Өмір жолы – таным жолы. Өмір сүру дегеніміз – тану мен таңғалу, талпыну пен толысу немесе адасу мен түңілу, алысу мен азғындау…
Қасиетті Құранда адам баласының жаратылу мақсаты жайлы Алла Тағала: «Жын мен адамзатты Маған құлшылық қылулары үшін ғана жараттым»[1],- десе, ұлт туралы аятта: ««Уа, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла – толық Білуші, әр нәрседен Хабар алушы»[2],- дейді.
Ғалымдар: «Бірінші аяттағы «құлшылық» сөзінің басты мағынасы – Алланы тану, одан кейін шүкірлігін айтып, ғибадатын жасау»,- деп тәпсірлейді. Екінші аятта да «бір-біріңді тануларың үшін» деп тұр. Яғни «Ұлттар мен ұлыстар бір-бірінің ерекшелігін, ерлігін, елдігін танысын; бір-бірінен ғибрат алып, жақсылық жолында жарыссын» деген тұжырым нақты көрінеді. Осы айтылған тану үдерісі жүзеге асу үшін Жаратушы Иеміз бізге ақыл-сана, ар-ұждан, ерік-жігер секілді қасиет-нығметтерді молынан берді…
Құран Кәрімнің тағы бір аятында: «Алла Адамға барлық есімдерді (ілім-білімді) үйретті»[3],- делінген. Ғалымдардың айтуынша: «Ілім-білім тек Адам атаға ғана емес, сонымен қатар барлық адам баласына үйретілген». Мұндағы үйретілген есімдер – Жаратушы мен жаратылысты танытатын барша ғылым-білім атаулының жиынтығы немесе ұрығы еді. Яғни, Адам атаның бойында барлық нәсілдер мен ұлттардың тегі, қаны болғаны сияқты, оған үйретілген ілімде барлық ғылымдардың негізі, дәнегі бар еді. Жан-дүниемізде жасырылған сол негізді жетілдіру, дәнектен жеміс шығару – біздің міндетіміз…
Алла Тағаланың Құран арқылы адам баласына түсірген ең алғашқы аяты «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» болса, ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Тал бесіктен жер-бесікке дейін білім іздеңдер! Білім алу – ер адамға да, әйелге де – парыз» деп өсиет қалдырған. Осы аяттарға түсіндірме берген ғалымдарымыз Жаратқан Иеміз бізге Құранмен қатар «Әлем» атты жаратылыс кітабын да оқып-зерттеуді бұйырғанын айтады.
Яғни адам баласы – Алланың барлығы мен бірлігін танитын, құдіреті мен мейірімін танытатын, жер бетіне иелік ететін ерекше жаратылыс. Адамзатты жер бетіндегі халифа-орынбасары қылып жаратқаны жайлы, адам баласының әлемдегі орыны мен мәртебесі жайлы Ұлы Раббымыз «Бақара» сүресінің, 30-аятында және басқа да аяттарда анық айтқан…
Көптеген аят-хадистерде көпшілік үшін, ел үшін қызмет етудің артықшылығы айқын көрсетілген. Мысалы, сауаптың көзі – көп қамында екенін мына хадистер дәлелдейді: «Алла Тағала үшін ең сүйікті адамдар – ең пайдалы адамдар…»[4], «Адам баласы қайтыс болғанда, оның мына үш нәрседен басқа амалдары тоқтайды: үздіксіз садақа, көпке пайдасы тиетін білім және артынан дұға жасайтын игі ұрпақ»[5]. Көріп отырғанымыздай, адам қайтыс болса да, оның амал дәптеріне көзі тірі кезіндегідей сауап барып тұруына себепші үш нәрсенің біріншісі – көптің игілігіне жарайтын, ұзақ мерзім қызмет ететін мешіт, мектеп, кітапхана, аурухана, көпір секілді ғимарат-құрылғылар салу болса, екіншісі (мәтінде нақты айтылып тұрғанындай) – көпке пайдасы тиетін білім қалдыру (кітап жазу), ал үшіншісі – ізгі ұрпақ қалың.
Яғни, ел-жұртына пайдасы тиетін, сол арқылы ата-анасына сауап жолдап тұратын ізгі ұрпақ – қалың көпшілікке нәсіп болған ең зор нығмет! «Жаңбыр жауса – жер ырысы, ер туылса – ел ырысы» демей ме?!..
Негізі, асыл дініміз ақыл-ойды дамытып, сезімді ұштап, иманды қуаттау арқылы жан-жаққа шуақ шашып, жақсылық жасауды міндеттейді. Жәннаттық жандар суреттелген бүкіл аяттарда көркем мінез бен ізгі әрекет дәріптеліп, «иман келтіргендер әрі ізгі іс істегендер» – игілікке жететіндер екені қайта-қайта ескертіледі. Біле білсек, «Ізгі іс»-тің мағынасы – адамзатқа пайдалы іс пен өнім өндіру, жаңалық ашып, адамзаттың өркендеп-дамуына үлес қосу. Абай хакімге жүгінсек:
«Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,
«Мен сүйгенді сүйді» деп Иең сүйсін», – деп тұжырымдайды.
Адам баласының жаратылу мақсатын айқындай түскен мына аятта былай делінеді: «Ол сондай Алла: ізгі іс тұрғысында қайсыларың жақсырақ екендеріңді сынау үшін өлім мен тіршілікті жаратқан. Ол – тым Үстем, аса Жарылқаушы»[6].
Байқасаңыз: кімнің ізгі амалы көп, кімнің істегені жақсырақ – сол сынға түседі, сол жолда, яғни жасампаздықта жарысу керек! Тағы бір аятта: «Еңбек етіңдер! Себебі, істеріңді Алла Тағала, оның елшісі, жалпы мұсылмандар көреді»[7],- делінеді. Бұл жерде айтылған еңбек – жұмыс қана емес, ғылым-білім, шығармашылық, жасампаздық, өнер емес пе?! Ғылым да, өнер де – жалықпас жанның қажымас қайраты, төккен тері, еткен еңбегінің жемісі емес пе?!..
Жалпы, періштелерге қарағанда (ар-иманын басшы еткен) адам баласының деңгейінің жоғары тұратынын білеміз. Себебі адам періштелерге қарағанда «есімдерді» көбірек біледі: ғаламның сырлары пен Алла Тағаланың есім-сипаттарының ақиқатына бойлай алады.
Осы орайда «Халифалықтың шарты тек қана құлшылық етумен және күнәлардан сақтанумен шектелсе, жер бетіне періштелер халифа болар еді» дейді ғалымдар. Яғни, адам басқа жаратылыстан ілімімен үстем. Адам баласының «халифа» деген атқа лайықты болуының басты шарты да – ілімді меңгеріп, пайдасына жаратуында. Расында, адам баласы өз әлеуеті мен мүмкіндіктерін, яғни ақыл-санасын, білім-білігін жетілдіріп, дұрыс пайдалана алса, сансыз ғылымды меңгеріп, өнер өндіріп, екі дүниесін абат ете алады…
Осы арада «терең ойдың телміріп соңына ерген» Абай хәкім мен оның шәкірті Шәкәрім атамыздың сөздеріне тоқтала кетсек. Абай хакім: «Пайданы қалайша алуды білмек керек. Сіз «Әмәнту биллаһи кәмаһуә би әсмайһи уа сифатиһи» (Аллаға есім-сипаттарына сай иман еттім) дедіңіз… Өзіңді Оның құлы біліп, өзіңе муслим деп ат қойып, тәслим (толық мойынсұну) болғаныңа раст боласың да. Өз пиғылдарыңды (іс-әрекетіңді) Соған өз хәліңше ұқсатуды шарт қыл. «Алла Тағалаға ұқсай алам ба?» деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік дағуасыменен (бірдей болу) емес, соның соңында болмақ…»[8] дейді. Ал Шәкәрім атамыз былай толғаныпты:
«Мылжың дер оқығандар сөзiмдi анық,
Естiге түйiр сөзiм болар қанық.
Аз сөзбен айтып көрсем мақсатымды,
Онымды ұғар ма екен осы халық?
Қояр ем мылжыңдамай, сөзiмдi ұқса,
Қайтемiн оны ұға алмай дiннен шықса.
Азды ұқсаң, бұл сөзiмдi анықтап ұқ,
«Иеңдей болам» деме, Иеңе ұқса.
Тәңiрiң – таза, болып бақ сен де кiрсiз,
Әлiң келсе, менен қаш‚ Иең – мiнсiз.
Бұл «Құдайдай боламын» деген емес,
Сөзiмнiң түбiн ұқпай деме дiнсiз.
Алланың пендесiне рақымы мол,
Сен де өзiңдей адамға мейiрiмдi бол.
Ол жаратты, сен-дағы жаратып бақ,
Бардан барды шығарсаң болады сол.
Керексiздi қылмайды Иең-дағы,
«Мен де сүйтем» деп қара сен де тағы,
Бiр Құдайың – сабырлы, сен де шыда,
Бәрi осындай, ойлансаң, артқы жағы.
Мұны бiлсең, боласың сүйiктi құл,
Құлы болсаң, қожаңның сүйгенiн қыл.
«Шын мұсылман болайын» деп ойласаң,
Құдайға құл болудың мәнiсiн бiл!»
Осылайша, екі данышпан бізді Алла Тағаланың сипаттарын танып, сол сипаттарына ұқсауға шақырады. Расында, зер салсаңыз, мына Әлем – Ұлы Жаратушы сипаттарының шағылысқан көрінісі. Яғни, бүкіл жаратылыс Алланың сипаттарын танытады, Құдіреті мен Мейірімін көрсетеді! Ал адам баласының басқа жаратылыс иелерінен ең басты айырмашылығы – Алла Тағаланың сипаттарын танып және таныта алатын қабілетке ие. Қайталап айтамыз, бұл жердегі адамның Аллаға ұқсауы – оның затына емес, сипаттарына еліктеуі…
Осы орайда ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) мынандай хадисі бар: «Ең көркем мінез-құлық – Аллаһ Тағаланың мінез-құлқы!»[9] «Яғни, адамдардағы жақсы мінез-құлық – Алла Тағаланың ахлағының бір бөлімі болып табылады» – деп түсіндіреді ғалымдар. Жоғарыдағы Шәкәрім атамыз айтқан «бардан барды шығару» – шығармашылық әлеуетті, жасампаздықты дамыту екені сөзсіз. Өйткені Ұлы Жасампаздың жердегі орынбасарының да басты сипаты жасампаздық болса керек!..
Абай хакім айтарын: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті»,- деп түйіндепті. Иә, біле-білсек, бүкіл сүйіспеншіліктің негізі – осы махаббаттан тарайды. Көркем мінездің түп тамыры да осы махаббатта! Ал сүйген адам, ғашық адам – ең күшті, ең жасампаз адам екенін еске алсақ, жасампаздық қуатын (энергияны) Алла Тағаладан, Жан Иемізге деген махаббаттан алатынымыз белгілі болады!..
Жоғарыда айтылған сөздерден шығатын қорытынды: құлшылықтың көкесі – ғылым-білімді игеріп, өнерді меңгеріп, көптің пайдасына ұсынуда! Хақ діннің мақсаты – адам баласын бақытты қылу болса, бақыттың шарты – кемелдікте, ал кемелдік – көркем мінез бен жасампаздықта! Сол себепті «құлшылықтың негізі – шүкірлік, жемісі – жасампаздық!» дейміз.
Жаратқан Иеміз баршамызға тіршілігі – құлшылық, құлшылығы – жасампаздық болған мәнді де мағыналы ғұмыр сүруімізді нәсіп етсін! Танымы таңғалуға жеткізген, харекеті махаббаттан өрбіген Ерлердің қатарына қосылуымызды жазсын!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ
[1] «Зәрият» сүресі, 56-аят.
[2] «Хужурат» сүресі, 13-аят.
[3] «Бақара», сүресі, 30-32-аяттар.
[4] Табарани, ибн Әбу ад-Дуния жеткізген хадис
[5] Муслим жеткізген хадис
[6] «Мүлік» сүресі, 2-аят.
[7] «Тәубе» сүресі, 105-аят.
[8] Абай, 38-қара сөз.
[9] Табарани жеткізген хадис