Сұрақ: Құлпытастағы әйел адамның басы ашық суретін ауыстыруға, жалпы қабір тасына марқұмның суретін қоюға бола ма?
Жауап: Соңғы ғасырда елімізде қабір мәдениетінде орасан ерекшеліктер мен өзгерістер қалыптасты. Ең басты мәселе – марқұмның басына зәулім қорған тұрғызу және құлпытасына қайтқан адамның бейнесін салу.
Исламның мазмұнына сай қабір барынша қарапайым, әлем-жәлем жылтырақтан аулақ болуы керек. Оның үстіне қыруар қаржы жұмсалатын болса, бұл дінімізде ысырап саналады. Ал барлық ысырап түрлерінің харамға соқтыратындығы дінде бар. Тіпті, Ибн Абидин өзінің «Рәддүл-Мұхтар» атты еңбегінде құлпытасқа аят, өлең, мадақ жазудың өзі мәкрүһ (жағымсыз) екендігін айтады (Рәддүл-Мұхтар, 11/237-238).
Оның үстіне жанды нәрсенің суретін салуға қатысты тыйымдар да жоқ емес. Көптеген хадистерде тіршілік иесінің суретін салуға тыйымдар бар. Тіпті, ауыр азапқа ұшырайтындығы да айтылады (Бұхари, Мүслим, Нәсаи). Сонымен қатар, сурет салынған жерлерге періштелердің кірмейтіндігін білдіретін хадистер де жеткен. Осы хадистердегі үкімдерді негізге ала отырып қабір басына сурет қоюды мәкрүһ (жағымсыз) деген.
Қорыта келгенде, құлпытасқа сурет салу үрдісі қазақтың дәстүріне, мұсылманшылық шартына сай әдет емес. Көрші халықтардың дәстүрінен енген дүние. Сондықтан қабір салуда, оны әшекейлеуде жарыс тудыру дұрыс салт саналмайды. Марқұмдарға ең пайдалысы – артынан дұға бағыштап, қайыр-садақа беру, марқұмның иманды болуын тілеу. Одан басқасының барлығының марқұмға не пайдасы, не зияны жоқ.
Кеңшілік Тышхан,
дінтанушы