Сұрақ: Қазіргі таңда Ұлы Отан соғысы туралы, жауынгерлер біздің отанды қорғаған жоқ дегендей түрлі пікірлер шығып жатыр ғой. Сол соғыста қайтыс болғандарды шейіт (шаһид) деп атауға бола ма?
Жауап: Әрине, бұл мәселе өте маңызды. Оның маңыздылығы ислам діні бойынша шейіт болу мәртебесінің үстемдігінен туындайды. Діннің негізгі мазмұнын білетін кез-келген адам шейіт болып жан тәсілім етуді қалайды. Себебі Құранда: «Алла жолында өлтірілгендерді өлді демеңдер, олар тірі, бірақ сендер сезбейсіңдер!» (Бақара, 154-аят) делінеді. Демек, мұсылма адам үшін өлімнің ең жоғары мәртебесі шейіттік. Пайғамбар хадисінде де: «Алла жолында өлтірілгендер – шейіт; жұқпалы аурудан өлгендер –шейіт; суда тұншығып өлгендер – шейіт (Мүслим, Имара, 165; Ибн Мажә, Жиһад, 17)
Басқа бір хадисінде: «Малы, қаны, діні және отбасы үшін өлтірілген адамдар да шейіт болады» (Бұхари, Мәзалим, 33; Мүслим, Иман 226; Әбу Дәуіт, Сүннет 28-29) Демек шейіт болу әркімнің маңдайына жазыла бермейді.
Енді тікелей сұраққа келер болсақ, мұсылмандар тікелей немесе жанама түрде шейіттік шартына ие болған адамдарға шейіт назарымен қарайды. Қазір де әскери міндетін өтеу барысында азаматтарымыз шейіт болуда. Бұл да сол сияқты, отан үшін (ол кездегі шарттарда Кеңес одағы біздің ортақ отанымыз саналды) өлгендерді шейіт болғандар деп сипаттаудың еш әбестігі жоқ. Алайда, Алла алдындағы мәртебесін біз білмейміз. Сондықтан мемлекеттің зайырлы болуы немесе социалистік болуы өлген әскердің шейіт болуына кедергі келтірмейді. Мұсылмандар сыртқы шарттарына қарап шейіт мәртебесінде санайды.
Кеңшілік Тышхан,
дінтанушы