Бүгін, яғни, 13 маусым – Алаш жылнамасындағы тарихи күн. 1911 жылдың 13 маусымында заңгер, қоғам қайраткері Барлыбек Сырттанұлы «Қазақ елінің Уставы» деп аталатын алғашқы қазақ Конституциясын жазды. Осы орайда Алаш қайраткерінің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін, шығармашылық мұрасын зерттеп, танып жүрген жас алаштанушы, жазушы Елдос Тоқтарбаймен әңгіме өрбіткен едік.
–Елдос мырза, жуырда ғана «Барлыбек туралы бірер сөз…» атты тарихи толғамыңыздың жарық көргенін білеміз. Ең алдымен Б.Сырттанұлының өмір жолын зерттеуге не түрткі болды, сұхбатымызды осыдан бастасақ…
–ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси өмірімізге белсене араласқан қазақтың үлкен қайраткері, ойшыл Барлыбек Сырттанұлының өмір жолын зерттеуім тұлғаның бүгінгі уақытта жас ұрпаққа беймәлім есім болуынан басталды. Бұл атамыз – қазақ тарихындағы ерекше із қалдырған даңқты тұлғалардың бірегейі. Себебі, ең алғаш рет Жетісу қазағының ішінен жоғары білімді иеленген (Санкт-Петербург Императорлық университеті, 1886-1890) және шығыстану факультетін бірінші болып бітірген түркі тілдес халық өкілі.
Сонымен қатар, ұлт-азаттық қозғалысының теориялық негізін салған Алаштың ізашар буынының төлбасы әрі саяси сахнаға шығып, бұратана халықтың мұң-зарын, арыз-шағымын Патшалық билікке жеткізуге себепкер болған, қазақтың жер мәселесін, шекаралық межелеу процесін көтерген ірі фигура.
Тұлғаның осындай елшіл, мемлекетшіл қасиеттері мені қызықтырды және оның бүгінгі күнменен астасып, сабақтасып жатқан салихалы сөздері күннен-күнге ынтықтыра түсті. Ол қандай сөздер деп таңқалып отырған боларсыз, айтайын: Барлыбектің жазып қалдырған қарапайым сөздерінің бүгінгі күні теориялық-ұғымдық категорияға, глоссарийлік тірек сөзге айналғандығы.
Біздің бүгін қолданып жүрген «Қазақ елі», «Парламент», «Мәжіліс», «Президент», «Сот», «Министр», «Судья», «Суд присяжный» сияқты тағы басқа сөздерді ғылыми айналымға енгізген осы – зерек ойлы арысымыз. Аталған сөздердің барлығы алғаш рет автордың Конституциялық «Қазақ елінің Уставы» еңбегінде жазылған. Ойлап қараңызшы, бұл сөздердің барлығы ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында айтылып отыр.
Көреген Барлыбектің республикалық, мемлекеттік идеясы арада 80 жыл өткен соң, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Конституциясында айқын көрініс тапты. Міне, көрдіңіз бе, бұл – ХХ ғасырдағы қазақ азаматының жан-жақты терең әрі жемісті білімінің нәтижесі.
Барлыбектің бұл сөздерді алғаш болып қолдануының маңызы сол – ол университет қабырғасында оқып жүргенде шығыстанудың базалық пәндерінен бөлек, «Халықаралық саясаттану», «Халықаралық құқық», «Қаржылық құқық», «Полицейлік құқық», «Орыс мемлекетінің құқығы» сияқты тағы басқа заң ілімінің курстарын игерген. Бұның бәрін архив мәліметіне сай айтып отырмын.
№892 диплом – Барлыбек Сырттанұлының жоғары оқу орнын бітіргендігін растайтын тарихи құжат. Іздеймін, көремін, оқимын деген оқырман болса, «Барлыбек туралы бірер сөз…» еңбегімнен толыққанды мәлімет ала алады.
Мемлекет атын «Қазақ елі Республикасы» деп атауды ұсынған
–Б.Сырттанұлы конституциялық еңбегінде республика, мемлекет туралы тұшымды ой айтты дейсіз. Ол қандай республика құруды ұсынды?
–Бұл еңбектің қысқаша тарихын айтайын: 1911 жылдың 13 маусымында Санкт-Петербург қаласында тұрып жатқан Әлихан Бөкейханның пәтерінде жазылған. Сенсеңіз, бір-ақ түнде жазылған екен! Құқықтық-саяси құжатты жазуына идея берген замандасы Әлихан еді. Заң кіріспе бөлім, 4 тарау, 28 баптан тұрады.
Барлыбек студент шағында Еуропа, АҚШ сияқты өркениеті озық, ғылыми прогрестік ойы дамыған елдердің заңдарымен, құқықтық-саяси нормалық құжаттарымен және заң іліміне қатысты ғылыми әдебиеттермен танысып, журналдарын оқыған екен. Оның үстіне студент шағында орыстың көрнекті зиялы қауым өкілдерімен, революционер, демократ қайраткерлерімен шығармашылық тығыз байланыста болған.
Барлыбектің өскен ортасы, империя астанасының қоғамдық-мәдени өмірі, орыс интеллегенциясының біліктілігі – оның тұлға, азамат болып қалыптасуына, қайраткерлік көзқарасының дамуына ерекше ықпал еткен. Осындай өмірлік-қоғамдық тәжірибе және империяға кіріптар болған халқының мүшкіл халі оның Конституциялық құжат жазуына түрткі болған.
Заңнамада қазақ елі патшалық ресеймен достастық дәрежесінде ғана болады деп айрықша айтқан. Мәселен, «…Бұдан былай Қазақ елі Россиямен достастық, яғни, доминион дәрежесіндегі қарым-қатынаста болып тұрады».
Барлыбек саяси құжатына мемлекет атын «Қазақ елі Республикасы» деп атап көрсетіп, жеке республикалық мемлекеттің алғышарттарын, ерекшеліктерін айшықтаған. Яғни, мемлекеттің басты нышаны – рәміздері, парламенттік республика болатындығын жазған. Заңнамада қазақ елі патшалық ресеймен достастық дәрежесінде ғана болады деп айрықша айтқан. Мәселен, «…Бұдан былай Қазақ елі Россиямен достастық, яғни, доминион дәрежесіндегі қарым-қатынаста болып тұрады».
Бұл жердегі «доминион» терминін оқымысты «достастық» баламасымен алмастырады. Дүниежүзі тарихынан білетініміздей, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде бірқатар ұсақ мемлекеттер Британияның колониясында болды. Олар өзін-өзі басқару құқығына ие, алым-салықтан босатылған, өз әскері, өз Үкіметі бар жеке дара мемлекет есебінде болған. Еуропаның саяси ілімін жетік меңгерген заңгер «доминион» терминін Британия моделінен синтездеген.
Барлыбек Сырттанұлы тек Алаш қозғалысына ғана қатысып, конституция жазып қоймай, ағартушылық-педагогтік қызметті де, Патшалық биліктің кеңсесіндегі жоғары лауазымды қызметті де атқарды. Сонымен қатар, саяси тұлғаның қаламынан «Ынтымақ ережесі», «Дәрілік өсімдіктер» секілді іргелі еңбектерді жазған және сол замандағы мерзімді басылымдарға өткір-өткір публицистикалық мақалаларын да жариялап тұрған.
Халық дәстүрін шариғат жолына негіздеген
–Сөзіңізді бөлейін, «Дәрілік өсімдіктердің» медициналық еңбек екені атынан-ақ белгілі. Ал «Ынтымақ ережесі» еңбегінің тақырыбы мен мәнін қалай түсінеміз?
–Сізге бірден айтайын, Б.Сырттанұлын замандастары тірі күнінде-ақ зор ықыласпен құрметтеп, өнеге тұтқан. Арда туған азамат 1914 жылдың 26 қарашасында қайтыс болғанында, Алаш ұранды үзеңгілестері қайғырып «Қазақ», «Айқап» басылымдарына қазанама жазған. Сол замандастарының көңіл айтуында Барлыбекті «Шын мұсылман еді» деп еске алған екен.
Осы естеліктерді оқи отырып, «Шын мұсылман» ұғымының мәнін түсінуге тырыстым. Өз-өзіме сұрақ та қойдым. Жауабын Әлихан Бөкейханның, Мұхаммеджан Тынышбайұлының, Жүсіпбек Басығараұлының естеліктерінен таптым. Расымен, Барлыбек Верный ер балалар гимназиясына оқуға қабылданбастан бұрын Қапал қаласындағы екі жылдық пансионатта оқып, сауатын ашыпты. Сол пансионатта оқи жүріп, татар молдаларынан дін ілімін қоса үйренген екен.
1894-1908 жылдар аралығында қайраткер Жетісу облысы әскери губернаторының ерекше тапсырмалар жөніндегі орынбасары міндетін атқарған. Осы қызметінде жүріп 1906 жылы қазіргі Алматыда тұңғыш рет І Мұсылмандар кітапханасын ұйымдастырып, діни әдебиеттерді шығаратын Қазан, Уфа, Орынбор, Петербор сияқты қалалардың баспаханаларынан кітаптар алдырып, кітапхана қорын молайтқан.
Бұл деректерді қайраткердің ұлы Абдулқадырдың (1898-1972) әр жылдары жазған күнделіктеріндегі мәліметтерінен алып отырмын. Күнделік дәптерді Абдулқадыр советтік қуғын-сүргінде жүргенінде жазған. Басты себеп – Октябрь революциясына дейін қапияда қайтыс болған әкесінің қоғамдық-саяси елеулі қызметін ел жадында қалдырғысы келгендігі. Осы күнделік арқылы өзім үшін «Америка аштым» десем де болады.
Мысалы, Барлыбек 1910 жылдың 21 қазанында Алматының жанындағы Ұзынағаш елдімекенінде қырғыз-қазақ азаматтарын жиып, Патшаға қарсы манифестік съезд ұйымдастырады. Бұл тарихымызда әлі күнге дейін айтылмаған әрі жазылмаған «Ұзынағаш съезі» болатын. Съезде жер мәселесі, білім, оқу-ағарту және бас бостандығы, діни ерік мәселелері қаралған. Осы съезде алғаш рет Б.Сырттанұлы әлеуметтік маңызы зор идеяны талқыға салады. Жиынға қатысқан делегаттар ұлтты ұйыстырар, бірлікке шақырар игі бастаманы бірауыздан қолдайды.
Бұл Барлыбектің бүгінгі тілмен айтқанда «кооперативтік» бастамасы болатын. Яғни, «Ынтымақ ережесі» еңбегінде әлеуметшіл тұлға ел азаматтарының бір-біріне қайырымды, мейірімді һәм иман жолында көркем мұсылман болуды міндеттейді. Небәрі 15 тармақтан тұратын ережеде зекет, қайыр-садақа, ораза, намаз мәселелерін қазақ тұрмысымен және дәстүрімен сабақтастыра отырып, қарапайым әрі түсінікті тілде ұсынған. Ережеден бірер мысал келтірейік:
«Зекет, қайыр-садақа, үшір малы жоқ кедейдікі, жыл сайын бөліп бере беру, кедей жоқ болса, медресенікі;
Ғұмырынша жазылмайтұғын біреуде ауру болса, көбіміз дәрігерге қаратайық, шығыны көпте болсын – бай-кедей демей;
Балаларын ұл болсын, қыз болсын оқытпаса, жыл сайын 25 сом көпке берсін;
Бозбалалар, қарасақал, ақсақалдар намаз оқымаса, ораза ұстамаса, үшір бермесе, бай зекет бермесе айыпты болсын, айыбы шариғат қосқаннан басқа әр жолға 10 сомнан айып көптікі.
Ұрлық, өтірік, боқтау, ойнас тіпті болмасын. Болса, абақтыдан басқа көпке ат-шапан болсын»
Міне, көрдіңіз бе, «шын мұсылман» болып өмірден өткен заңгер, идеолог азаматтың әлеуметтік көзқарасын, халықшыл болғандығын бірден байқауға болады.
–Ал Конституциялық еңбегінде Б.Сырттанұлы дін мәселесін қозғаған ба?
–Әрине, «Адам баласының хұқы турасында» деп аталатын 2-ші бөлімінде қазақ еліндегі азаматтарды дініне, тегіне, ұлтына, жынысына қарай бөлінбейтіндігі ерекше сипатта жазылған. Заңгер қазақ елінің мұсылман елі, исламға берілген иманды ел екендігі турасында анық та нақты айтқан.
«Адам баласының хұқы турасында» деп аталатын 2-ші бөлімінде қазақ еліндегі азаматтарды дініне, тегіне, ұлтына, жынысына қарай бөлінбейтіндігі ерекше сипатта жазылған.
Құқықтық-саяси құжатын жазбастан бұрын Барлыбек Жетісу, Сырдария облыстарында бірнеше рет молда, ишан, дін қызметкерлерімен жиын өткізген. Дін өкілдерімен өткен талқыда Б.Сырттанұлы қазақтың салт-дәстүрін (өлген кісіні жерлеу, жаназа намазы, зекет беру) шариғат ұстанымына сәйкес негіздеуді ұсынған. Яғни, бүгінгі тілмен айтқанда, сол замандағы діни қайраткерлер мен ғұламалардың басын бір арнаға қосып, пәтуа шығартқан десек қателеспейміз.
Шындығында, бұл жылдары қазақ арасындағы өлген кісіні жерлеу, үштік мал беру, зекет беру, Құран хатым арнау сияқты мәселелер әр өлкеде әртүрлі болған. Сол жылдары шығып тұрған «Қазақ», «Айқап» басылымдарында дәл осы мәселелер қызу талқыланған болатын. Әрқилы орындалып келген діни рәсімдерді бірізділікке түсірген Барлыбек Сырттанұлы фиқһ, шариғат мәселелерімен жіті айналысатын мүфтият ұйымын құру бастамасын көтеріп, Орта Азиядағы түркі тілдес мұсылман халықтарына үндеу тастаған.
Бұл деректердің барлығын архивтік тарихи құжаттарға сүйеніп айтып отырмыз. Мәселен, «Вопросу об улучшении Киргизской жизни», «Қазақ халқының қазіргі һәм ілгергі күні турасынан бірнеше ойға келген сана» сынды еңбектерінде айтылған. Сонымен бірге, тарихшы, архивист Виль Галиевтің «Ұлтты оятқан кітап» (Алматы, «Мектеп» баспасы, 2013) кітабында 1906-1908 жылдары Б.Сырттанұлының Алматыдан Орталық мүфтият ашу ісімен айналысқандығы туралы тың деректер бар.
1908 жылдың күзінде Патшалық биліктің ұлық қызметіндегі Барлыбек Сырттанұлы саяси көзқарасына байланысты «сенімсіз кадр» ретінде танылып, қысыммен отствакаға шығарылады. Қолынан билік кеткеннен кейін Б.Сырттанұлы туған жері Арасан болысына қарасты Қарағаш қаласындағы ағайынды Маман-Тұрысбек балалары ашқан «Мамания» мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен дәріс оқып, ұстаздық қызмет атқарады. Мұсылмандық-жәдиттік бағыттағы мектепте имандылық курстарын енгізуге, дүние ілімдерінің оқу-әдістемелік жоспарын даярлауға көп еңбек сіңірген.
Қорыта айтқанда, Барлыбек Сырттанұлы – дін жолынан аттамаған, ұлт-азаттық қозғалысы барысында хал-қадари Алла алдындағы, ел алдындағы және ата-баба әруағы алдындағы перзенттік парызын толық өтеген һәм империялық-монархиялық билікке қарсы мінез көрсеткен, қара басын қатерге тіккен айбынды біртуар азамат еді.
Оның ұлт мұраты жолындағы өшпес мұрасы, әлеуметтік-прогрестік ойлары, құқықтық-саяси көзқарастары уақыт өтіп, ұрпақ алмасқан сайын туған ұлтының қажетіне жарайтын өзекті, жаңа заманның мәселелерімен үндесіп жатқан өміршең жәдігер ретінде мәңгі жасай беретініне сенемін. Барлыбекті қай қырынан алып қарасақ та, жаңалық ашып, тың дерек табамыз.
–Әсерлі сұхбатыңызға көп рақмет! Барлыбектану саласындағы шығармашылық қызметіңізге толайым табыс тілейміз!