«Кемшіліктерді таразылай келе жаңа деңгейге көтерілдік»
– Мұхамеджан аға, бұл марапат ұжымның осы уақытқа дейінгі атқарған жұмысына берілген жоғары баға. Жалпы, осы кездесуден қандай ой түйдіңіз?
– Қоғамда жақсылықты өрістету үшін оның заңдылықтарын білуіміз шарт. Ал дүниенің ең үлкен бақыты неде? Танымал профессор Мұхтар Арынның: «Кез келген ұлттың ұлт болып ұйысып, мемлекет ретінде танылуына қызмет ететін бес құндылық бар» деген сөзі есімізде. Ол: тілі, діні, салт-дәстүрі, тарихи санасы және атамекені. Аллаға шүкір, бізде осы бесеуі де бар. Осы бес құндылық сақталған кезде ғана мемлекеттің іргесі мықты болады. Жер бетінде бір-бірінен кем түспейтін ұлттар мен ұлыстар көп қой. Бірақ Елбасымыз айтқандай, туын тігейін десе, алақандай жері жоқ, аттап шығайын десе, шекарасы, барып мұң-мұқтажын айтайын десе, патшасы жоқ ұлттар бар. Шүкір, туымызды тігеміз десек, байтақ жеріміз, мақтанатын ұлттық салтымыз бен дәстүріміз, адамзатты өркениетке жеткізетін хақ дініміз, мәртебесі биік, шұрайлы, бай тіліміз бар. Осы асыл құндылықтарымызды сақтап қалатын ең үлкен тұғыр – ол дініміздің бүтіндігі. «Асыл арна» телеарнасы ашылған күннен бері ұлттық құндылықтарды асыл дінімізбен сабақтастыра отырып, халықты рухани қанағаттандыруды мақсат тұтып келеді. Өйткені, мемлекет пен дінді бөлек дегенімізбен, халықтың рухани байлығын мемлекеттен бөлек қарастыру әсте мүмкін емес. Бұл ретте еліміздегі дәстүрлі Исламның бірден-бір мойындалған құрылымы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы конфессияаралық татулық пен толеранттылықты нығайта отырып, Ислам дінін зайырлы мемлекет аясында аксиологиялық құндылық дәрежесіне жеткізудің шарттарын қамтамасыз етіп отыр. Діни басқарма халқымызды ортақ рухани құндылықтар мен мақсаттарға қол жеткізуде топтастырып, әлеуметтік-рухани ритмиканы тұрақтандырды. Демек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тікелей қолдауындағы «Асыл арна» телеарнасының жұмысын осы маңызды миссияның өнімді нәтижесі деп қарастыруға әбден болады.
Мойнына артылған жүкті сезінген «Асыл арна» эфирге шыққалы бері Қазақстандағы үш мыңнан астам мешіттерде айтылатын имамдарымыздың көркем насихатының халыққа кең таралуына, ел тәуелсіздігі мен мемлекет тыныштығын көзіміздің қарашығындай сақтауымызға, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге қызмет етіп келеді. Алла қаласа, әрмен қарай да мемлекеттің қамқорлығына сүйене отырып, алтын қазық, қарашаңырақ атанған Діни басқарманың рухани саладағы қайраткерлік тірліктері аясында, соның қазанында қайнай жүріп, жүйелі жұмысымызды жалғастырмақпыз. Біз жаңа заманда құрылған алғашқы рухани арна болғандықтан, кәсібилік қағидаттарының кейбір мәселелерінде кемшіліктердің орын алуы заңдылық. Бірақ «көш жүре түзеледі» демекші, қазір солардың көбін таразылай келе жұмыс жасаудың жаңа деңгейіне көтерілдік деп айта аламын.
– Мойындау керек, отандық телеарналарда діни сауаттылықты кеңінен насихаттайтын бағдарламалар жетіспейді. Бұл ретте өзіңіз басқарып отырған «Асыл арна» осы уақытқа дейін жастарды адамдыққа, имандыққа тәрбиелеуде өзгелерге үлгі бола білді. Тыңнан түрен салатын тағы қандай жобаларыңыз бар?
– Былтыр ғана арнамыздың бес жылдығын атап өтіп, халықтың алдында істеген жұмыстарымызды таразыладық. Бізге не қажет? Ең алдымен бізден технологиялық және шығармашылық кәсіби мүмкіндіктер тұрғысынан әрдайым даму талап етіледі. Екінші жағынан, Діни басқармамен бірлесе отырып, рухани идеологиялық бағытымызды жоспарлап, ел-жұртқа қызықты әрі құнды дүниелер ұсынбақпыз. Біз Еуропа мұсылмандарының тұрмысы жайлы хабарлар әзірлей жүріп, байтақ еліміздің ауыл-аймақтары туралы айтпай, көрсетпей кетпейміз. Қажылықтан онлайн көрсетілім бере отырып, тарихымыз бен тұрмысымызбен қатар өрілген, ұрпаққа мирас этнографиямыз мен ұлттық спортымыздың ұңғыл-шұңғылын зерттеп бағдарлама әзірлеуді де ұмытпаймыз. Сан түрлі заңдық құжаттарды рәсімдеудің қыр-сырымен қатар, дәмді тағам әзірлеуді де үйретеміз. Қай жағынан да көрерменді лайықты мұсылман болуға қызықтыратын дүниелермен қамтуға тырысамыз.
Мәселен, руханиятымыз бен асыл дінімізді насихаттайтын көркем фильмдер түсіруде алғашқы жұмыстар басталды. Мультипликация, анимация саласында да балалар мен жеткіншектерімізге қызықты болатын дүниелер қолға алынуда. Ауыз толтырып айтатын нәтиже, бұйырса, алдағы күннің еншісінде. Сондай-ақ, шетелдегі мұсылмандардың өмірі, олардың жеткен жетістіктері мен бізді шүкіршілікке жетелейтін жағдайлар туралы деректі фильмдер түсіру жоспарда бар. Тағы бір үлкен жетістігіміз – жыл сайын әлем мұсылмандарының басы қосылатын қажылық маусымында қасиетті Мекке мен Мәдинадан тікелей эфир ұйымдастырып келеміз. Қажылыққа
барған отандастарымыздың туған-туыспен тікелей эфирде байланысуы, бір-біріне ақ тілек, ниетін айтуы, мұны көрген әрбір көрерменнің жүрегі лүпілдеп, өзінің табаны Меккенің топырағына тигендей ерекше сезімге бөленуі – біздің шығармашылық ұжым үшін үлкен мәртебе.
– Жалпы, телеарна тізгінін ұстау оңай дүние емес. Басшылыққа келгенге дейінгі рухани саладағы қызметіңізді ел жақсы біледі. Үлкен білім мен парасаттан бөлек мықты ұйымдастырушылықты қажет ететін телеарна директорлығына қалай келдіңіз?
– Шынында, халықпен жұмыс жасау үлкен жауапкершілік әрі сауапты іс. Хадисте «Алла үшін ең ұнамды адамдар – өзгелерге пайдалы болғандары» делінген. Мұны былайша түсіндірер едім, қай заманда да ғұламалар қоғамда адамдарды екі топқа жіктеп жатқызған екен.Олар – қоғамдық тұлғалар және отбасылық тұлғалар. Екі жікті қалай ажыратқан? Өмірден бір адамдар өтеді, оған отбасы мен жақындары қайғырады, яғни ол, әулетіне қадірлі – отбасылық тұлға. Ал қоғамдық тұлға өмірден өтсе, бүкіл қоғам болып қайғырады. Орны ойсырап, жоқтығы білініп қалады. Сондықтан халықпен жұмыс істейтін адамдар қай кезде де қоғамның тамырының бүлкілін білетін, оның ішкі-сыртқы сырынан хабардар болуы керек.
Адамзат жаралғалы бері келе жатқан екі тартыс бар. Жамандыққа шақыру мен жақсылыққа шақыру. Ақыл-ғылымымен дараланған немесе Құдай ерекше қабілет берген әр адам лайық болған ниет-пиғылына орай осы екі жолдың бірінде болады. Қоғамды тәрбиелейтін көсем, рас, біз емеспіз. Өзімді осы жұрттың маңдай алды данасы, ақылгөйі сезініп жүрген мен жоқ. Бірақ, «айтылмаса, сөздің атасы өледі» дейді ғой. Сол жауапкершілік пен қажеттілікті сезінген соң, қолдан келген қызметімізді жасап жүрген жайымыз бар. Тағы да сол тарихты ақтарсақ, қазына қариясы азайған қоғамда қырықтан асқан жанашыр ұлдар сол ақсақалдардың орнын басуға мәжбүр болып қалады екен. Алмағайып заман боп, қаймағы сылынып, байрағы жығылып, ғылымы тоналып, ғалымы жоғалған кезде, орда бұзар отыздағылар қырыққа жетпей қамал алып, тәжірибесі толыспаса да қырықтан асқан жігіттер ел жүгін көтеріп, «ақсақалдықтың» арбасын сүйреуге тура келіп жатады. Әйтпесе жиырмадағы жігіттің уағыз айтып, отыздағы жігіттің «пәтуа» айтқанына мұқтаж ел ме едік? Сондықтан, бұл қызметке ақпараттық салада рухани насихаттың жетімсіздігіне көз жеткізіп барып келдік.
Елбасымыз бір сөзінде «әр қазақстандық осы елге қандай үлесімді қосамын деген жауапкершілікті сезінуі керек» демеп пе еді? Мен де «осы мемлекетке, қаймана жұртқа қай тұрғыдан пайдамды келтіремін, қай кетікке қандай кірпіш боп қалана аламын» деген сауалға жауап іздедім. Өйткені, айтыс саласында белгілі дәрежеде өнерімді өрнектедім, берерімді беріп, беделім өз биігінде тұрған кезде артымдағы жастарға аға болып, айтыс сахнасынан ұзақтадым.
Сол уақыттан бастап рухани-ақпараттық саладағы жұмыстарға ден қойдым. Алдымен студия құрып, фильмдер түсірдік, мемлекеттік телеарна арқылы «Жұмадағы жүздесу», Қазақ радиосында «Құбыла» деген хабарым арқылы біраз бағымды сынадым. Халық жылы қабылдап, ықыласын білдіріп, дұрыс пікірлер айтылған соң, әрі қарай телестудия аштық. Алдымен, Алматы қаласында жұмысымызды жандандырдық. Әрине, мұның бәрі оңайға соққан жоқ, кәсіби майталман журналист табудың қиындығын сезіндік, қолдан келгенше өз ортамызда тәрбиелеп шығардық. Алдымен Алланың жәрдемі, содан кейін мемлекеттің сенімі мен Діни басқарманың көмегі арқасында осы күндерге жеттік. Рухани саладағы ауызбіршілік пен діни тұтастыққа қызмет ету тек қана мешіт қызметкерлері мен имамдардың ғана жұмысы емес, бұл мақсат үшін әрбір қазақстандық қай жерде болмасын өзінің үлесін қоса жүруі керек деп білемін.
«Өмір – жақсы адамдармен ғана сәулелі»
– Мұхамеджан аға, исламда көркем мінез туралы көп айтылады. Жуырда әлеуметтік желіде бір ата-ана: «Баламды жақсылық жасағаннан ләззат алатын адам етіп тәрбиелегім келеді. Бірақ… жамандыққа бармайтынын «өзгелер» пайдаланып кете ме деп қорқам…» деп жазыпты. Шынында, бүгінгі қоғам көркем мінезді емес, қоғамға бейімделе өмір сүруді талап ете ме?
– Қазақ «Торғайдан қорыққан тары екпейді» дейді. Адам баласы қай салада болмасын, жақсы істің бастаушысы, соны дамытушы, өркендетуші. Бірақ жақсы іс жүзеге аспау үшін, оның жолында көп кедергі болатыны заңдылық. Мақалда айтылғандай, еккен егінімізді кеміргіштер, құрт-құмырсқа немесе құстар жеп кетуі мүмкін. Алайда, біз одан қорқып игілікті істі тоқтатып қоймаймыз. Сол сияқты мына қоғам ізгі ниеттілермен ғана көркейіп дамиды. Фәни өмір жақсы адамдармен ғана берекелі, солармен ғана нұрлы әрі сәулелі. Алла Тағала Құранда мұндай адамдарды мақтайды: «Әрі әр-Рахманның құлдары жер бетінде кішіпейілділікпен сыпайы жүріп, оларға надандар тіл тигізсе: «Сәлем (Тыныштық болсын!)» деп айтатындар» («Фұрқан» сүресі, 63-аят). Иә, Исламның негізгі мақсаттарының бірі – мінездердің жақсысын одан әрмен көркемдеу, безендіру, дамыту. Ал мінездердің жаманын жеңуге, жоюға, түп-тамырымен түзетуге көмектесу. Пайғамбарымыздың (с.а.у) өзі: «Мен көркем мінездерді толықтастыру үшін жіберілдім»,– деген жоқ па?
Баламызды бақытты ғұмыр кешу үшін көркем мінезді етіп тәрбиелесек, ертең ол қоғамға керексіз болып, қағажу көріп, қалтарыста қалып қоймас па екен деп қорқудың қажеті жоқ. Біз жақсы етіп тәрбиелегеннен еш уақытта ұтылмаймыз. Әрине, ата-ана болғандықтан, перзентімізге бар жылуымызды беріп, мейірімге шомылдырып, мәпелеп өсіріп, ертеңгі күніне де ерекше алаңдауымыз табиғи заңдылық. Бірақ, ол бала – жеке тұлға. Алла Тағала оның жүрегін бекем қып, көңілін орнықты етіп қоятын болса, небір жаман адамдардың ортасында жүрсе де, біз қауіптенгендей ол қиналмайды. Қандай ортада, қандай қиын жағдайда болса да, Алла қолдап, жолын жеңілдетеді. Жақсы адамның қай кезде де жолы ашық. Сондықтан баламызға жақсы тәрбие беруге ешнәрсе кедергі болмау керек. Керісінше, жақсы баланы тәрбиелеу арқылы әрқайсысымыз нашар мінезді адамдардың санын азайтып, қоғамды нұрландыруға үлес қосамыз. Балаға жамандық үйретпесек, соның өзі жақсы тәрбие. Бала тәрбиесі – таудан сырғанаған шана секілді. Бағыттап отырсаң болды. Жас баланың жүрегі таза болған соң, жақсы тәрбие берсең, соған қарай ұйып түседі.
Осы ретте бір мысал айта кетейін. Мұса пайғамбарға анасы жүкті болған уақытта перғауын өзінің көріпкелдері арқылы болашақта өзіне қас қылатын адамның дүниеге келетінінен хабардар болады. Сондықтан барлық жүкті әйелдердің ішін жарып, екі жылда бір бүкіл ұл балаларды өлтіруге бұйрық береді. Осы кезде Мұсаның да анасының көңіліне қауіп кіреді. Алайда, Алла Тағала оның көкейіне «Сен балаңды Ніл өзеніне ағыз», «Балаң үшін алаңдама, Алла жауап береді» деген ой салады. Сөйтіп, анасы жарық дүниеге сәбиін әкелгеннен кейін көп уақыт өтпей оны сандықшаға салады да, Ніл өзеніне ағызып жібереді. Алла уәдесінде тұрушы! Ол баланы ағызып әкеліп, патшаның сарайының ішінен өткізіп әрі баладан қауіп келуі мүмкін екенін перғауынға ұмыттырып, әйелі Әсия екеуінің жүрегіне мейірім салады. Былайша айтқанда, ол баланың болашағы үшін басты қауіп-қатер болған перғауынның қолында рахат көргізіп қояды әрі шешесін алдыртып, Мұсаны омырауына қайта салады. Сондықтан, балаға көркем тәрбие беру – Алланың сөзі Құранда да, Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерінде де айтылған. «Алла Тағала Құранда: «Ей, иман еткендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны тастар мен адамдардан тұратын оттан қорғаңдар» («Тахрим» сүресі, 6-аят) десе, Пайғамбарымыз (с.а.у): «Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды» дейді. Жақсы тәрбие – баланың ата-анасындағы хақысы болғандықтан, онда сөзсіз береке, игілік болады деген сөз.
«Нағыз патриотизмнің астарында рухани тазалық бар»
–Тәрбие туралы айтқанда, әрине отбасы құндылықтарын сөз етеміз. Жасыратыны жоқ, сондай құндылықтың бірі – отаншылдық сезімін қазір әркім әрқалай түсінеді. «Отанды сүю – иманнан». Әрине, оны түсінетін патриот жастарымыздың көбейіп келе жатқаны қуантады. Десек те, арамызда кейбір шетел көрген жастарда жаһандану заманында қай елде өмір сүрсең, қай елде жағдайың жақсы болса, сол – Отаның деген көзқарасты байқап жатқандар бар. Олардың ұстанымының бұлай өзгеруі дұрыс па?
– Бұл тәрбиеден бастау алатын нәрсе. Бүгінгі ұлт ретінде жұмылатын үлкен жұмыстың бірі – ақырын алға жылжып келе жатқан мемлекетшілдік сананы сіңіруді жеделдету дер едім. Бүлдіршіндерге абыройлы тұлғаларды айту арқылы рулық, ұлттық деңгейдегі намысты үйретуге тырысып-ақ жатырмыз, бірақ мемлекетшілдікті санаға сіңіруіміз әлі де жеткілікті дәрежесіне жете алмауда. Мәселен, жастар саябақтарға барып, қалалық әкімшілік қойған әр түрлі орындықтарды бүлдіріп кетеді, түрлі әбес сөздерді жазып тастайды, сындырады немесе жай қарапайым ғана қоқысты арнайы ыдысқа тастамайды. Көрінген жерді бұзу – бұл әлі мемлекеттік сананың жетіспегендігінің көрсеткіші. Бесіктен белі шықпаған баланың ешнәрсені түсінбестен мемлекет басшыларына орынсыз сын айтуы, елінің жақсылығына қуана алмауы, жамандығына жаны ашымауы да сөзімізді айғақтайды. Мұның артында «Бұл – менікі, мемлекет мүлкі – біреудікі» деген стереотип тұр. «Жоқ, бұл – менің мемлекетім, осы мемлекет бай болса, дамыса, өркендесе, соның ішінде мен де жақсы боламын» деген түсінік қалыптаспай жатыр. Сондықтан, өскелең ұрпаққа «бұл – сенің туың, бұл – сенің мемлекетің, сенің әнұраның» деген ұғымдарды сіңіре отырып, яғни, ауылдың баласы, ағайынның баласы емес, мемлекеттің бір үлкен кірпіші болуды да үйрете алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Тікелей сауалыңызға келсек, жастар солай айтты екен деп, біржақты көзқарас қалыптастыруға тағы болмайды. Бір ғана мысал, әдетте, бізге намазды Малайзияға, Түркияға немесе араб елдеріне барған адам үйреніп келетін сияқты көрінеді. Бірақ, христиандық мәдениетке негізделген, технологиясы дамудың биік шыңында тұрған батыс Еуропа елдеріне оқуға барып, сол жерден ата-дәстүріміз болған намазын оқып, ораза ұстауды, ардақты ана тілін келістіре сөйлеуді үйреніп кеп жатқан жастарды білемін. Мұны шетте жүріп өзінің дәстүрлі бұлағына оралып, ана тілі мен ата дінін басты құндылық ретінде қайта үйренуі, соған ықылас танытуы осы рухани тазарудың, ұлтқа, елге, жерге деген махабаттың арқасы деп ойлаймын. Нағыз патриотизмнің астарында рухани тазалық жатыр.
– Осы арада «Діни үгіт-насихатты қазақ тілінде ғана жүргізуіміз керек. Ана тілінің мәселесін шешуде мұның көмегі зор болады» деген ұсынысқа қалай қарайсыз?
– Кез келген тауарды өткізу үшін, оны тұтынушы түсінетін тілге жүгінесіз. Сол сияқты рухани құндылықты адамдарға жеткізуде, олардың қабылдай алатын түсінігіне сай беруіміз керек. Өйткені, біздің адамдарды діни сауатсыздығы немесе рухани әлсіздігі үшін айыптауға хақымыз жоқ. Уақыт пен жағдай, әке-шешенің тәрбиесі солай болды. Енді олардың әр түрлі теріс ағымға кетіп қалмай, нағыз дәстүрлі жолда болуы үшін өздері түсінетін тілде де насихат керек. Хадисте «Ислам – бұл жеңілдік! Және дінге қатысты қасарыспаңдар, әйтпесе, шаршайсыңдар немесе көңілдерің салқындайды. Адамдарды тура жолға бастаңдар, оларды жақындастырыңдар, қуантыңдар» делінеді. (Бұхари). Ардақты сахаба Әли ибн әбу Талиб: «Адамдарға олар түсінетін нәрсені айтыңдар. Олар Алла пен Оның Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өтірікші деп санауын қалайсыңдар ма?» деген.
Біз де осы бағыттағы жұмысымызда әр адамға керек болған құндылықты ол түсінетін жағдайда жеткізуге ерекше мән беруіміз керек. Әр адамға тәсіл де әр түрлі. Мәселен, бір адамдар болады, оларға артық ақыл айтудың қажеті жоқ, көзіне ғибратты нәрсені көрсету керек. Енді біреулерге насихат айту керек, ал енді бір келесілеріне қолынан ұстап жолға салған абзал. Сонда ғана адамдар ақиқатты жүрегімен қабылдайды. Әсіресе, біздің қоғам рухани құндылықтарды насихаттау тұрғысынан келгенде аса жұмсақтық пен кірпияз нәзіктікті қажет етеді. Ия, рас, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) Құран араб тілінде түсті. Араб тілінде түскенімен, басқа елге, басқа мәдениеттің өкілдеріне исламды насихаттау керек болғанда, сол жұрттың тілін, дәстүрін білетін, жүрегіне жеткізе алатын адамдарды таңдады. «Қабылдасаңыз да – осы, қабылдамасаңыз да – осы» деп қатты кеткен жоқ. Сондықтан бүгінгі қоғамда рухани құндылықты сіңіру үшін оны жеткізгенде олар түсінетін тілде жеткізу өте маңызды. Әрине, жұрттың бәрі қазақша түсініп, қазақ тілінде қабылдап тұрса, қанекей?!
«Ұлт болып ұйысу – өмір сүрудің формасы»
– Академик Ақселеу Сейдімбек ағамыз «Қазақтың діні – жерсіндірілген ислам» деген екен бір сұхбатында. Бұл біздің дін Құрандағы исламмен сәйкес келе ме?
– Біз Ақселеу ағамызды әдебиетші, этнограф, композитор, қазақтың қамын ойлаған қайраткер ретінде қатты құрметтейміз. Бұл жерде ағамыздың айтып отырғаны, тәуелсіздікке дейін қазақ мәдениеті мен дәстүрлі өміріне араласып кеткен құндылықтар жайлы болуы керек. Ағамыздың уайым шегіп, қабырғасына батқаны – тәуелсіздіктен кейін келген проблемалар. Азаттық алғаннан кейін, еркін ақпараттың есігі айқара ашылды да, онымен бірге біз көтере алатын да, көтере алмайтын да мәселелер Қазақстанға келді. Тоталитарлық секталар өздерінің мүдделерін тықпалады, кейбір мұсылман елдерінің мәдениетімен суарылған көзқарастар қанат жая бастады. Менің айтпағым, біз жаңа мемлекет құрып жатқан, тарихының тамыры терең, бірақ жапырағы өте нәзік жаңа заманның бедерінде әлі толық гүл ашпаған ұлтпыз. Яғни, тамыры қиянаттан қырқылып, қайта көктеп келе жатқан елміз. Сондықтан, кез келген салада осы кезеңге керек дүниені ажыратып алу аса маңызды. Мәселен, кезінде рухани құндылығымыз болған хандарымыздың «Жеті жарғысын» бүгінгі күнге бүтіндей көшіріп әкеле алмаймыз. Немесе кешегі 70 жыл кеңестік кезеңдегі дін тұрғысынан айтылмаса да, сол кезге тән адами құндылықтардың бәрінен бас тарта алмаймыз. Жиырма бірінші ғасырдағы тәуелсіз Қазақстанның рухани кеңістігіне жарасатындай, біздің ұлт ретінде дамуымызға толық кепіл бола алатын рухани жолымызды өзіміз таңдаймыз. Қазір діни тұрғыдан, бізге араб бүтін өлшем бола алмайды, түбі бір туысқан болғанмен түріктің де қалыбы бірден сәйкес келе бермейді. Адамзат дамуының артқы көшінде келе жатқан Пәкістан, Ауғанстан сияқты елдердің тарапынан айтылып жүрген әңгімелер де көп жағдайда қажет емес. Менің ойымша, біз кешегі көшпелілер өркениеті мен қала мәдениетін қабыстыра білген, қадірі зор тарихи тұлғаларымыздың айтып кеткен өсиет-өнегелерін, өлмес рухани мұраларын, уақыт сынынан өткен асыл құндылықтарын, тура осы тәуелсіз елдің талабына жауап беретіндей талғампаздықпен екшеп алуымыз керек. Біз тарихта шынында ешкімнің алдында ұялатын жағдайда емеспіз. Тарихи тамырымыз – мықты, тегіміз –терең. Бірақ, тамырымыз солай бола тұра тағдырымыз өте аянышты. Кінәмізден таптық па, басқа түскен небір қиын кезеңдерді артқа тастадық. Адалды арам, жақсыны жаман дедік. Рухани және ұлттық деңгейдегі көсемдер түгілі, отының басы, ошағының тасына ие бола алатын ер-азаматтарға зар болып қалдық. Аллаға шүкір, тазарған шығармыз, тәуелсіздікке еге болдық. Сондықтан, өзіміздің көрпемізге қарай көсіле отырып, асықпай, әр қадамымызды өлшеп, зайырлылық заңдылықтарының кеңістігінде рухани қанатымызды жаюымыз маңызды. Алланың Құранда: «Әй, адам баласы, шүбәсіз сендердi бiр ер, бiр әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» («Хужурат» сүресi, 13-аят) дегеніне сәйкес, исламға қайшы келмейтін қазақшылығымызды сақтау – өте маңызды. Ұлт болып ұйысу – өмір сүрудің формасы. Одан бас тарту – көтере алмайтын шоқпарды белге байлау.
– Сонда бізге қандай ислам керек деп ойлайсыз?
– Әрине, исламның негізі – Құран мен сүннет. Жаратушы Иеміз Құранда: «(Ей, Мұхаммед!) Содан кейін сені істе (дінде) шариғат жолына салдық. Енді соған ілес және білмейтіндердің көңіл құмарлығына ерме» («Жәсия» сүресі, 18-аят) деп хақ жолды көрсетіп берді. Бірақ, әр ұлттың өміріне, оның дамуына енген кезде оны сол жердің ғұламалары мен ғалымдары қалай өлшеп, ыңғайлап берді, соған сай ұстанады. Яғни, Арабияда, Ауғанстанда, Үндістанда немесе Бангладеште жүрген мұсылмандар да Құран мен сүннет деп отыр. Бірақ, олардың тәпсірлеп, ыңғайлап бергені Қазақстанға келмеуі мүмкін. Біздің елдің жағдайында Құран мен сүннеттен бастау алған исламды жергілікті жердің білетін ғұламалары мен ғалымдардың ақыл-кеңесіне сүйене отырып насихаттаған жөн. Бір сөзбен айтқанда, бізге жергілікті жердің шариғатқа қайшы келмейтін салт-дәстүрлерін бойына бүтіндей сіңірген және оны білетін ғұлама ғалымдардың өлшеген насихатына сәйкес ислам керек.
Өкінішке қарай, кейбір адамдардың білімінің төмендігінен немесе дін саласындағы білместігін мойындамау себебінен исламға қай-қайдағы шамандық нәрселерді, не кітабы, не пайғамбары жоқ бір ағымдарды тықпалап көрсеткісі келетіндер бар. Біз халықты тас ғасырына қарай сүйремеуіміз керек. Ата-бабамыз ғасырлар бойы сұрыптап, таразылай келе қабылдаған хақ Ислам дінін өркениетімізге, дамуымызға пайдалана білуіміз абзал.
«Біздің білім мен таным күшейген сайын, дұшпанның да айласы артып келеді»
– Бұрын қазақ руға бөлінетін еді, қазір түрлі дінге, одан қалса бір діннің тармақтарына бөлініп, бір-бірінің көзқарасына, сеніміне күмәнмен қарайтын азаматтарымызды да жиі кездестіреміз. Бұлай бөліне берудің себебі неде?
– Бөлінулердің бір ғана себебі жоқ, көптеген факторлары бар. Ең маңыздысы – өтпелі кезеңде өмір сүріп жатқанымыз. Бұл кезеңнің өзінің заңдылықтары бар. Қытайда «Өтпелі кезеңде өмір сүр» деп қарғайды екен. Сондықтан, бұл кезеңде, яғни, көп нәрсе орнын таппай тұрған сәтте таласулар мен тартысулар, бөлінулер ме бөлшектенулер орын алады. Өтпелі кезеңнен тұрақты даму кезеңіне бағыт алып бара жатқандықтан, Алла қаласа, бұл мәселелер де өзінің орайын табады деп есептеймін.
Екіншіден, біздің дін саласындағы қайраткерлеріміз бен діни жамағаттарымыз тым жас. Жастық деген нәрсенің өзі су сияқты таудан құлағанда тасырлап басталады да, кең далаға арнасын тапқан кезде дыбысы білінбей қалады. Сол сияқты дінге алғаш келгенде діни білімнің шетін, дәмін ала бастағанда өзі тасыр-тұсыр етіп, жұрттың бәрін бір күнде өзі сияқты өзгергенін қалайтын адамдар көп болады. Ал, кейін ол адам дінді терең түсініп, оның ішкі сырын, қырын үйреніп-білгенде суы мол, түбі терең өзен секілді тебіреніп қана ағып, жолындағының бәрін көгертіп, әрбір өскінге нәр беретін дарияға айналады. Бөлінушіліктің бір себебі – діни бағытта насихат айтып жүргендердің жастығы.
Тағы бір себебі – жас мемлекетпіз. Біз әлі рухани қорғаныш қабілеті толық қалыптаспаған елміз. Оның үстіне бізге ақылын айтып, жол көрсетіп, үлгі болғысы келетін мыңжылдан бері діни дәстүрі үзілмеген елдер мен жұрттар бар. Біздің рухани көкірегіміз үшін талас жүріп жатыр. Сыртта санамыз үшін тартыс қызуда.
Төртінші себебі, біз бұқаралық ақпараттық кеңістіктің ашық кезеңінде, демократиялық принциптерге сай ашық қоғамда өмір сүрудеміз. Ал, ашық қоғам болған жерде ақпараттың аузын тығындап қоя алмайсың. Әр адамның ақпаратқа қолжетімділігі оңай болған кезде, олар өзінше ой қорытып, өзінше пікір қалыптастырады.
Бесіншісі – исламофобия. Бұл – қауіпті. Әрбір адамның бойында мұсылмандық намаз оқумен, садақа берумен, оның ғибадатханаға баруымен ғана шектелмеуі керек. Алдымен оның әділдігі, сөзде тұруы, аманатшылдығы, ұлтын сүюі, басшысына бағынуы, өз кәсібінің майталман маманына айналуымен алға шығу керек. Яғни, діни сипаты емес, діннің талабындағы осындай қасиеттер табиғатынан, болмысынан көрініс берсе, қоғамда бір-біріне төзбеушілік азаяр еді. Діннің игілігін болмысына сіңіріп, өзінің жақсы қасиетін көрсететін мұсылмандар көбейген кезде ғана әділетті қоғам қалыптаса бастайды. Бөлінушіліктер азайып, бірігушілік болады. Бірақ, сенің болмысың бірігіп кететіндей қасиеттерге суарылмаған болса, қанша бірігейік дегенді айтқанмен, бөлуші болып жүргеніңді түсінбей қалуың мүмкін. Яғни, бірігу тек тілде емес, жүректе, адамның бүтіндей амалында көрініс табады.
«Бабаларымыздың мықтылығын дәлелдегіміз келсе, аманатына адал болайық»
– Өзіңіз айтқандай, ақпараттың аузын тығындай алмайтын заманда келеңсіз жаңалыққа қазақ жастары да ілігуде. Сөзімнің дәлелі – жатқа кеткен жиһадшыл жерлестеріміз. Қарапайым отбасыдан шыққан баланың әп сәтте елін, жерін тастап, шекара асып кетуі, одан келетін қауіп туралы не айтуға болады?
– Бұл да сол жоғарыда айтқан заңдылықтардан келіп шығады. Жақында Өзбекстанда Мұхамед Садық есімді ғұлама кісі қайтыс болды. Сол кісіге дұға қылып жатқанда ішімде мынадай ой келді. Мұқағали ағамыз «Ақсақалы жоқ ауыл – жетім» дегендей, біз ғұламалары қырылып, кеңестік кезеңде негізі қаланбай, ғұламамен сусындамаған жетім халық екенбіз. Иә, уағыз айтып, кітап жазып, ғалымдыққа бет бұрған бауырларымызға Алла береке берсін. Бірақ олардың көпшілігі қырыққа жетпеген азаматтар. Ал, Мұхамед Садық сияқты алысты да, жақында да көрген, алпысқа келгенше кітап жазған, шетелдік ғалымдармен араласқан, тәжірибесі мен тәлімі мол, көргені көп ғұламамыз жоқ. Өкінішті-ақ. Көп жағдайда жастарымыздың басқа нәрсеге ұрынып кетуінің бір себебі – олардың жүректегі қалауын тауып беретін орта қалыптастыра алмауымыз дер едім. Яғни, көп жағдайда балада бір сұрақ туындаған кезде, отбасындағы асыраушы әке-шешесі оған рухани бағыт-бағдар бере алмауда. Ал, қоғамға барса, әзірге мешіттер аз, ол жерде насихат айтатындардың көбі жастар. Мықты уағыз айтатын дәстүрлі мектептен шыққан өкілдеріміздің қарасы енді ғана көбейе бастады.Сондықтан сары ауыз, сабырсыз жастар басқа бір нәрселерге аңсары ауып, соның салдарынан теріс жолдарға түсіп кетіп жатады. Сырттан бізге суық қолын созып, жастарды жаман жолға итермеушілер бар. Және іштен оларға ие бола алатын абыройлы адамдарға төтенше жағдайда мұқтажбыз. Бұл – ұлттық қасірет. Елдің жайын білетін, елден шыққан білімпаздарды тыңдау, қай кезде де пайда береді. Бір елдің басына оқ жауып, бір елге бір ел бор жағып тұрған заманда тыныштығымызды тырнақ-тісімізбен жабысып қорғауымыз керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) он үш жыл бойы Меккеде «Алладан басқа ешкімге табынба» деген уағызды айтқан болса, жетпіс жыл жер бауырлап, діні мен ділі енді еске түсіп жатқан елдің есін шығармай, еппен ескертіп, данышпан бабаларымыздың жолына даналықпен шақыруымыз қажет.
Жалпы, жиһад деген нәрсе айтылса, онымен бірге патша да қоса айтылады. Неге? Себебі, жиһад патшаның әмірімен, үкімімен болады. Ал біздің әміріміз – Елбасы. Көшбасшымыз қандай саясат ұстанса, қандай жолды көрсетіп отырса, біз сол бұйрыққа бағынып, соның негізінде ғана қандай да бір іс-әрекетке баруымыз керек. Бұл бағытта шешім шығаратын Елбасы нұсқаған жолмен жүргенде ғана, иншалла Алланың ризашылығы жауады. Оны дұшпандар да біледі. Жастардың күн сайын «жиһад» деген ұғымға байланысты танымы күшейіп келе жатқанын, оңайлықпен шетелге шыға қоймайтынын білгендіктен, теріс пиғылды дін атын жамылған топтар оларды алдап-арбауға көшті. Бұрын «әл Каида» деген топ болса, қазір өздерінің атауын «Ислам мемлекеті» деп атаған тобырлық, сойқан жүйе құрылды. Ондағы негізі мақсат – мемлекет деп айтылса, ол мемлекеттің әмірі бар болса, жиһад туралы түсінікті алған адам басын оққа байлайды. Яғни, біздің білім мен таным күшейген сайын, дұшпандардың да айласы, қулығы артып келеді. Шындығында, ол жерде ешқандай да шынайы мемлекет жоқ. Бар болғаны тек жастарды алдап-арбап өз жолына түсіру. Бұл жағдайға арандап қалмауымыз керек.
Аузынан ана сүті кеппеген, танымы қалыптасып үлгермеген қаншама жастар аяғы жеткен жерден барып, қолына түскенін алып кеп жатыр. Алла қаласа, уақыт бәрін орнына қояр. Бір-бірімізге деген мейіріміміз кетпесін. Тасырлап жүргендерімізді тәрбиелейік, масыл боп жүргендерімізге әңгімелейік, көрсетейік, көмбенің көзін ашайық. Бабаларымыздың мықтылығын дәлелдегіміз келсе, аманатына адал болайық. Асылдарымыздың атын ғана малданбай, артына қалдырған өнегесін өмірде қолданайық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ