– Мұхаммед мырза, Пәкістан елі қалай мұсылман болды және қазіргі таңда ондағы мұсылмандардың жағдайы қалай ?
– Алдымен, Пәкістан еліне исламның келуінен бастайтын болсақ, ислам біздің елге 2-ші һижраның басында Мұхамед ибн Қасымның бастауымен келді. Пәкістандықтардың мұсылман болуымен қатар Индияда мұсыландар мен индустардың арасында көптеген келіспеушіліктер болды. Сол уақытта индустарға Еуропадан ағылшындар келіп демеу бола бастады. Салдарынан 1947 жылы Пәкістан Индиядан бөлініп шығып жеке мемлекет болып құрылды. Себебі, пәкістандық мұсылмандардың саны аз болғандықтан олар Индияның индуизм дінінің ықпалында болғысы келмеді. Сөйтіп, Индияның Солтүстігі екіге бөлінді.
Қазіргі таңда Пәкістанның жағдайы жақсы. Көршілес елдерден қалыспай өз мақсатына жетіп саяси тұрақты дамып келеді. Халық саны 200 миллионнан асып жығылады.
Пәкістан стратегиялық маңызы бар жерде орналасқан. Көршілес елдер сондай-ақ, Орталық Азия елдері көптеген сауда-саттық тауарларын біздің ел арқылы алып өтеді. Бұл дегеніміз Пәкістанның әлемнің сауда-саттық жолында өзіндік орны бар деген сөз.
– Бүгінде индуизм өкілдері мен мұсылмандардың арасында қандай да бір саяси, діни қақтығыстар орын алып тұрады ма?
– Мұндай қақтығыстар Пәкістан өзінің тәуелсіздігін алмай тұрып орын алған. Алайда, қазіргі таңда екі дін өкілдері арасында ешбір қақтығыстар жоқ. Дегенмен, Пәкістан мен Индия арасында мемлекеттік дәрежеде кейбір саяси көзқарастар болып жатады. Бірақ, бұл дін өкілдерінің қарым-қатынасына, тыныш өмір сүруіне ешқандай кедергі келтірмейді.
– Кез-келген елдің өзіндік ата-бабадан қалған салт-дәстүрі, дүниетанымы болатыны ақиқат. Осы секілді Пәкістан халқының да сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан өзіндік салт-дәстүрлері бар шығар. Осы салт-дәстүрлер ислам дінінің елге келуімен сабақтастығы қалай болды?
– Біз арабтардан дінді үйрендік, бірақ, біз олардан салт-дәстүр мен мәдениетті үйренген жоқпыз. Біздің бойымызға сіңген жеке салтымыз бен мәдениетіміз бар. Дегенмен, ислам діні келіп оның негізгі қағидаларына сәйкес келмейтін біздің табиғатымыздағы бұрыннан қалыптасқан дұрыс емес бағыттағы әдет-ғұрыптардан бір жолата алшақтадық. Яғни, ислам діні келіп бізді бір сүзгіден өткізіп онымен санасатын әдет-ғұрыптарымыз беп салт-дәстүрлеріміз сол қалпында дінмен сабақтасып келе жатыр. Осы сияқты біздің салт-дәстүрге байланысты өзіміздің киетін киім үлгіміз бар. Ислам діні біздерге әуретті жерлерді жабуды бұйырады бірақ, оның арнайы киім үлгісімен жабуды міндеттемейді. «Әр елдің салты басқа иті қара қасқа» демекші, әр елдің өзіндік киетін киім үлгісі бар. Сол киімдері арқылы әуретті жерлерді жапса болғаны. Демек, біз исламнан белгілі бір бұйрық алдық ал, сол бұйрықты орындау жолдары әр елде әртүрлі болып отырады. Тек, шектен шығып исламның негізгі қағидасына қарсы келмесе болғаны.
Қалай дегенде де, Пәкістанда салт-дәстүрді діннен ажыратқысы келетін асыра сілтеушілер арамызда жоқ емес. Оларға қарсы мемлекет тарапынан көптеген тосқауыл жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, арнайы мемлекеттік органдар олардың әдебиеттерінің халық арасында таралмауын қадағалап, қоғамдық жерлерде профилактика жұсыстарын үздіксіз жүргізіп отырады. Осының арқасында елімізде мұсылмандардың ауызбіршілігі мен тыныштығы нығайып отыр.
– Бүгінде әлемді үркітіп отырған террористік ұйымдардың бірі – ИШИМ. Осы ИШИМ-нің идеологиясын қолдайтын қаншама азаматтар ұйымның қатарында жүр. Осы сияқты аталмшы ұйымның қатарына кетуші пәкістандықтардың саны қанша және үкімет олардың жолын қию үшін нендей шаралар қолданып жатыр?
– Әрине, ИШИМ десе қазіргі таңда оның қатерінен үрейленбейтін жан жоқ шығар. Пәкістан үкіметі қашанда бұл идеологияны қолдаған емес және қолдамайды да. Өкінішке орай, ұйымның жалауын желбіретемін деушілердің қатарында біздің де қандастарымыз аз емес. Әйтсе де, үкімет тарапы мұндай теріс бағыттағы діни көзқарастың қоғамға кіріп кетпеуін қатты қадағалауда. Мәселен, бізде мемлекет тарапынан арнайы топ құрылған. Олар халықтың арасында қоғамдық жерлерде осындай ИШИМ секілді ұйым мүшелерінің уағыз-насихаттарының жүрмеуін бақылауда ұстайды.
Сонымен қатар теріс топтарға түсушілердің басым көпшілігі жастар болғандықтан мемлекет тарапынан діни ағартушылықпен айналысатын арнайы топ құрып олар университет студенттерінің арасында тиісті кездесулер жүргізіп тұрады. Мұның барлығы дерлік елдегі діни тұрақтылықты сақтауға елеулі ықпалын тигізіп отыр десе болады.
– Бүгінде мұсылман елдерінің артта қалу себептері неде? Не үшін мұсылмандар бірігіп өзгеге үлгі тұтарлық күшке айнала алмай жатыр?
– Қазіргі таңда мұсылмандардың басы біріге алмай ауызбіршілікті жоғалтып артта қалуды себептері көп. Мұсылмандар бүгінде ілгері жылжу үшін ешбір артық қадам басып жатқан жоқ. Исламның өркениеті ислам тараған қоғамның дамуына байланысты өсіп отырады. Өкінішке орай, мұсылман әлемінде осындай қоғамның дамуына түрткі болатын ұлы тұлғалар мен ой-пікірлердің жоқ болып отыр. Бұған қоса мұсылман әлемінде университеттер басқа да оқу ордалары дұрыс білім беру жүйесінде келе жатқан жоқ деп ойлаймын. Себебі, білімге көп нәрсе байланысты. Ал, білім жоқ жерде ілгері даму жоқ. Сондай-ақ, Таяу Шығыстағы саяси тұрақсыздықтаң да мұсылмандарды тежеуге ықпалы өте зор. Өйткені, елінің саяси дағдарысын бастан өткерген халық ілгері дамудың иісінде сезбейді. Осы сияқты керітартпа себептердің салдарынан ислам әлемі артта қалып отыр.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Айдар ӘБУОВ,
KazIslam.kz