қандай жолдары бар, қайсысы өте қауіпті?
– Негізінен, оларды шектен шыққан тобыр деп атасақ та, асылында олар ондай емес. Ең әуелгісі олардың артында үлкен күштер бар. Оған дәлел- адам санасын улау үшін жасалған құйтырқы өте мықты жүйе. Олар бір зауыт тәрізді жүйемен жұмыс істейді. Сонымен қатар, екінші жолы –олар бір жүйені барлық елге бірдей бермейді. Алдымен баратын елінің, тартатын жерінің кімдер, қандай адамдар екенін зерттеп соған қарай дайын айласын ұсынады.
Үшіншіден, егер барған жері тоқ ел болып, жастары санасыз болса, ол елге көп бас ауыртпай өздеріне есірткі арқылы тартады. Мысалы, есірткіге үйреткен соң қарыз беру арқылы өздеріне борышты етіп қояды. Ақырында борышын өтеуіне тура келеді.
Келесі, егер барған жері кедей болса әрі, жастары жұмыссыз болса онда сол жерге ақша шашады. Оңай олжаға кенелтеді. Ақыры қарыз болып қалады. Егер арасында қашқандары болса, аяусыз жазалайды. Ақша алғандар болса одан әрі қарызға бата береді.
Бесіншіден, билікке өкпесі барлардың осал жерінен ұстайды. Билікті сынап көз алдына елестетіп құбыжық етіп көрсетіп, мемлекетке нағыз дұшпан етеді.
Алтыншы, егер жігерін қайда құярын біле алмай жүрген батыр «спортсмендер» болса, елге қысым көрсеткіштер болса, олардың сол зұлымдықтарын «халал» жолдарын көрсетіп қояды. Мысалы, бұл ел кәпір ұруыңа болады, салық салуыңа болады «жизия деген бар дейді.
Келесі, егер жастары ұятты болса, онда оларға «мұта уақытша некені» насихаттайды. Ай сайын әйелді талақ еттіртіп алдыртады. Неке деген мүбах нәрсе. Ендеше, қалағаныңды істей бер дейді. Осылайша оларға жақсы болып көрінеді.
Одан кейін, егер ата бабасының дінін үйрене алмай жүргендер болса, оларға әуелі Ислам дінін дұрыс насихаттайды. Өзіне әбден сендіріп алған соң, өз идеясын жұтқызады. Халық адасқан деп елді өзіне қарсы қояды. Сенің ғана көзің ашық, қалғаны қараңғы деп сендіреді.
Егер елде жастар арасында «суицид» көп болса, олар үшін үлкен олжа. Өмірден, ата анасынан, ортасынан алшақтап психологиялық науқасқа шалдығып жүрген жастарды жұмаққа шақырады. Бұл дүние қарғыс атқан дүние деп сендіреді. Хор қыздары күтіп тұр деп асықтырады.
Егер жастары оқуға жалқау ел болса, онда оларды жаратылыс пәндеріне дұшпандыққа шақырады. Ол пәндер кәпірдің пәндері оқымау керек деп жастарға құрық салады.
Бұдан басқа олардың гипноз, сиқырды пайдаланып өздеріне тартатындары да болады. Мысалы, сиқырлап ішіне кәпір жындарды салады. Менің бұрын естігенім қара күш елдерінде арнайы өлімге бас тіккен жындар болады. Бас имеген мықтыларға соларды жібереді екен. Бұл да ойланатын жайт деп ойлаймын. Тіпті, меніңше көбісі осыдан болады.
Сондай-ақ, қызға баланы, балаға қызды салу арқылы да сананы улайды.
Одан басқа құрықтаудың ең оңай және мықты әдісінің бірі – интернет. Бұл олардың ең арзан әрі «маржан» тәсілдері. Мысалы ИГИЛ жасақтарына жастар Еурподан және басқа да елдерден осы интернет арқылы барған. Ақырында қашып ұсталып, жазаланып жатқаны мәлім. Басқа да жолдары көп. Науқастың диагнозын қою қиын. Тапқанмен кейде емдеу де қиын болып жатады. Әйткенмен емдеуге келеді.
– Бұл расында да қиын жағдай екен. Естігеннің жаны түршігеді… Жарайды, олардың әдіс-тәсілдерін жіпке тізіп бердіңіз. Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.
Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ