– Қазақ хандығы дəуірінде салықтың қандай түрлерінің болғандығы ғылым үшін əлі игерілмеген тақырып. Дегенмен, Қазақ хандығының тұрақты кіріс көздерінің бірі – халықтан жиналатын салық болғаны ешкімге таңсық емес. Хандық дəуірде қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар шариғат пен əдет-ғұрыпқа негізделді. Мысалы, көшпелілердің əдет-ғұрып құқығында салықтың «қалан» мен «қапшуыр» атты түрлері болған. «Қалан» салығы тəртібі бойынша диқандар жыл сайын өнімнің оннан бірін салық ретінде қазынаға тапсырды. «Қапшуыр» салығы тəртібі бойынша малшылар жүз бастан бір бас салық төледі. Қалалық саудагерлер мен қолөнершілер бажы салығын өтеді. Қалың бұқара əскерді қару-жарақпен қамтамасыз етуге, лау мен сойыс беруге міндетті болды. Негізгі əскери салықтың аты «ұлақ» деп аталды. Мемлекет қазынасына орасан мол кіріс əкелген кеден салығы «тамға», шаруалар өндірістік жайларды пайдаланғаны үшін «амбар малы», таразыны қолданғаны үшін «тұтнақ» салығын төледі. Тіпті, салықты төлмегені үшін де «бурғ» атты айып ретінде алынатын алымның түрі болды. Бұдан өзге көпір, диірмен, соқаны пайдаланғаны үшін де салық төледі. Ал, локальді ерекшелікке қарай суармалы жер, жайылым, су, балық, орман жəне бау-бақша шаруашылығына да арнайы салық түрлері белгіленді. Сондай- ақ, «тағар» атты жауынгерлерді астықпен қамтитын жəне «авариз» атты төтенше салықтың түрі де болды. Жалпы, сол кезде халықтың əлеуметтік əртүрлі табынан 20-дан астам алым-салық түрі алынды. Алым-салықтың осыншама көп түрінің болуы, қалың бұқараны қанау емес, керісінше қоғамның барлық салаларын қамти алған көшпенділердегі салық жүйесінің озық болғанының көрінісі еді.
– Қаржы жүйесіндегі салықтан өзге көрсетілген қызмет үшін төленетін «төлем» хандық дəуірде болды ма?
– Əлбетте, төлем болған. Əдет-ғұрып құқығында төлемді «алым» деп атаған. Қазақтар «алым-салық» деп екеуін қосып айтқан. Мысалы, жоғарыда айтқан таразы үшін төленетін «тұтнақ» төлемге жатады. Сондай-ақ, хандық дəуірде билеушілері ұлан-ғайыр аймақтан дəйім тұрақты түрде жылдам хабар алып отыру үшін «ям» почта жүйесін құрды. Түркілер «ям» (жам) деп ат көліктің астау-ақырын айтқан. Яғни, почтаға пайдаланылатын жылқылар демалатын бекеттерді «ям» деп атаған. «Ям» транзитіндегі бекеттер мен керуен сарайлардың арақашықтығы шамамен 25-30 шақырым болған. Аймақтағы жағдайды хабарлайтын хаттар Ордаға жылдам жетуі үшін сүрлеу жолдар үнемі қазына есебінен жөнделіп отырды. Кейбір өзендердің үстіне көпір салынды. Керуен тартқан саудагерлер осы көпірді пайдаланғаны үшін төлем төледі. Арнасы үлкен өзендердің өткелдерінде қайықтар мен салдар жұмыс жасады. Бекеттерде белгіленген қарауылдар қызмет етті. Халық хат тасу- шы «ям» қызметшісінің ас-суын, көлігіне жем-шөбін беруге міндетті болды. Осының нəтижесінде орталықтан шалғай жатқан аймақтардағы кез-келген сепаратистік іс-əрекеттерден билеушілер дер кезінде хабар алып, шұғыл шешім шығара алатын. Яғни, хандық дəуірдегі қауіпсіздіктің сақталуында «ям» почта жүйесінің қызметі ерекше еді. Кейінге кезеңдерде «ям» жүйесі өзгеріске ұшырап, көп салалы қызмет көрсете бастады. Оны қазақтар «кіре тарту» деп атады.
– Қазақтың əдет-ғұрып заңдарын шариғатпен салыстырып зерттеп жүрсіз. Сіз айтып отырған хандық дəуірдегі осы салықтар шариғат үкімдерімен қаншалықты сабақтасады?
– Қазақтың əдет-ғұрып құқығының нормалары мазмұндық тұрғыдан алғанда шариғат заңдарына қайшы келмейді. Дегенмен, əдет-ғұрып пен шариғат үкімдеріндегі мөлшерлер əртүрлі болып келеді. Яғни, əдет-ғұрып пен шариғат үкімдерінің бір-бірінен формальдік ерекшеліктері бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Айталық, əдет-ғұрып құқығында шариғаттағы дийат, яғни, өлген кісі үшін құн төлеу нормасы қарастырылғанмен, оның мөлшерін белгілеуде локальді ерекшеліктер негізге алынды. Əдет-ғұрып құқығында ер адамның құны 1000 қой, əйел адамның құны 500 қой болып бекітілген. Бұл жердегі əйел адамның құны ер адамның жарты құнын құрауы, шариғатқа сай болғанмен, 1000 немесе 500 деген мөлшер шариғат үкімінде жоқ.
– Ал, əдет-ғұрып пен шариғат үкімдерінің мазмұндық жағынан да мөлшерлік жағынан да толық үйлесетін тұстары бар ма?
– Сұраққа жауап бермес бұрын мына жайттың басын ашып алсақ. Хандық дəуірде қолданыста болған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Əз-Тəукенің «Жеті Жарғысы» секілді заңнамалар Шыңғысханның «Ұлы Ясасынан» (Жосық заңы) бастау алады. Ал, «Ұлы Яса» – Алтын Орда империясының Атазаңы болған. Біз биыл 550 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан Қазақ хандығы осы Алтын Орда империясының төл мұрагері. Алтын Орда жəне хандық дəуірде диқаншылардың табысының оннан бір бөлігі «қалан» салығы деп мемлекет қазынасына алынатын болған. Шариғатта мемлекеттің диқаншының егістік, бау-бақшадан тапқан табысының оннан бір бөлігін салық ретінде алуды «ұшыр» деп атайды. Ал, əдет-ғұрып құқығында жылына бір рет малдың жүзден бірі алынатын салық түрі – «қапшуыр» деп аталады. Шариғатта қырық қойдан бір қой зекет ретінде алынады. Бірақ, қойдың саны екі жүзден асса əрбір жүз қойға бір қой зекет беру парыз. Яғни, көріп отырғанымыздай Алтын Орда жəне хандық дəуірдегі «қалан» мен «қапшуыр» атты салық түрлерінің шариғаттағы ұшыр мен зекетпен мазмұны да мөлшері де толық үйлесіп жатыр. Осыған орай халық кейінгі кезеңдерде қалан мен қапшуырды шариғи атауымен «ұшыр» жəне «зекет» деп айтатын болды.
– Мазмұнды сұхбатыңызға рахмет!
Əңгімелескен Жайық НАҒЫМАШ