«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» демекші, Әбу Ханифа жұмысымен қатар айналасында көптеген шәкірт тәрбиелейді. Оның арасында ислам әлемінде фиқһ бағыты бойынша көп еңбегі сіңген Әбу Юсуф те болды.
Әбу Юсуф жас бала еді. Ол ұстазы Әбу Ханифаның дәрісіне күнделікті қалмай қатысатын. Оның бойында білімге деген ерекше зеректігін байқаған Әбу Ханифа оның дәріске қалмай келуін қатты қадағалады.
Уақыт өтіп, бір күндері Әбу Юсуф бірнеше дәрістерден қатар қалып қояды. Бұған алаңдаған ұстазы дереу оның үйіне барып жағдайын сұрамақшы болады. Үйіне барса Әбу Юсуфтың ақсақал әкесі шығып Әбу Ханифаға қонақжайлылық танытады. Әбу Ханифа ұзақ отырмастан шәкірті Әбу Юсуфтың соңғы уақытта дәріске келмей қойғанына алаңдаулы екенін жеткізеді. Бұған ақсақал:
– Ей, Әбу Ханифа, сенің беделің жоғары, біздің халымыз мынау кедейміз. Менің ұлыма қазіргі таңда білім алудан гөрі үйге қолқабыс етіп, күнделікті азығымызды тауып бергенін құп көрдім. Сол үшін мен оны базарға жүк тасушы етіп жұмысқа орналастырдым.
Мән-жайды білгеннен соң Әбу Ханифа:
– Ақсақал, егер сіз ұлыңызды менің қолыма берсеңіз, оның үлкен ғалым болатынына мен кәміл сенемін. Ол әлі патша жейтін сирек кездесетін жемістерді жейтін болады.
Ақсақал:
– Патша жейтін жеміс деймісің? Сен бізді мазақ етпе, Әбу Ханифа, біз секілді пақыр жандарға ондай жемістің ауылы алыс. Мен өз ұлымды 5 дирхам болса да өзі еңбектеніп, өмірлік нәпақасын тапсын деп үйретіп жатырмын.
Әбу Ханифа:
– Жарайды, егер сіз сол ұлыңызды маған оқуға жіберсеңіз, сол табатын күнделікті 5 дирхамын әр сабақтан соң мен беріп тұрайын, келісесіз бе?
Мұндай ұсынысқа қуана келіскен ақсақал ұлы Әбу Юсуфты жұмыстан босатын ертесінен бастап дәріске жіберуге бел буды. Таң атысымен Әбу Юсуф ұстазының алдында тапжылмай фиқһ бойынша үздіксіз білім алуды қайта жалғастырды.
Алайда, арада бірнеше жылдар өтіп Әбу Юсуф белгілі дәржеде білімді игерген сәтте қатты ауырып қалады. Бойындағы ауруы асқынып ол дәріске бара алмай, үйінде бірнеше күн төсек тартып жатады. Бұған алаңдаған ұстазы Әбу Ханифа шәкірттерін ертіп дереу оның үйіне халын сұрауға барады. Барған тұста Әбу Юсуфтың төсек тартып жатқан жағдайын көріп ұстазының көңіл-күйі қатты түседі. Сөйтіп, шәкірттерімен Әбу Юсуфтың үйінен шығып бара жатып былай дейді: «Әттең, мен Әбу Юсуфтен болашақта көп нәрсе күткен едім. Ол менің ізбасарым болады деген ниетпен ерекше көңіл аударған болатынмын. Біраз білімді де бойына сіңірген еді. Ол енді өлім халінде жатыр» деп басын шайқап үйіне жөнеледі. Мұны естіген шәкірттері Әбу Юсуфтың білім дәрежесін ерекше бағалай бастайды.
Уақыт өтіп Әбу Юсуф ауруынан айығып аяғына тұрды. Ұстазынан дәрісті жалғастыру үшін мешітке бет алады. Жолда өзімен бірге оқитын шәкірттері кезігіп оған былай дейді:
– Ей, Әбу Юсуф, сен хал үстінде жатқан кезіңде Әбу Ханифамен бірге біз сені зиярат еткен болатынбыз. Ұстаз сенің үйіңнен шыққан сәтте сенің біраз білімді екеніңді әрі оның ізбасары болатыныңды айтты. Демек, сенің дәрежең бізге қарағанда әлдеқайда жоғары болғаны ғой.
Мұндай сөз естігеннен кейін Әбу Юсуф сәл кідіріп ойланып: «Өзім жеке дәріс беретін жағдайға жеттім» деп іштей түйеді. Сол сәтте Әбу Юсуф ұстазының дәрісіне бармай жеке дәріс беруді көздейді.
Ендігі жерде Әбу Юсуф арнайы мешітте фиқһ бойынша сабақ беруге кіріседі. Оның айналасында білім үйренемін деушілердің де саны күн санап артып жатады. Әбу Юсуф бар білгенін шәкірттерімен бөлісіп дәрісін күнделікті жүргізіп жатты.
Біршама уақтыттан кейін Куфа қаласында фиқһ бойынша сабақ беретін тағы бір ғалым келіпті деген сыбыс халық арасында тез тарай байстайды. Мұндай сыбыстың ұшы Әбу Ханифаның да құлағына жетеді. Сонда Әбу Ханифа «Қаладағы ғалымдардың бәрін мен танимын. Ал, фиқһ саласы бойынша менен басқа кім сабақ беріп жүр екен?» деп бір шәкіртін әлгі жаңа ғалымның аты-жөнін біліп келуге жібереді. Жіберген шәкірті ұстазына жаңа хабармен тез оралады да әлгі жаңа ғалым өзінің бұрынғы шәкірті Әбу Юсуф екенін естиді. Бұндай хабарды күтпеген Әбу Ханифа Әбу Юсуфтың ауруынан тез айығып өз бетімен дәріс жүргізіп кетуіне таңдана қарайды. Бір мезет ойға шомылған Әбу Ханифа әлгі шәкіртін шақырып Әбу Юсуфке барып мынадай сұрақты қоюды талап етеді: «Бір тұтынушы өзіне жейде тіккізу үшін базардан мата сатып алады. Сол матаны ендігі жерде тігіншіге алып барып жейде тігіп беруге тапсырыс береді. Тапсырысқа сәйкес тігінші жейдені тігіп болғаннан кейін одан қалған артық мата кімге тиесілі болады?
Егер Әбу Юсуф сол артық мата тұтынушының өзіне тиесілі, деп қысқа қайырса қателестің, де. Ал, егер тігіншіге десе онда да қателестің, деп айт» деп Әбу Юсуфке жөнелтеді.
Әбу Юсуф шәкірттерін жинап дәріс беріп жатқан шағында әлгі Әбу Ханифадан келген жас жігіт қолын көтеріп сұрақ қойғысы келетінін білдіреді. Әбу Юсуф «сұраққа жауап беру үшін отырмын» деп, қуана тыңдауға бет бұрады. Сұрақтың мазмұнын естігеннен кейін Әбу Юсуф артық матаның кімге тиесілі болғанын айтып «екі жауабыңда да қателестің» дегенді естігеннен кейін дұрыс жауабын білу үшін әлгі жас балаға қарап: «Сен мұндай сұрақтың жауабын білетін адам емес сияқтысың, сені кім жіберді маған?» дейді.
Жас бала:
– Мені өзіңнің бұрынғы ұстазың Әбу Ханифа жіберді. Ол сенің жеке дәріс жүргізіп жатқаныңды біліп, білім дәрежеңді сынағысы келді.
Мұны естіген Әбу Юсуф дереу дәрісін тастай салып, Әбу Ханифаға қарай бет алады. Мешітке кірсе ұстазы дәріс жүргізіп жатыр еді. Әбу Юсуф бінеше рет: «Менің сұрағым бар, ұстаз!» деп қол көтергенін елеместен Әбу Ханифа сабағын жалғастыра береді. Сонда Әбу Юсуф жақындап екі тізесін Әбу Ханифаның екі тізесіне тигізіп:
– Ұстаз, менің сізге қояр сұрағым бар еді.
Әбу Ханифа:
– Қандай сұрақ?
Әбу Юсуф:
– Ол сұрақтың мазмұнын сіз білесіз.
Әбу Ханифа:
– Әлгі тұтынушы мен тігінші жайлы ма?
Әбу Юсуф:
– Иә, соның жауабы қандай? Артық мата кімге тиесілі болады?
Әбу Ханифа:
Бұл сұрақтың жауабын бір немесе екі сөзбен айтуға болмайды. Себебі, бұл мәселе толыққанды жауапты талап етеді.
Әлгі, артық қалған матаның кімге тиесілі екенін анықтау үшін біз алдымен жейденің қалай тігілгеніне әрі тұтынушының жейдеге деген көзқарасына қарап білеміз. Мәселен, егер тігілген жейде тұтынушының денесіне лайықты әрі оның көңілінен шыққан болса онда матаның артылғаны тігіншіге қалады. Ал, егер тігінші матаның артығын көбірек алып қалу мақсатында жейдені тарлау етіп тіксе, әрі тұтынушының денесіне тар болатын болса онда мата тұтынушының өзіне қайтарылуы керек.
Мұндай жаупты естіген Әбу Юсуф өзінің әлі де болса білім дәрежесі жеткілікті емес екенін ұғынып, райынан қайтып ұстазның алдында өле-өлгенше білім аламын, деп өзіне іштей уәде береді.
Жылдар өтіп шәкірт тәрбиелеуден жалықпаған Әбу Ханифа өмірден өтеді. Осы сәтте оның жолын жалғастырушы ретінде әрі қалада фиқһ саласы бойынша ғалым етіп халық бір ауыздан Әбу Юсуфты сайлайды. Оның үстіне көзі тірісінде Әбу Ханифа басқа шәкірттеріне қарағанда Әбу Юсуфке ерекше мән бергені тағы бар.
Әбу Юсуф ұстазының жолын жалғастырып дәріс беріп қажеттілік туындаған жағдайда фиқһ бойынша халықтың көкейіндегі сұрақтарына жауап беріп жүреді. Бір күні жергілікті патша Әбу Юсуфты жаңа ғалым ретінде өз сарайына құрметпен шақырады. Сарайға барған сәттен-ақ, Әбу Юсуфке Әбу Ханифаның ізбасары ретінде барынша құрмет көрсетіледі. Патшаның құзырына кірген сәтте патша оған: «Менің жаныма жақындап отыр. Себебі, мен ғалымдарды қатты құрметтеймін» деп ілтипат білдірді. Біршама уақыттан кейін төрден есік ашылып сарай қызметшілері ыдыс тола жеміс-жидек алып келеді де патшаға ұсынады. Сонда патша:
– Менің жанымда ғалым отыр. Алдымен соған ұсыныңдар, ауыз тисін.
Ұсынылған жеміс-жидекке қарап Әбу Юсуф күлімсірейді. Сол сәтте патша:
– Мен саған патшалар жейтін сирек жеміс-жидек ұсынып отырмын. Сенің бұл күлгеніңді қалай түсінемін?.
Әбу Юсуф:
– Мен сіздің маған жасап жатқан құрметіңізге күліп жатқан жоқпын. Мен бала кезімде білімге енді қадам басып жүрген шағымда үйіме ұстазым Әбу Ханифа келіп менің әкеме: «Егер сіз ұлыңызды менің қолыма берсеңіз оның үлкен ғалым болатынына мен кәміл сенемін. Ол әлі патша жейтін сирек кездесетін жемістер жейтін болады» деген еді. Ұстазымның сол сөзі шындыққа айналғанына көзім жетіп күлімсіреп отырмын, – деген екен.
Дайындаған Жалғас АСХАТҰЛЫ