Төрт тарап тең бола бермейді, ел болып ұлықтап жүрген үрдістеріміз де, ұмыт қалдырған құндылықтарымыз да бар.
Мысалы, күні кеше өткен Наурызды алайық. Құдайға шүкір, Наурыздың маңызы әлі жоғалған жоқ. Қазақ ұлтының ғана емес, түгел түркінің тізе қоса тойлап, рухы серпілетін мерейлі мерекесіне айналып отыр.
Бір ерекшелігі – мұндай мерекелермен бірге құндылықтар кешені қайта жаңғырып тұрады. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар» деп есептейтін халқымыз қазан-қазан көже әзірлеп, пейіліне сай мол дастархан жасайды. «Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» десіп, қадірменді қариялар мен абыройлы азаматтардан бата сұрап жатады. «Ұлыстың ұлы күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деп, бір-біріне кеңпейілділік пен кешірімділікті өнеге етіп жатады. Осының барлығын арнайылап жасамаса да, «ұлыстың ұлы күні» деген ұғымның өзі табиғи түрде іргелес ұғымдар мен құндылықтарды қозғайды.
Өз басымнан мысал айтайын.
Үстіміздегі жылы мемлекеттік мекемемізде әз Наурызды ұлықтап, үлкен дастархан жасап, ел ағаларын қонаққа шақырдық. Дастархан басында қызмет жасап жүрген азаматтарымыздың бірі сыйлы қонақтардың бірінің киіміне аздап тамақ төгіп алды. Сол сәтте есіме көптен келмеген бір мысал түсе кетті.
…Қазақтың бір төресі (аты есімде жоқ) тауып айтқыш бір шешенді ерекше қадірлеп, жанына жақын тартады екен. Төренің оң жағынан орын ала алмай жүрген біраз күншілдерге бұл ұнамапты. Көрінген жерде әлгі шешенді сөзбен қағытып, іліп-шалып, сынап-мінеп қалуға тырысады екен.
Бір күні әлгі шешен орданың есігінен кіріп келе жатып, сүрініп құлапты. Ілік таппай жүрген көп күншіл шу етіп күліп, қағыта жөнеліпті. «Итің жаман» десе намыстанатын қазақпыз, шашасына шаң жұқпаған шешенінің күлкі болғанына намыстанып қалған төре: – Уай (пәленше), сені не қара басты? Тұр, уәжіңді айт! – дейді. Сонда шешен орнынан тұра келіп:
Ер жігіт екенін кім білер,
Үкілеп найза тақпаса.
Би жігіт екенін кім білер,
Билікпен елге жақпаса.
Ақ орда екенін кім білер,
Кірерде біреу, шығарда біреу
Сүрініп құлап жатпаса,
деген екен.
Осы әңгімені айта келіп: – Сол секілді әз Наурыз екенін кім білер, ақ дастархан жайылып, ағылып-тамып жатпаса? – дегенімізде әлгінде ғана «бір киім қарыз болдыңдар» деп қалжыңдап отырғандар еріксіз уәжге тоқтады.
…Ал ұмыт қалып бара жатқан құндылықтарға келсек, қазақтың қанына біткен «құрмет» құндылығын айрықша жоқтар едім. Басқасын былай қойғанда, бәрі асығыс заманда үлкеннің алдын кесіп өтпеу деген қасиет қанымыздан мүлде шегініп барады. Бұрын асығыстық салдарынан ойлана тұрып, еріксіз өтетін болсақ, қазір ойланбай өтіп кететін болдық. Көп ұзамай өткеннен кейін де ойланбайтын жағдайға жетеміз бе деп қорқамын. Құрметпен бірге көп қасиет, құндылықтар мен қастерлі ұғымдар қоса жоғалады. Ұлттың ұлт болудан қалуының басы бұл…
Осыдан бірнеше жыл бұрын елге танымал қадірлі бір қариямызды үлкен басшының алдына алып келдік. Қабылдау бөлмесінде отырған хатшы қыз үлкен кісі кіргенде әдеп көрсетіп, орнынан тұруға жарамады. Амандасып та жарытпай, бала-шағаның бірі келгендей мағынасыз көзбен бір қарап, бастығына салғырт хабарлай салды да, кесе-көлденеңдеп кіріп кетті. Қыздың бұл қылығынан бәріміз тіксініп қалдық. – Ойпырмай, мына қыз үлкен кісі келді деп елең қылмады-ау?! – деді келгендердің бірі. – Оған ешкім айтпаған ғой, – деді сонда қария. Сол сәтте маған: «Ешкім айтпағаны несі? Ата-анасы қайда қараған? Мектепте не оқыған бұл қыз?» деген ой келген еді. Енді ойлап қарасам, оқығанынан өнеге алмайтын, айтпаса істемейтін, үйретпесе білмейтін буын өсіп келеді екен…
Қазақтың ең ауыр сөзі «көргенсіз», «қасиетсіз» деген сөздер болар. Өзбектер ондайды «шайхана көрмеген» дейді. Ол халықта да біздегідей дастархан басы тәрбиенің мектебі саналады. Қазақтың тойшылдығы тойды ысыраптың емес, тәрбиенің көзі деп санағандығынан туындаған еді ғой. Әр дастархан басы тәлім-тәрбиенің бұлағына айналса, көнерген талай құндылықтың көзі ашылар еді…