Cұрақ: Мұһадрам деп кімді айтамыз?
Жауап: «Мұһадрам» сөзі араб тілінде «сүннет болмаған» деген мағынаны білдіреді. Шариғи мағынасына келер болсақ, «мұһадрам» деп – жаһилият және ислам дәуірінде өмір сүріп, Алла Елшісінің (с.ғ.с) көзі тірісінде немесе ол (с.ғ.с) өлгеннен кейін исламды қабылдаған, бірақ оны (с.ғ.с) өз көзімен көрмеген адамды айтамыз. Яғни, «мұһадрам» сахабалардың қатарына енбейді. Бірақ, сахаба көрген болса, табиғин саналуы мүмкін. Десек те, кейбір ғұламалар Алла Елшісінің (с.ғ.с) көзі тірісінде өмір сүрен мұһадрамды ол (с.ғ.с) өлгеннен кейін дүниеге келген табиғиндермен бір санатқа жатқызуды құптамаған (Ибнул-Мулаккин, ІІ 509). Осы себептен де, мұсылман ғұламаларының көпшілігі оларды сахабалар мен табиғиндерден бөліп, «мұһадрамун» деп атаған.
Жалпы, «мұһадрам» деп жаһилият дәуірінің соңғы кезеңін көріп, ислам дәуірінің басында өмір сүрген мұсылмандарды айтамыз. Осы тұста, жаһилият дәуірі қай кезде аяқталған және ислам дәуірі қай кезден басталады деген сұрақ туындайды. Ғұламалардың бір бөлігі алғашқы уаһи нәзіл болған 610 жылы жаһилият дәуірінің жаназасы шықты деп біледі. Келесі бір бөлігі, әсіресе хадисші ғалымдар Меккенің алынуымен жаһилият кезеңі аяқталды деп тұжырымдайды. Мысалы, Муслим ибн Хажжаж хижрадан кейін дүниеге келген Усәйр ибн Әмр әл-Киндиді Меккенің алынуынан бұрынғы уақытта өмір сүргені үшін мұһадрам деп есептеген (Ибнлу-Әсир, V, 520).
Мұһадрам саналу үшін Алла Елшісін (с.ғ.с) көрмесе де, оның (с.ғ.с) көзі тірісінде иман келтірген болуы керек пе, әлде ол (с.ғ.с) қайтыс болғаннан кейін иман келтірген болуы керек пе? Ибн Кәсирдің көзқарасынша мұһадрам саналу үшін Алла Елшісінің (с.ғ.с) көзі тірісінде иман келтірген болу керек. Ал, Ибн Кутәйба мұһадрам саналу үшін Алла Елшісі (с.ғ.с) өлгеннен кейін иман келтірген болу керек деп ойлайды. Негізінде, ғұламалардың көпшілігі мұһадрамға қатысты белігілі бір шарт қоймаған. Бірақ, ғұламалар Алла Елшісін (с.ғ.с) көзі тірісінде көріп тұрып иман келтірмеген, кейіннен барып исламды қабылдағандарды сахабалар санатына да жатқызбаған (Әли әл-Кари, 599 б). Осы тұрғыдан алғанда, мұһадрам саналу үшін Алла Елшісінің (с.ғ.с) көзі тірісінде иман келтірудің шарт емес екенін аңғаруға болады.
Әдебиетшілер өмірінің жартысын жаһилият, қалған жартысын ислам дәуірінде өткізген мұсылмандарды да «мұһадрам» деп атаған. Мысалы, сахаба екені айқын дәлелденген Ләбиб ибн Рәбия, Кәәб ибн Зухәйр, Хасан ибн Сәбитті мұһадрам деп көрсеткен (Муқаддима, І, 33). Тіпті, тарихшылар әмәуи мемлекетінің соңғы кезін көріп, аббаси мемлекетінің бастапқы кезінде өмір сүрген мұсылмандарды да «мұһадрам» (мұһадрамуд-дәулатәин) деп атаған. Айталық, Рубә ибн Ажжаж бен Хаммад Ажрадты «мұһадрам» деп таныған (Яһия әл-Жубури, 56 б).
Мұһадрамдардың саны қанша болғаны белгісіз. Хадис кітаптарында кейде 20, кейде 40-тан астам мұһадрам көрсетіледі. Ал, Хажар әл-Асқалани өз еңбегінде жалпы саны 1400 мұһадрамды көрсеткен.
Мұхан ИСАХАН