АСТАНА. 10 қараша. E-islam.kz – “Бұлар қай ғасырда және қай елде шықса да бәрінің көксегені мемлекеттің жүйесі мен билік басындағыларға дұшпандық ету. Билікті құлатуға, ел ішінде бүлік шығаруға мақсат қою” деп нақтылаған сұхбат кейіпкері Мұхиддин Исаұлы осы келелі әңгімеде “Ат-тәкфир уәл-Хиджра” ұйымының тарихы мен қазақ еліне одан төнетін қауіпті ортаға салады. Оқи отырыңыз…
-Мұхиддин Исаұлы, күні кеше экстремистік деп тиым салынған «Тәкфиризм» жамағаты қалай және қашан құрылған? Олардың ағым ретінде тарих сахнасына шығуына не түрткі болды?
-Тәкпіршілер кеше мен бүгінгі ғасырларда шыға қалған бір жамағат емес. Мұның негізі сонау алғашқы халифалар заманында бой көтерген. Кезінде бұлар хазіреті Әлидің әскерінен бөлініп шыққанымен задында бұлар одан бұрын да бар болатын. Тіпті хазіреті Оспанның да өліміне осылар себепші болған. Кейіннен хазіреті Әлінің де түбіне жеткен осылар еді. Тіпті олар мұнымен ғана шектеліп қалмай мұсылмандар арасынан кімде кім хазіреті Әліні «мұсылман» дейтін болса дереу оларды өлтіретін болған. Бүгінгі «ИШИМ» қазіргі күнде араб әлемінде қандай ойран салып, қанды қырғын жасаса олар да сол заманның «ИШИМІ» еді. Әрине бұлар мұсылман арасынан өздігінен жарқ етіп шыға қойған жоқ. Бұлардың артында Ислам дініне қара қазандай өкпесі бар парсы мен кітап иелерінің саяси билігі бар еді. Бұлар кейіннен жойылып кетсе де кейбір ғасырларда оқтын-оқтын әр түрлі бейнелермен бой көрсете отырып соңғы өткен ғасыр мен осы ғасырда қайта бой көрсетіп сахнаға шықты. Хазіреті Әліні мұсылман санағандар кәпір деп есептелсе қазіргі таңда да хазіреті Әлі мен сахабалардың сенімін ұстанғандар олар үшін «кәпір» болып есептеледі.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Мысыр елінен түрмесінде ауыр қысым көрген мұсылмандар арасынан осы ағымға өткендер көріне бастады. Әрине, бұл ағым жаңа болып шыққан жоқ. Оның алдында сахнада бүлігімен танымал болған сәләфизм ағымының ішінен оқшауланып бөлініп шықты. Бұлардың ең алғашқы көсемі – шейх Әли Исмайыл екендігі білінеді. Ол тіпті әл-Әзһардың түлегі еді. Кейбір дерек көздерінде оның кейіннен бұл ағымнан бас тартып Ахмад Мұстафа деген жаңа бір адамның лидер болғанына қарағанда әрине бұлардың артында саяси бір күштің тұрғандығы байқалады.
-Сонда«Тәкфиризм» идеясының мақсаты қандай? Олардың көксегендері не нәрсе?
-Бүгінгі таңда тәкпіршілердің көксегендері не деген сауалдан гөрі, бұларды біреулердің қолдары арқылы құрып, сахнаға шығарған «қара күштердің» көксегендері не деген сауалды жөн санар едім. Өйткені бұлар қай ғасырда және қай елде шықса да бәрінің көксегені мемлекеттің жүйесі мен билік басындағыларға дұшпандық ету. Билікті құлатуға, ел ішінде бүлік шығаруға мақсат қою. Заманында хазіреті Әлимен оның халифалығына қарсы шыққан олар әрине бұл заманда да қандай мұсылман ел болса да олардың басшыларын әулие болса да «кәпірге» шығара салып, оларға қарсы жиһад жариялау. Өйткені оларға кейбір алпауыт елдердің құрып берген бағдарламасы солай бекітілген. Идеологиясы солай жасалған. Сол себепті олар ешқашан өздеріне құрылған бағдарламадан бір елі шығып кете алмайды. Оларда Құран емес идеология негіз болып саналады. Әрине, бұл жерде мына бір нәрсені ашық айта кеткім келеді. Хазіреті Әли заманында харижиттерді құрушылар кімдер болса бүгінгі «неохарижеттерді» құрғандар да солар. Тек ұрпақ айырмашылығы демесеңіз құрушыларда ешбір айырмашылық жоқ. Рас, бүгінгі құрушылардың бағдарламаларында көптеген жаңа өзгерістер бар. Олардың басында Ислам діні мен мұсылмандарды жер бетіне «құбыжық» етіп көрсету. Себебі, бүгінгі таңда әлемде Ислам дініне деген қызығушылық басым. Жер бетіндегі адамзат ақиқатты іздеуде. Сол ақиқат Ислам дінінде ғана бар. Ал қара күштер жер бетінің мұсылман болып бейбіт өмір сүруін қаламайды. Басқа да көптеген жоспарлары бар…
-Біз секілді қарапайым адам «Тәкфир» жамағатының мүшелерін қалай ажырата алады?
-Ең әуелі елден оғаш қылықтары арқылы білінеді. Мысалы, діндегі әсірешілдігі, билікке қарсылығы. Біздің елдегі қазақ харижиттерге жолыққан адамға Діни басқарманың ісі дұрыс еместігі мен биліктің саясатының бұрыстығы мен зайырлылығын айта жөнеледі. Әрі мемлекеттік қызметте жұмыс істеу күпірлік екендігін айтады. Қазақ дәстүрімен ханафимәзһабынжоққа шығарады. Тіпті, оларда әйелдердің қазақша киінуі, әурет жерлерін қазақ салтына қарай жабуы мүшріктің ісімен бірдей болып саналады. Сол себепті оларда «кимешек», «ақжаулық» емес «хижаб» деген сөздің өзі «идеология» ретінде саналады. Арабша киіну, қара киінуді олар парыз етіп алған. Әрі олардың бір белгісі неге мәселесін су ішу тәрізді мүбаһ іс санайды. Яғни ай сайын ажырасу оларда табиғи мәселе.
-Ұйым жақтастары көп жағдайда қандай нәрсеге қарсылық білдіреді?
-Ең бастысы билікке қарсылық көрсетеді. Тыңдаған адамға ақырзаманды орнатады. Ең соңында алып келіп өздерінің сенімдеріне тірейді.
-Жалпы, осы «Тәкфир» жамағаты мүшелерінің қазіргі кездегі әрекеттері қандай және қай елдерде белсенді?
-Жоғарыда айтқанымдай бүгінгі таңда мына Ирак пен Сирия жеріндегі ойран салуымен әлемде танымал болған «ИШИР» ұйымы арқылы белсенділігін көрсетуде. Олардың тағылықта ең шырқау биікке шыққан кезеңдері. Бірақ олар өздері тәкпірші бола тұра әлемге «сунниттік» етіп танылуда. Жолында кезіккен мұсылман еркектің бәрін бауыздап өлтіріп, әйелдері мен бала-шағасын күң, құл етуде. Исламдағы алғаш кездегі құлдықты құтқару мақсатымен қойылып кейіннен жер бетінде құлдық кеткен соң үкімі жойылған құлдық заңды қайта өздеріне бекітіп алған. Сол себепті оларда қолға түскен әйел, бала-шаға олар үшін малдан ешбір айырмашылығы жоқ. Мүшелерін бөліп сату олар үшін табиғи нәрсе. Мұны құрған қара күштер осылар арқылы көптеген мақсаттарына жетуде. Мысалы адамның басын бейнетаспаға түсіру арқылы әлемге көрсетіп басқа дін өкілдерін Ислам дінінен шошытуда. Ендеше олар мұсылман араларына лидер болып кіріп тәкпіршілер арқылы мұсылмандарға басқа бір жолмен христиан жорығын жасауда. Ең жаманы қазақ неохарижиттері де солардың қол шоқпарлары болып өмірлерін құрбан етуде. Сол себепті кейбір бейресми деректерде қазақ тәкпіршілерін олар ең қиын жерлерге жіберіп, оларды екінші сортқа бағалайтын көрінеді.
-«Тәкфир» идеясы мен оны қолдаушы жамағат мүшелерінің елімізге тигізер залалы қандай?
-Тигізер залалы шаш етектен деуге болады. Әуелі оған кіргендер Сирияға барып жарылып жатса, ал, елде қалғаны іштей билік пен сунниттік бағыттағы мұсылмандарға қарсы іштей жиһад жариялап жатса, одан артық қандай залал болуы мүмкін?! Еліміз бұған ең қырағы көзімен қарағаны жөн. Өйткені, бұлар белгілі топтанған мыңдаған ұйым емес. Он адам бірігіп араларынан бір «әмір» сайлап алып істерін жалғастыра береді. Яғни он шақты болып бөлініп кете береді. Бір елде жүздеген ондықтар болады. Бірақ бір-бірлерін танымайды. Бірін әшкерелеп екінші ондықты анықтай алмайсыз. Осындай бір-бірлерін әшкерелемеу үшін осындай мықты стратегиялық тәсілдер жасаған. Әрине олар жасаған жоқ. Құрушылар жасап берген. Олардың тоқсан пайызы, тіпті одан да көбі жастар. Неге? Өйткені олардың бұл ұйымға кіруінің негізі діни сауатсыздықтан болуда. Бұл ретте дәстүрлі исламның негіздерін мектептен бастап үйретіп, Діни басқарманың құзыреті мен қаржы жағын күшейтпей мәселені шешу мүмкін емес. Алла елімізді мың пәледен сақтасын! Елімізге тыныштық нәсіп етсін! Сол үшін де бізге ең бастысы қандай ұлт, қандай ру болмасын қандай дін өкілі болмасын бір елдің азаматтары болған соң бірлік пен татулық керек. «Бірлігі болмаған елдің тірілігі болмайды».
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ