Ақырғы Пайғамбар (с.ғ.с.) араб ұлтына ғана емес күллі адамзатқа жіберілді. Соңғы дін Исламның негізгі кітабы Құран да араб тілінде түсті. Бірақ тек араб елдеріне ғана емес! Оның жер бетіндегі адамзатқа қияметке дейін теңдікті, тепе-теңдікті, таразыны тең ұстануды сақтау үшін келгендігі айтылады. Десекте араб ұлты өзі ұлт тұрғысынан сол діннен көп пайда көрді. Құран арқылы әлемге араб ұлты ретінде танылып, араб тілінің, араб әдебиетінің, араб мәдениетінің бай қорын жинаған елдердің біріне айналды. Экономикада, өркениетте, құқықта араб тілінде ислам әлемінде терминдер, қағидаттар қалыптасты. Бірақ оларға түскен Құран тек солардың мәдениетіне ғана әсер етті ме? Әрине, жоқ. Құранның қадірін білген ислам әлеміндегі көптеген ұлттар сол арқылы ерекшеленді. Мысалы, парсылар сол дінді қабылдау арқылы ислам әлеміне тіпті әлемге өзінің мәдениетінің кеңдігін танытты. Олар да осы дін арқылы рухани, мәдени қорын байытты. Түркі жұртшылығына да бұл діннің бергені мол. Олар да көпшілігі осы діннің аясында жүріп өз ерекшеліктерін, өз ұлтын, тілін, мәдениетін сақтап қалды. Ал қазіргі діні басқа түбі түркі халықтар бұл күнде тілдерін де, мәдениетін де ұмытқаны баршамызға аян. Бізде де Қарахан мемлекетінен бастау алған Қазақ елі деген ұлы далада қазақ хандығы қалыптасты.
Сонау Жүйнеки, Баба Ахмет Иссауиден бастап кейіннен әлемдегі ең бай тілдердің бірі болып шағатай тілі қалыптасты. Оның бергі жағында Сыпыра жыраудың «Құбыладан жылы жел есер, арқадан суық жел есер» деп жырлағандағы «құбыла» сөзін алайық. Араб тіліндегі осы «қиблә» сөзі қазақ тіліне сіңіп, құбыла болып өзгеріп кетті. Демек, қазақ ұлты Меккеге қараған құбыласын өзгерткен жоқ. Бірақ араб тіліндегі терминді өзіне сіңіріп қазақ ұлтының сөзіне айналдырды. Осы бір ғана құбыла сөзі қазақ ұлтының ұланғайыр кең даласына лайық дәстүріне сіңіп, ел ішінде өзіндік ұлттық пайым, түсінік қалыптастырды.
Қазақтың ұлттық діни мектебінде осы құбыла деген жалғыз ауыз сөздің өзі оның мәдениеті мен руханиятын байытты. Ұлттық бояу берді. Иә, атам қазақ өзінің ұлттық діни мектебін құрды. Бірақ құбыласы өзгермеді. Яғни дінді өзгертпеді. Бірақ сол діннің де әр бір ұлтқа берер үлесі мол, міне қазақ осыны көрсете білді. Түнде жатарда әжелер немерелерінің бастарын құбыла қаратып жатқызды. Әжеханаға кіргенде құбылаға қарауға тыйым салды. Адам қайтыс болғанда қабірде басын құбылаға қаратты. Енді киім мәселесі де осылай. Дін мұсылманға киім әуретін жауып киім киюді парыз етті. Міне атам қазақ сол киімнің шегін діни етті де, бірақ үлгісін ұлттық мәдениетке айналдырды. Менің ұғымымда мысалы түлкі тымақтың өзін пайғамбар сәлдесіне ұқсатқан. Ал шапан жабу үрдісі пайғамбар сүннеті болса да, оны толықтай қазақ оюларымен ерекшелендірді. Атам қазақта осы ұлттық бояу, ою-өрнек, зергерлік өнер қатты дамыды. Міне, осы өрнектің бәрі де сол діннің бояуымен ұштасты.
Тіпті бүгінгі таңда атам қазақтан қалған сол ою-өрнектің үлгілерін немесе соған ұқсас өрнекті Мәдинадағы Пайғамбар ғалайкім сәләмнің михрабының маңдайынан жарқырап тұрғанын көруге болады. Тіпті сол ою-өрнектің бір белгісін қазіргі таңда Меккеде Харам мешітінің кеңейтілген қабырғаларынан да айқын көруге болады. Неге бұлай? Өйткені дін осылай пәрмен етуде. Құранда Алла Тағала «Бір-бірлеріңді тану үшін ұлттарға бөліп жасадым», – дейді. Яғни бейне бір жалпы діннің рухына қарасақ: «Уа, адамзат, уа, халайық, уа, ұлттар! Сендерді Алла Тағала ұлттарға бөліп жаратты. Құдай Тағаланың Адам атаның балаларын ұлттарға бөлуі сендердің бәріңнің де бір Құдайдың пендесі екендігінің белгісі. Уа, адамзат! Ендеше, дін арқылы ұлттық құндылықтарыңды сақтаңдар! Өз еріктеріңмен бейбітшілік дінін ұстаныңдар. Бірақ өздеріңнің ұлттық бояуларыңнан айырылып қалмаңдар. Ұлт-ұлтқа бөлініп, ұлттық құндылықтарың сақтаңдар бірақ мұсылмандық және адамдық тұрғыдан бір болыңдар. Ұлтқа бөліну ол бөліну емес керісінше бірігудің, бейбітшілік тұрақтылықтың белгісі» деп тұрғандай.
Иә, дін бірдей, бірақ сол дін әрбір ұлтқа өз ерекшеліктеріне еркіндік берген. Тіпті дін сол ұлттарды ұлттық тұрғыдан байытады, ұлт болып қалуына, жоғалмауына жағдай жасайды. Бұл күнде әлемде мүмкін ай санап мүмкін күн санап ұлттар жоғалуда. Жаһанданудың жағымсыз әсерлерінің салқыны ұлттарға тимей қалған емес. Ендеше, бүгінгі таңда сол жаһанданудың жағымдысын алып, жағымсыздығына осы атам қазақтан қалған діни ұлттық мектебіміз тосқауыл ғана бола алмақ. Атам қазақта сол діни ұлттық мектеп дүниеге шыр етіп сәби келгеннен бастау алған. Шілдехана, бесік той, ат қою рәсімі, аталардан бата алып тіпті оны сәбидің аузына түкірткізу, сәби өсіп жүре бастағанда тұсауын ақсақал қарияларға қидырып, бата алдыру, ақ-қарасын ажыратқанда сол қонақ болған ақсақал дана қариялардың қолына суды бөліп-бөліп, шым-шымдатып құю т.б бәрі де Әз пайғамбар сүннетінің ұлттық нақыштағы үлгісінің нақты көрінісі.
Ал бүгінгі таңда дінге келіп жатқан жас толқын сол атам қазақтың діни ұлттық мектебін танып жатыр ма? Бүгінгі жас толқынның ұлттың болашақта ұлт болып қалыптасуына сол түсінген діни түсініктері арқылы қазірден дәндерін егіп жатыр ма? Көңіл тола ма? Бұл жағы өзге тақырыптағы жазбамыздың өзегі болмақ…
Асылбек Алтынбекұлы