Медреседе «Ер жігіттің үш әкесі бар: Өзінің әкесі, қайын атасы және ұстазы» деп оқытатын. Ұстазды әкесі деуінің сыры мынада: әке перзенттің дүниеге келуіне себеп болғанындай ұстаз оқушының рухани түгел қайта туылуына себепкер. Алайда, әрбір мұғалімде мұндай ұстаздық қабілет бола бермейді. Бірақ, бұл қасиет мұғалімдік жолына түскен маман бойында тәжірибемен қатыптасады.
Мұғалім – араб сөзі. Тікелей мағынасы, үйретуші дегенді білдіреді. Әз-пайғамбар (с.ғ.с.): «Расында, мен үйретуші (мұғалім) боп жіберілдім[1]»,-деп айтқан. Демек, мұғалімдік – пайғамбарлар миссиясы. Олай болса, жұмыс дегеннен гөрі қызмет немесе міндет деп айтқан дұрысырақ сияқты. Сондықтан, Исламның алғашқы кезеңдерінде Құран үйретуші мұғалім жалақысыз бала оқытатын. Сонымен қатар, азаншы және фиқһ ұстаздарына да жалақы берілмейтін. Себебі, ілім үйрету, әсіресе, оның ішінде діни ілім беру – құлшылық. Бұл мәселе, фиқһ кітаптарында еңбек және еңбек ақысы тарауында айтылған. Фиқһ кітаптарында құлшылық үшін ақы алынбайды деп түсіндіретін. Осы негізде мұғалімдер қызметін тегін атқаратын. Бала-шағасының нәпақасын басқа кәсіп арқылы тапты. Уақыт өте келе мұғалімдікпен қатар бала-шаға асырау қиындық тудыра бастады. Нәтижесінде, мұғалімдікпен айналысу өте қымбат құлшылыққа айналды. Сондықтан, ағарту саласының қызметкерлері мұғалімдікті қойып, бала-шаға бағу жолын іздей бастады. Әрине, бұл халықтың сауаттылығына үлкен соққы тигізді. Салдары айтпаса да түсінікті. Мұнан кейін үкімет мұғалімдерге жалақы тағайындап ұлық қызметтерін жалғастыруға қолайлы жағдай жасады.
Мұғалімге қандай жалақы берілуі керек? Мәселен, Әбу Ханифаның немересі Исмаил мынадай бір дерек келтіреді: «Әкем Хаммад «Фатиханы» жақсылап оқуды үйренгенде (атам) Әбу Ханифа әкемнің мұғаліміне бес жүз дирхам берген екен[2]»,-дейді. Мұғалім менің қызметім мұнша тұрмайды дегенде: Жоқ сіздің қызметіңіз одан да қымбат,-деген екен.
Елбасының соңғы жолдауында мұғалімдер жалақысына қатысты да жағымды жаңалықтар айтылды. Олардың мәртебесі биік, жалақысы жоғары болған сайын сіз бен біздің баламыздың білімі мен тәрбиесі жақсара түсері анық. Демек, мұғалімнің жоғары жалақы алуында ең бірінші ата-ана мүдделі болуы керек.
Әрине, төмен жалақымен жақсы маманды ұстап тұру қиын. Мұндайда нашар кадрлерді қанағат тұтуға тура келеді. Ал, сапалы білім беруді талап ету үшін мектеп мұғаліміне талапқа сай жағдай жасалуы қажет. Күнкөріс деген ойдан арылған мұғалім кәсібін терең зерттеуге, ғылыми шығармашылыққа, әдіснамаға көңіл бөледі. Кәсіби білімін жетілдіре отырып, оқушыларға пәнді жеңіл және ұнамды етіп оқыту тәсілдерін жетілдіреді. Ал, айлығы төмен, қала берсе, түрлі тексеріспен жан-жақты қыспаққа алынған мұғалімнен «кәсібилікті» талап ету ұят.
Руслан ҚАМБАР
[1]Ибн Мажа
[2]Манақиб Әбу Ханифа уа сахибайһ, 18-бет