«Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры, профессор Шамшәдин КЕРІММЕН сұхбат
Сұрақ
– Шамшәдин аға, әңгімені әу бастан бастасақ. Біз – атеист қоғамнан ата сүрлеуіне түскен халықпыз. Еліміздегі діни білім берудің бастапқы бұралаңдары төңірегінде сөз етсеңіз. Яғни, ислами мамандырылған жалғыз жоғары оқу орнымыздың кешегісі мен бүгінін сіздің аузыңыздан естісек…
Жауап
– Екі мемлекеттің – Қазақстан мен Египет үкіметтерінің шешімімен ашылған «Нұр-Мүбарак» университетіне басшылық қызметке келгеніме он жылдан астам уақыт болды. Біз сол кезден бастап-ақ ислами білім беру жүйесін заман талабына лайықтауды басты мақсатымыз еттік. Кеңірек айтсам, 2001 жылдың сәуір айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы Исламтану университетіне ректорлық қызметке келдім. Сол кезде Қазақстанның ислами білім беру саласында кенжелеп қалғанымызға көзім жетті. Себебі, сол жылдардағы оқу орны студенттері теорияны екі-ақ жыл оқып, одан әрі екі жыл тәжірибеден өту желеуімен қызметке тағайындалып кетеді екен. Өкініштісі, осынша уақытын білімге жұмсаған, қалтасынан қаражат төлеген түлектер басқа ешқандай құжат алмайды қолдарына. Екі жыл оқығандығы туралы құр ғана бір парақ анықтама беріледі екен … Содан кейін бас мүфти оларды еліміздің түкпір-түкпіріне имамдық қызметке бөледі. Осыдан соң біз алдымызға білім беруді жаңашаландыру талабын қойдық. Сол жылы жаз айларында Нұр-Мүбарак университетін ашу хақында екі үкімет арлық келісімге қол қойылып, аталған оқу орына Египеттік, араб әлеміне танымал академик Махмұд Фаһми Хижази ректор болып, мен проректор болып тағайындалдым. Ол кісінің білім, ғылым саласында тәжірибесі өте мол, сауаты мен білігі де биік. Біз ең алдымен діни білімді жүйеге икемдей бастадық. Қазақстандық жоғары оқу орындары бакалавр, магистратура, докторантура, кредиттік технология жүйелерін қолданыстарына енгізіп жатқан тұс еді. Біз де исламтану мамандығын осы жаңалық ізімен төрт жыл оқитын жүйеге түсірдік. Мұнда елімізде оқытылатын басқа дүниеуи пәндерді де оқу жоспарына қостық. Бір айта кетерлігі, ТМД елдерінің ішінде бірінші болып исламтану мамандығын «Нұр-Мүбарак» мемлекеттік мамандықтар тізбесіне кіргіздік. Бұл мамандық бұрынғы Кеңестік Одақ шапынан шыққан елдердің бірде-бірінде «исламтану» деп аталмайды. Мәселен, Өзбекстанда – имам хатиб, Ресейде – теология. Бұған дейін де біздің елде дінтану мамандығы оқытылған. Бірақ оның бағдарламасына барлық діндер енетін болғандықтан, исламға аз көңіл бөлінген. Бізге де осы сүрлеуді ұсынған құзырлы орындар, алайда, оны қабылдаған жоқпыз. Өйткені, Қазақстанға білімді, дипломды, зайырлы имамдар керек. Болашақ дін мамандары қазақ тілін, Қазақстан тарихын, философияны, информатиканы басқалардан кем игермеуі деген мақсат қойдық . Араб тіліне де аса мән бердік. Ислам негіздерін, Құран мен хадистерді, шешендік өнер мен психологияны оқытуды қолға алдық. Мұның бәрі зайырлы қоғамдағы имамдардың бойына сіңгені жөн. Алайда исламтану мамандығын заңдастыру оңайға соққан жоқ. Мемлекеттік міндетті талаптарға бағдарылу Білім және ғылым министрлігі бекіткен мемлекеттік үлгідегі диплом алуға жол ашты.
Сұрақ
– Енді университеттің бітірушілері мемлекеттік мекемелерде еш кедергісіз қызмет атқара алады. Солай ғой?
Жауап
– Әлбетте! Десе де бұл меже бізге аздау көрінді. Білімгерлеріміз тек имамдық қызметпен шектелмей жоғары оқу орындарында жұмыс істеуі үшін, одан әрі ғылымын, дәрежесін жетілдіруге мүмкіндік тудыру магистранттар керек болды. Көп ұзатпай магистратураны аштық. Енді исламтану саласында төл ғалымдар керек. Мұны министрлікке ұсыныс жасай отырып, үлкен еңбектің нәтижесінде докторанттарды оқытуға қол жеткіздік. Қазір талапкерлер дінтану, араб тілі, исламтану мамандықтары бойынша PhD докторантурада білім ала алады бізде. Мұның да өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, бір докторанттың екі жетекшісі болады: бірі – отандық, екіншісі – шетелдік. Осылай, Қазақстандағы діни білім жүйесі көп сатылы деңгейге өтті. Енді тек жоғары білімді маманды ғана емес, ғалымдарды дайындай аламыз. Өйткені, Қазақстан үшін діннің әр саласында білікті ғалымдар, сарапшылар ауадай керек.
Сұрақ
– Кешіріңіз, сіздің сөзіңізге қарап, елімізде исламтанушы ғалымдар, ғұламалар аз ба деген ойға қалдым…
Жауап
– Оныңыз рас, дінді жетік меңгерген ғалымдар аз. Біз бір жоғары оқу орнының өзін ғалымдармен қамтамасыз ете алмаймыз. Қазіргі ғалымдардың көбісі мәртебелерін исламға жақын мамандықтардан – философиядан, мәдениеттанудан қорғаған. Енді таза исламтанушылар жетіліп келеді. Қазір біздің университетте мемлекеттік тапсырыспен оқып жатқан он төрт PhD докторант, ақылы аралас алпыс магистрант бар. Оқу орнының ерекшелігі де сол, бір бағытта, исламтануға оқытады. Сонымен қатар Әбу Ханифа атындағы ғылыми зерттеу орталығын құрдық. Мұнда бірыңғай ғылыммен, сөздіктер құрастырумен, аудармамен айналысатын жастар шоғырлана бастады.
Сұрақ
– Діни білімнің алдында қандай түйінді мәселе тұр бүгінде?
Жауап
– Шет елден оқып келіп жатқан қазақ жастары баршылық. Ендігі мәселе, соларды ғылыми салаға бейімдеп, мәртебесін өсіріп, әр салаға – құрантану, хадистану, фикх, ақидатану бойынша бейімдеу керек. Қазір осыны жоспарлаудамыз.
Сұрақ
– Жаңа ғана бір жоғары оқу орнын толтыра алатын ғалымдарға зәрулігімізді айттыңыз. Болашақ ғалымдардың сапалы болуы үшін өзге мемлекеттен білікті мамандар шақыру қажет шығар?..
Жауап
– «Нұр-Мүбарак» «Әл-Азһар» университетімен біріккен оқу орны болғандықтан, қатарымызда он төрт египеттік ұстаз бар. Олардың бәрі ғылым докторлары. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Әлемнің озық, дамыған оқу орындарынан жоғары деңгейлі профессорлар шақыру жөнінде арнайы бағдарлама бар. Осы жоба аясында университетке өткен жылы Ресейден, Египеттен, Түркиядан, басқа да көршілес елдердің Каир, Анкара сынды таңдаулы оқу орындарынан тоғыз профессор келді. Барлығы өз саласының білікті мамандары. Бұлар еліміздегі исламтанушы мамандардың деңгейін көтеретініне сенеміз. Биыл Германия, Иордания, Америка, Еуропаның басқа да елдерінен ғалымдарды шақырып отырмыз. Қазір Қазақстан Боллан процесіне өткендіктен жоғары оқу орындарына мобильдік, яғни академиялық ұтқырлық, шет елдермен білім және ғылыми байланысты, тәжірибе алмасуды күшейе талабы қойылуда. Осы мақсатта біздің екінші сынып докторанттары Египеттің, Түркияның кітапханаларында жұмыс істеуге аттанды. Олардың қаражаттарын университет көтереді. Бір ізденушінің ғылыми сапары үшін бір миллион үш жүз мың теңге бөлдік. Жақында ғана жиырма үш магистрантымыз Малайзияға барып, сол елдегі оқу орындарында қысқа мерзімді тәжірибеден оралды.
Сұрақ
– Яғни, кадрларды өзімізден жасақтау әзір мүмкін емес қой?
Жауап
– Осыған дейін өте қиын болған бұл мәселе. Өйткені, түлектердің саны өте аз еді. Биылдан бастап олардың саны көбейеді. Біздің университетті тек исламтану мамандығы бойынша осы жылы сексен үш түлек бітіреді. Бұрын бұл көрсеткіш отыз-қырықтан аспайтын. Әр облысқа бар-жоғы екеуден-үшеуден бөлінетін. Көбісі Алматы қаласында қалып қоятын. Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты сегіз медреседен шығатын түлектердің саны едеуір. Келесі жылдан бастап бітірушілердің саны жүзден кем болмайды. Медреселерден исламтанушы, имам-хатиб мамандығын алып шығады. Білім және ғылым министрлігіне орта кәсіби білім беру мекемесі болып бекітілген. Оны бітірген шәкірттер бізде қысқартылған бағдарламамен жоғары білім ала алады.
Сұрақ
– Осы уақытқа дейін жергілікті имамдарға жалақы төлеу мәселесі тиімді қалпында еді. Дін қызметкерлерінің маңдай терінің арқасында, әлде, күрделене түскен діни ахуалды ертерек реттеу мақсатындла ауыл молдаларын ай сайын қаржыландыру бір шешімін табуға жақындаған сыңайлы…
Жауап
– Иә, кешеге дейін имамдардың күн көрісі ауылдық мешіттерде тек садақаға байланған еді. Қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жергілікті әкімдіктермен біріге отырып, имамдарға жалақы төлеуді жолға қоя бастады. Батыс Қазақстанда аймақтарының ауылдарында жүз мыңға дейін жалақы алатын имамдар бар бүгінде. Бұл – қолында дипломы бар түлектерді ауылдарға тұрақтандыруға көмектеспек. Білімді беру бар да , кадрды дін саласында ұстап қалу бар. Ол үшін олардың әлеуметтік мәселесін шешу керек. Осы мақсатта жаңа дінбасы құптарлық қадамдарға барып жатыр. Бұл жоба толықтай қолға орындалса, мәселе оң шешіледі деген үміттеміз.
Сұрақ
– Әрине, қуанарлық жайт. Десе де бұл шаралар «Мемлекет исламға қолдау білдіріп, басқаны шеттетті» дегізіп, еліміздегі өзге дәстүрлі діндердің наразылығын тудырмайды ма?
Жауап
– Қазақстан билігі, Үкіметі өзге діндерді ешқашан алалаған емес. Бұл туралы Ата заңымызда да анық жазылған. Шынтуайтында, қазақстандықтардың жетпіс пайызы ата дінімізді ұстанатын болғандықтан, үш жарым мыңнан астам мешіттерімізде осындай проблема туып жатыр. Ал Ресей діннен бөлінген, зайырлы мемлекет болғанымен, біздің еліміздегі православие дініндегілерге үнемі қолдау білдіріп келеді. Шіркеулерге, дін қызметкерлерін оқытуға, жалақы мәселелерін түгел шешіліп қойылған. Біз мұны енді ғана қолға алудамыз. Осыған тек жалтақтаумен келдік.
Сұрақ
– Жұрт арасында «шет мемлекетте оқып келген жастар ата дәстүрімізге қырын қарайды деген пікір бар. Олар білім алып келген елінің салт-санасын, идеологиясын қатар сіңіретін сыңайлы.
Жауап
– Баба салтын, ата дәстүрін тәрк ету – сәләфи, уахаби ағымдарының ұстанымы. «Дін жолымен жүреміз, таза ислам дінін ұстаймыз» деген олар расында адасқан. Мұндай пікірдегілер шет елден оқып келгендер ғана емес, өкінішке қарай, үлкен қалаларда да, облыс орталықтарында да көбейіп кетті. Біздің дәстүрліміз исламға ешқандай қарсы келмейді. Исламды ұстанған халықтардың көбісі әдеп-ғұрпын ешқашан жоғалтпаған. Мысалы, Мысыр исламға келгенге дейін араб тілінде мүлде сөйлемеген. Қазір қанша арабтанса да диалектілерін, байырғы әдеп-ғұрыптарын сақтап отыр. Көп халықта ислам мен дәстүрі қабысып, үйлесіп келе жатыр. Сондықтан исламды қабылдау арқылы салт-дәстүрімізді, ұлттық келбетімізді жою бізді жақсылыққа апармайды. Біз қазақы ата дәстүрімізді, рухымызды сақтап қалуымыз керек.
Сұрақ
– Қазіргі ахуалға қарап, дін мен дәстүрдің аражігі ажырап барады деп алаңдамайсыз ба?
Жауап
– Алаңдатады. Біз оларға қарсы жұмыла күрескеніміз жөн. Қазақ халқы мемлекеттігін, ұлттығын сақтай отырып, исламды ұстанатын, заманға лайықты ел болып қалуға тиіс. Бетін аулақ қылсын, егер бар құндылығымыздан айырылсақ, жаһанданудың топанымен жоқ болып кетуіміз мүмкін. Ислам діні өз ұлттарының дәстүрлерін тәрк етуге насихаттамайды. Әлгілердікі біржақты түсінік екені анық.
Сұрақ
– Мектептердегі, жоғары оқу орындарындағы «дінтану» пәнінің оқытылу жүйесі көңіліңізден шыға ма?
Жауап
– Бұл тек исламды оқытпайды, барлық діндерден хабар беретін сабақ. Менің білуімше, тек тоғызыншы сынып оқушылары оқиды. Факультативті деңгейде ғана, факультативті болғаннан кейін мұны өткізу мектеп басшылығының ыхтиярына байланысты. Сонымен қатар пәннің сағаты өте аз болғандықтан арнайы мұғалім ұстай алмайды. Басқа пәннің мұғаліміне қосымша жүктейді. Қазіргі кезде жастар арасында исламға деген қызығушылық, ықылас жоғары. Бүгінгі жас буынның діни қажетін басқа ақпарат көздерінен – күмәнді таспалардан, ғаламтордан, белгісіз шейхтардан алып жатқан жағдайлары бар. Бұл оң-солын ажыратпаған жастардың басқа ағымға өтіп кетуін жиілетеді. Жастардың, халықтың сұранысын мектептерде, жоғары оқу орындарында қанағаттандыра алмағандығымыздан әр түрлі сенімсіз жолдарға итермелейміз. Сондықтан дінтану пәнін тереңдету қажет.
Сұрақ
– Яғни, Қазақстанда діни сауатсыздық әлі де басым болғаны ғой?..
Жауап
– Халықтың діни білімі әр түрлі. Шет елден сапалы білім алып келіп жатқан жастарымыз да баршылық. Қазір мұнымен ешкімді таң қалдыра алмаймыз. Бұрынғыдай емес, араб елдерінің, Египеттің, Малайзияның оқу орындарын тәмамдаған діндарлар жетерлік. Өзімізде де қаншама студенттер дәріс алуда. Бұлар – кәсіби мамандар. Ал, жалпы бұхара халыққа дінді тереңдеп білу шарт емес қой. Негіздерін, басты жоралғыларын біліп, ғибадаттарын, намаздарын дұрыс орындай алатын деңгейге жетсе, жеткілікті. Ауыл имамдары жұма намазын дұрыс өткізсе, уағызын тартымды айтып, Құранды дұрыс оқыса болғаны. Жоғары оқу орындарының ғалымдары өз бетімін ізденетін, зерттеу жүргізіп ислами тақырыптарға қалам тартып, талдау жасай алатын болу керек. Міне, біздегі ислами білім әр түрлі деңгейде, сатыда болғаны дұрыс.
Сұрақ
– Өткен жылы ауыл имамдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына емтихан тапсырды. Бұл діннің ілгерілеуіне қаншалықты әсер ете алды?
Жауап
– Жалпы емтихан деген жақсы, дін қызметкерлері дайындалады, білімін пысықтайды. Әлі күнге ауылдарда діннің негізін білмейтін, сауаты төмен имамдар аз емес. Бұларды ауыстыратын кадрды әлі дайындап үлгере алмай жатырмыз. Жаңағы аттестация аймақтардағы діни білімнің ахуалын анықтауға, саралауға септеспек.
Сұрақ
– Конституциядағы кейбір жолдардың дінмен қабыспай жататын тұстары бар. Осындайда заң шығару органдарына имамдарды да енгізу керек шығар деген ой келеді.
Жауап
– Ислам елдеріндегі қазіргі жағдай дінді саясатқа айналдырудың қате екенін көрсетті. Мәселен, Египетте діни партия билікке келді. Ұйым өкілдері «Бәрін діни жолмен басқарамыз» деді. Алайда, елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайларын шешуде дәрменсіздік танытты. Осылайша үкіметті бір жыл да ұстай алмай, кетуге мәжбүр болды. Қазір конституцияны қайта өзгетіліп, зайырлылық ұғымын қайта енгізуде. Сондықтан әлемдік тәжірибе мемлекеттік құрылымды тек дінге қарап икемдеу оң нәтижеге бастай бермейтінін көрсетіп отыр. Біздің мемлекетіміздің ұстанған бағыты дұрыс. Мысалы, Ресей де, Түркия да, Германия да зайырлы мемлекеттер. Бірақ зайырлылық дегеніміз – діннен бас тарту емес. Ғибадатханаларында амалдар жасалады, мемлекет дінге көмектеседі, діни білім беріліп жатыр. Яғни, зайырлылық – дінсіз қоғам емес. Сондықтан діннің дамуына жол ашатын басқа да тетіктер көп. Сол мүмкіндіктерді пайдалансақ та жетеді. Мұнда басқаша жаңалық ойлап табудың түк қажеті жоқ. Басқа мемлекеттердің тәжірибелері көрсеткен үлгілерді зерделеп, қолданумыз керек деп ойлаймын.
Сұрақ
– Бүгінгі буынның рухсызданып кеткенін айтып, дабыл қағып жатқан ағалар бар. Бәлкім, келешек ұрпақты ислам ғұламаларының есімдерімен, еңбектерімен қуаттандырып, демеу керек шығар…
Жауап
– Қазақтардан да ислами тұлғалар көп шыққан. Мен зерттеп жүрген Сығнақи он тоғыз том жазған, араб тілін өте жетік білген, арабтық ғалымдармен ғылыми таласқа түскен. Итқани деген атамыз тағы бар. Ол фикх салаларын, өлең теорияларын, граматиканы зерттеп, үлкен еңбектер қалдырған. Голландиядан, Италиядан, Түркиядан қолжазбаларын алдырып, жинап жүрмін. Яғни, дін ғалымдары ұлтымызда да көп. Айта түссек, әл-Жауһари арабтың сөздігін құрастырған, әл-Фараби араб тілінде философиялық трактат туындатқан. Оның еңбетері мұсылман философиясында бірінші орында тұрады. Бұл біздің халқымыздың талантты екенін көрсетеді. Біз рухы күшті, жауынгер халық болмасақ, осындай ұлан байтақ даламызды ұстап қалар ма едік?.. Енді осындай тұлғаларымызды дәріптеу арқылы сол халықтың ұрпағының рухын қайта түлету керек. Өйткені, дін Отанды сүюге, туған жеріңді дәріптеуге үндейді. Ислам халықтарының ішінде жер көлемінің кеңдігі жағынан бірінші орындамыз. Ұрпаққа қатысты тағы айтарым, мен әлем елдерінің демографиясын қадағалап отырамын. Қазір кеңес өкіметінің құрамында болған елдердің ішінде исламды ұстанбағандардың бәрі-дерлік жоқ болып кетті. Шор, якут сияқты халықтар жойылып кетті немесе жойылу алдында тұр. Кешегі алпауыт Ресейдің өзінің демографиясы құлдырау үстінде. Орыстар мылтық атылмай-ақ күн санап азайып жатыр. Осы ғасырдың елуінші жылдары Ресейдегі мұсылман халықтары елу пайызға жетеді деп жоспарлануда. Неге? Ресейде көбейіп жатқандардың бәрі исламды ұстанатын халықтар. Өйткені, ислам абортқа қарсы, ішкіліктен, суицидтен аулақ болуға шақырады, отбасы құндылығын сақтайды. Батыс елдерінде отбасы құндылығы төмендеп барады. Бірақ Сириядағы, Египеттегі шиеленістер ресурстың жетіспеушілігінен туып жатса, керісінше Қазақстандағы бай жерде он жеті-ақ миллион халық бар. Бізге демографияны көтеру үшін исламды берік ұстануымыз керек.
Сұрақ
– Кейбір ғалымдар ғылымның шығыстан, яғни исламнан басталғанын айтады. Бірақ қазіргі ғылымда батыстың басымдығын мойындамасқа амалымыз жоқ. Бұл қазіргі ислам ғалымдарының дәрменсіздігі ме, әлде?..
Жауап
– Америка қуатты империяға айналса, олардың университеттері мықты. Жалпы, дамыған мемлекеттерде ішкі жалпы өнімнің үш пайыздан астамы ғылымға бөлінеді. Бізде бір пайызға да жетпейді. Қазақтарды тек дінге қанағаттанып қалмай, технологияда алға шығуға шақыруымыз дұрыс . Жастарымыз дамыған елдерде білім алуда. Болашақта елімізді білім алға жетелеуі керек. Ислам жолындағы елдерден Малайзияны үлгі қылғанымыз жөн. Исламды да ұстанып отыр, экономикасы да алда. Жақында магистрлерімізді сол елге жібердім. Ондағы мақсат – исламды ұстана отырып, жаңа технология, өндірісті дамытуда өнеге боларлық елдің тәжірибесіне ден қою.
Сұрақ
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Асхат РАЙҚҰЛ, арнайы E-islam.kz сайты үшін