Ауылдық жерлерде көршілермен аралас-құралас болып, тағамға шақырып, қазан-ошақтың ортақ болуы қалыпты жағдай болғанымен, қалада көрші тұрып бір-бірін мүлдем танымайтын жандар жетерлік.
Әлбетте оның бәрін ақтап алуға себеп табылады, дегенмен «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген сөзді бәріміз білгенімізбен, күнделікті өмірде осы көршім кім, жағдайы қалай деп тіпті ойламаймыз.
Ислам ғұламаларының айтуынша, көрші үйіңіздің іргесінде тұратын адам ғана емес, ол – жолда сапарлас болған, намазда сапта жаныңызда тұрған, жұмыстағы әріптесіңіз де көршіңіз. Салтымызда көршіге жиі бас сұғып, хал-жағдайын білу, қиыншылығы болса көмегіңді аямау міндет саналады. Оған мына бір ғибратты оқиға мысал бола алады.
Бір күні бір ауылда қажылыққа баруға жағдайы жететін бірнеше адам қажылыққа ниет етіп, буынып-түйініп, Алла қаласа міне осындай күні жолға шығамыз деп жүрген кез екен. Әлгі ауылдың жағдайы бар деген бір тұрғынының ұлы көршісінің үйінде ойнап жүріп, түскі уақытта үйіне оралады. Үйге көңілсіз кірген баласын көрген әкесі, одан не болғанын сұрайды. Сонда баласы: «Мына көршілер түскі астарын ішейін деп жатқан кезде, мені үйден шығарып жіберіп, есіктерін құлыптап алды» дейді. Баласының айтқанын естіген әкесі көршісінің әрекетін көңіліне алып қалып, оның үйіне барады.
«Менің кішкентай ғана балам сонша не жейді дейсің? Баланың көңілін ауыртып, неге үйіңнен шығарып жібересің?» деп көршісіне ренжіп, ауыр сөздер айтыпты. Сабыр сақтап, бәрін тыңдап болған соң көршісі былай депті: «Біздің үйдегі жеп жатқан тамағымыз адал, бірақ, кешіріңіз сіздің балаңызға «арам» болады» дейді. Бұл жауапқа таңданған ер адам: «Қалайша саған адал болған нәрсе, менің ұлыма арам болады?» дейді. Сонда әлгі көршісі: «Біздің неше күннен бері жейтін тамағымыз болмаған еді, мен кеше аң аулауға шығып, жабайы қабан атып алған едім. Сол қабанды алып келдім үйге. Ол менің балаларыма адал. Өйткені шариғатта адам даруғатқа (қиыншылыққа) түсіп қалғанда, рұқсат етіледі деген қағида бар. Cол қағидаға байланысты менің бала-шағам аштан өліп қалмағандықтан, осыны жеу маған уәжіп болады екен. Ал сіздің үйде балаңыздың жейтін тамағы бар ғой. Сіздің балаңызға арам астан жеуге болмайды. Айып етпеңіз, бары сол ғана» деген екен.
Сонда қажылыққа барамын деп ниет еткен кісі көршісінің соншалықты аш отырғанын түсініп, ойланбастан үйіне барып, қажылыққа барамын деп жинап қойған заттарын көтеріп әкеліп, көршісінің ауласының ортасына қойып: «Я, Алла менің қажылығымды қабыл ет!» деп айналып жүр дейді. Әлгі адам бар дүниесін жеті мәрте айналған соң: «Я Алла, мен көршім осыншалық аш отырғанда қажылыққа бара алмаймын. Сен бәрін көріп тұрсың. Қажылығымды қабыл ет!» деп дұғасын жасап, көршісінің үйінен шығып кетеді.
Біраз күннен кейін ауылдағылар қажылыққа аттанады. Әлгі ауыл мен Меккенің арасындағы жолға төрт жылдай уақыт кетеді екен. Күндердің күні жаңағы адамның ауылдастары қажылықтан келгеннен кейін: «Пәленше көршіні Қағбада көріп, бірге қайтайық, ешқайда кетпе деген едік. Ол болса бізді күтпестен кетіп қалыпты» деп қажылыққа бармай қалған адамға ренжіп жүр дейді. Ғұламалар болса: «Алла тағала ол кісінің қажылығын қабыл етті!» дейді. Алланың «Әл-қадир» деген сипаты бар, оның шамасы барлық нәрсеге келеді. Ол адамның денесі ауылда жүргенімен, Алла тағалы оның жерлестеріне қажылықта құлшылық жасап жүргенін көрсетті.
Осы бір ғибратты оқиғадан көршінің хақысының қаншалықты деңгейде екенін біле беруге болады.
Көршің аш отырғанда, тойып ас ішіп, оған қараспауың күнә болып саналады. Әнәс ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жанындағы көршісі аш бола тұра, өзі тоқ адамды маған иман келтірді деп есептеуге болмайды» (Әл-Барраз) – деген.
Көрші ақысын беру жайлы Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) өзі үлкен өнеге көрсеткен. Пайғамбарымыз көшеден өтіп бара жатқанда үстіне терезеден күнде қоқыс төгіп, жәбір көрсететін яһуди көршісі болған. Бір күндері әлгі кісі қоқыс төкпей қояды. Сол кезде ардақты Пайғамбарымыз ауырып қалған жоқ па екен деп, оның хал-жағдайын сұрап барады. Сондай керемет жақсы қарым-қатынасты көрген көршісі кәлима айтып, иман келтірген екен. Сондықтан, мұсылман баласы қоңсысы өзге дін өкілі болса, тіпті дінсіз жан болса да тату болуы тиіс.
Ислам дінінде көрші хақысы өте жоғары қойылған. Ибн Омардан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.):
«Маған Жебірейіл періште көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы сонша, мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым» (Бухари мен Муслим) – деген.
Осы мысалдардың барлығы дерлік көршінің сізде хақысы бар екенінің дәлелі. Қияметте де ең алдымен «Көршіңмен тату болдың ба?» деп сұралатыны айтылады.
Демек көршіңіздің көңілін сұрап, жағдайын білу, реті келсе қолұшын созу, жылы қабақ танытып, көрген жерде сәлемдесу сіздің арғы дүниеңіздің амалдары үшін. Бұл өмірде де есігіңіз іргелес, жұмыста қатар отырған әріптес көршіңізбен тату болғанға не жетсін?! Қабақ шытып, ренжіп жүру мұсылманның сипатынан емес.
Құран Кәрімнің «ән-Ниса» сүресінің 36-аятында: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешқандай да серік қоспаңдар. Ата-аналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге жақсылық жасаңдар», – делінген.
Олай болса Алла Тағала баршамызға көрші ақысын беріп, тату-тәтті өмір сүруді нәсіп етсін! Ал сіз көршіңіздің ақысын қаншалықты орындап жүрсіз?
Қабылбек ӘЛІПБАЙҰЛЫ,
исламтанушы