– Мұхитдин аға, бүгінгі діни орта және діни ахуал жайында әңгіме өрбітсеңіз. Ақиқат діннің мақсаты қандай, мұсылманның міндеті қайсы?
– Бүгінгі таңда қазақтың, алаштың, Қазақ елінің, тарихтың, ата салттың, дәстүрлі діннің, мәзһабтың, елдіктің, ерліктің, бірліктің, бейбітшіліктің түбіне балта шабар, сына қағар бір нәрсе бар. Ол – діни фашизм. Осы бір індет бүгінгі таңда шырмауықтай қаптап, жыланның айыр тіліндей ысылдап, бір вирус болып жастарға кең тарай бастаған. Діни фашизм дегеніміз – қаттылық. Діннің рухында мейірімділік, әділеттілік, кешірімділік, рақымдылық, биязылық, көңіл, жүрек, сана бар. Алла күллі пайғамбарын жұмсақтықпен, шапағаттылықпен жіберген. Бүгін сол вирустың, қаттылықтың бетін алмаса ақыры қараңғылыққа, құрдымға апарады. Ислам дінінде жоқ және дінге теріс мұндай қаттылықтың бір зәресінің құрамында атом бомбасының күші жатыр. Алдын алмаса күні келгенде шығады. Көптеген мұсылман елдері осы қаттылықтың салдарынан бүгінде ойран болып жатыр…
Бүгінгі «ханафимін», «сопымын» деп жүрген жастардың да арасында осы бір вирус күн өткен сайын ауамен тарағандай тез тарап келеді. Бір нәрсені ерекше ескертейін. Қаттылықты қаттылықпен кетіре алмайсыз. Қайта арттырасыз. Қаттыны қаттымен ұрсаңыз шытынайды. Шытынаған бір ұшқынның өзі көзді соқыр етеді. Жалаң болмасын, екі мысал бере кетейін. Бүгінгі кейбір ханафимін деп жүрген кейбір жастар ата-баба, тіпті, Әз пайғамбарға Құран бағыштауды болмайды деп жүр. Екіншісі, Наурыз мерекесін, көрісуді, амалды, ұлыстың ұлы күнін тойлауды, атап өтуді харам деп жүр. Бұл жай ғана бетіндегі жұқасы, жұғанағы ғана.
Қатқан мұзды сындырмайсыз, оның жолы – еріту. Ислам дінін дұрыс ұқтыру, Аллаға, пайғамбарына деген махаббат, Алла үшін жаратылысқа деген сүйіспеншілік – жылу. Ал жылу науқасқа шипа, дәру болмақ.
– Сонда бүгінгі дін ұстанған жас қайда жүр, мұсылмандық қайда қалды?
– Құранда Алла Тағала мұсылмандардың бір-бірлеріне бауыр екендігін айтады. Бұл – бір-бірлеріңмен бауыр болыңдар дегені. Ислам да жер бетіне адамдарды бір-біріне бауыр ету үшін келген. Ал мұсылман бола тұра бір-бірін түсінбеген, түсінгісі келмеген, бірлігін жоғалтқан мұсылманның қоғамда саны миллион болса да, бір мешітте күнде бірге намаз оқыса да Аллаға деген сүйіспеншілігі артпайды. Олар «дін үйренсек болды Аллаға жақындығымыз артады» деп ойлайды. Жоқ, Аллаға деген жақындық бауырластық арқылы ғана артады. Мұхажир мен ансар бауыр болу арқылы дінді көтерген. Ал бүгінгілер тек дін мағлұматын тыңдаумен ғана шектеледі. Алайда, барлық діни құлшылықтар бауырластықты арттыруға бағытталған. Бауырласын сүймеу арқылы дінді үйрену тек оның діни мағлұматын арттырады. Бірақ, Аллаға деген мағрипаты мен ықыласын арттырамайды, қайта кеміте түседі. Оның ақыры тәкәппарлыққа жетелейді. Ал ол жеккөрінішке алып келеді. Жеккөрініштің түбі діни алауыздыққа, ал діни алауыздық діннен алыстауға алып келеді. Бүгінгі жас қазақ мұсылман буынның халі осы ғана. Бұл, әрине, біздің шәкірттерімізге де қатысты…
– Ал егер шынайы сопылық, тақуалық турасында қозғасақ бұл жайында не айтасыз, осыған сай іс-әрекет, құбылысты байқай алдыңыз ба?
– Иә, әлқисса. “Һәм көктегі күн күркірі мен періштелер Алладан қорқып (қалтырап) оны мадақтап,тәсбих айтады”. “Рағд” сүресі.
Қаһардың беріп хабарын күн де күркірер,
Жер бетіндегі тіршілік біткен дүркірер.
Ғапыл құлдарыңның күнәсін кешші дегендей,
Ақ жауын жауып, көктің көз жасы сіркірер…
Иә, мына заманда жалған сопылардан қашып шын сопы көргің келсе, шын мухсин білгің келсе, әулие көргің келсе табиғатқа қара! Мысалы, жауған жаңбырға қара! Әуелі ол күн болып күркіреп, Аллаға мадақ айтып, тасбих етеді. «Субханаллла, әлхамдулилла» дейді. Кейде осыны сезінбеген елге сезінсін дегендей жерге жай түсіреді. Ол түскен жерін күйдіріп жібереді. Ондағы жүз мың волттық күш – Аллаға деген махабаттың, Алланы зікір етіп, естен танғандығының бір көрінісі. Яғни қап-қара бұлттардың Аллаға деген махаббаттының бір ұшқыны. Ең жеңіл ұшқыны. Аятта «Алладан қорыққандығынан» дейді. Алланың Алла болғандығы үшін одан қорқып, қалтырап, алдында тағзым етіп, нағыз әулие жандай бас иіп, қалтырап періштелермен бірге «әлхамду лиллаһ, әлхамду лиллаһ», «субханалла, субханалла, субханнали бихамдиһи субханаллаһи азим» деп аспан әлем күн болып күркірей бастайды. Оларға қалтыраған, тіпті, күннен үлкен періштелер қосылып зікір ете бастайды. Ақырында, шыдай алмай жер бетіне көз жастары тамшылай бастайды. Осынау әрбірі зікір мен хамд (мадақ), тасбихқа толған тамшыны әлгі зікір айтқан періштелер асқан құрметпен жерге баппен жып-жылы етіп алып түсіп, астында тұрсаң бетіңе көз жасың болып түсіреді. Бірақ соны көре тұра біздей пақырлардан көзден жас, тілден зікір де шықпайды. санадан пікір де тумайды. Бірақ жер бетіндегі тіршілік біткен әлгі зікір «флешкасы» болған тамшыларды алып сол күн күркірі пірлерінен медет алып олар да зікір ете бастайды. Жер беті зікір толып сол күні айт, мәз майрам болады. Қорадағы қой да маңырап, сол күні естен танып өрістен қайтқанда қорасын да таппай қалады. Тек жер бетіндегі адам ғана қаннен қаперсіз қолындағы смартфонына селфи суретін жіберіп, кім лайық басады екен деп, не болмаса «жуған көлігім лай болатын болды», «жер лай болды, киімім лас болатын болды» деп «уайым» айтып жатады. Иә, әрі қарай молда уағызшылары болса осындай әулиелерді ешқандай уағызын қоспай әрі кетсе «Алланың рақымы» деуден аспайды. Әлгі зәкир тақуалардан бір ауыз болсын айтпай мүмкін әрі қарай кейбір жас буын діндарлар өз ара теріс пікір таластарын жалғастыра береді. Иә, жер беті тіршілік біткен жауын жауған күні мешіт ішінде зікір салып жатқанда біз осылай жартастай болып жата береміз. Алайда Құранда тастардың да зікір айтатыны баяндалған….
– «Махабатсыз дүние дос (бос)» (Абай) демекші, сонда Алласыз махаббат деген не?
– Жалған дүниенің алтыны мен байлығына деген пенденің махаббаты текті байдың алтын ерлі, күміс үзеңгілі сәйгүлік атқа мінген тәкаппар қызына қырындап салған шабан атты жалшы пақырдың әні секілді. Ән біткенде шабандап қала бермек… Дүниені қанша жисаң да кемің болар, теңің болмас. Жүрек дүниемен байланысын үзгенде ғана ақырет байланысы іске қосылады… арманы болмайды… Таң ата хақты танығанның күн бата арманы болмайды…
– Діни ортада кей тұста шариғат пен тарихат түсінігі арасында талас-тартысты пікірлер көрініс тауып жатады. Осы турасында пікіріңіз?
– Бір нәрсені айтайын. Шариғатсыз тарихатта адасқанша тарихатсыз шариғатпен қалған жақсы. Мұсылманның мақсаты, Абай атамыз айтқандай, толық адам болу. Оның діни термині – “мухсин” ихсан. Ал сол ихсанға тек тасаууфпен барады деген – адасқандық. Ал тек шариғатпен бара алмайды деу – ақымақтық. Ихсанға барар мыңдаған жолдар бар, сол жолдардың бірі ғана тасаууыф. Ал сол мыңдаған жолдардың бастауы мен ақыры – шариғат.
Ал пірге келсек, ол кәдуілгі ұстаз деген ұғым. Пір парсыша жол көрсетуші деген сөз. Бірақ сол пірдің өзі дұрыс болуы керек. Ықыласы теріс болса күллі муридтерін адастырады. Пірі жоқтың пірі шайтан деген сөз дұрыс сөз. Атадан қалған осы сөздегі «пір» ұғымы сопылықтағы ғана емес, жалпы Алланың дінін көрсетудегі пір яғни ұстаз, ғалым, әулие яғни тура жолды көрсетушіні береді. Оның тек сопылықпен шектеу санасыздық болмақ. Иә, пірі жоқтың пірі –шайтан. Бірақ сол пірдің де пірі – шайтан болмауы қажет…
– Қазақ халқының дәстүрлі діни жолы деген не?
– Бүгінгі қазақтың «дәстүрлі дін» деп жүргені бір жағынан кешегі қазақтың ата салты. Күнделікті сөздерде де бұл тұнып тұр. Мысалы сәбиін «әу әлдә» дегені «һу – Алла» дегені. «Бәрекелді» дегені «Барака Алла» дегені. Оны қойш күнделікті «қайырлы таң» дегені «хайырлы таң». Алла таңынды, яғни жаңа ашылған күніңді,тағдырыңды, жаңа өміріңді хайырлы етсін, хайырлысын нәсіп етсін дегені. «Сәлеметсіздер ме» дегені де «Алланың сәлемі» дегені. «Алда жарылқап», «Оқысаңыз алдалап» дегендегісі де «Алла» дегені. Одан бөлек мысалы «үлкен тұрып кіші сөйлемейд» дегені де сүннеттен салт болып қалған. Дәстүрлі діннен қалған діни терминдерді кешегі бәлшебек қызылдар да алып тастай алмайе кешегі күнге дейін өздері де айтып келді. Ал бүгінгі «дінге келдік» деп жүрген көп жастар бұдан бейхабар, өз беттерімен ата-бабасынан жырақ жаңа мұсылман болған адамдай жаңалық жаңғыртқысы келіп жүр. Жастарға айтарым дініңді терең білгің келсе әуелі ата-бабаңның қандай мұсылман болғанын біл, содан үлгі ал, сонда ертеңгі күн опынбассың.
– Мұсылман баласының шынайы бақыты қайсы?
– Бұл жалғанда адамның жалғыз ғана бақыты бар. Ол – Алланың өзіне деген махаббатын ұғынып, тұщынып, ғажайып күйге бөленіп, естен тану. Задында зікір дегеніміз де осы. Өйткені, зікірден тәфәккүр-пікір туады, тәфәккүр-пікірден Жаратқан деген ризалық-шүкір туады. Шүкір еткеннің көңіл дариясы Құдай Тағала деген махаббатқа тұнады. Сүймекті сүймек парыз емес пе, ал бақыт деген осы емес пе?!
– Биыл Алаш ордасына жүз жыл толды, соны қазақ жұрты ықыласпен көтеріп, үлкен көлемде атап өткелі жатыр. Осы ретте жастарды қалай бірлікке шақыруға болады?
– Кейбір ұлтшыл бауырларымыз Әлихан аталарымызды тек жылда бір-екі мәрте еске алғанды “жаңғырттық” деп ойлайды бәлкім. Жоқ, бұл үлкен қателік, өз-өзін алдау. Алаш қайраткерлерінің мақсаты оларды жүз жылдан соң еске алу емес, солардың армандарын іске асыру еді. Олардың ілімдерін жастардың санасында жаңғырту еді.
Естияр, аға буын ұлтшыл қауым да алаш арыстарын Мұхтар Әуез атамызға қарай, оларды халыққа, жастарға тек ұлтшыл жағын ғана танытумен келеді. Ақиқатында, Алаш аталарымыз үш нәрсені тірек етіп, армандаған еді. Ұлт (тіл), ғылым және дін. Олардың, тіпті, бәрі дерлік діни тәрбие алған, медресе көрген жандар еді. Ғылымға ден қойған еді. Ал сіздер осы екі қырын ұмыттыңыздар. Білем, Мұхтар Әуез атамыз дінсіз дәуірде Аллаға деген махаббаттарын айта алмай кетті. Бірақ, олар әуелі иманды ұстанды. Ал бүгінгі буын дінге селқос “фетешизм” тәрізді қарайтыны жасырын емес. Соның салдарынан бүгін жастар үшке бөлінді. Бірі – қасаң ғылымды ғана қуғандар, бірі – уағызшылардың бір жақтылық уағыздарынан шыға алмай қалғандар. Енді бірі – ұлтшылдықты тар ұғыммен шектеп алғандар. Алайда, үш тіректі қазан тек тіректері түгел болғанда ғана берік тұрмақ. Осы үш топты шамаң келсе біріктір, сонда Әлихандардың арманын көресің. Портреттерін ғана арқалаумен іс бітпейді…
– Тақуалық түсінігін бір ауыз сөзбен түйіндеп берсеңіз?
– Тақуалық – мұсылманның ішкі өмірі. Көркем мінез – сол тақуалықтың сыртқы көркі.
Әңгімелескен Жайық НАҒЫМАШ,
KazIslam.kz