Сұрақ: Лотереядан ұтып алған кез-келген тауарды шариғат бойынша пайдалануға бола ма?
Жауап: Шариғатта нәтижесі немен аяқталатыны беймәлім нәрсеге ынтығып қаражат жұмсау немесе тер төкпей оңай жолмен дүние табу харам болып есептеленеді.
Мысалы, құмар ойындарында салған ақшаң құмға сіңген судай құрдымға кетуі мүмкін. Яки, болмаса еңбек етпестен кенеттен мол қаражатқа ие болуың ғажам емес.
Алайда, мұндай ойындар шариғатта құмарға жатқызылып, харам саналады. Лотерея ойыны да дәл құмар ойыны тәрізді десек қателеспейміз. Себебі, лотереяда да құмар ойындарындағы секілді қатысушылар жаппай ақша тігіп, ал ұтысқа тек белгілі біреуі ғана ие болады. Ұтысқа ие болмағандар ұтыстан құр алақан қалып, зиян шегеді.
Жаһилиет дәуірінде мүшрік арабтардың лотерея секілді құмар ойындары бар еді. Бұл ойын бойынша бір түйені сойып, жиырма сегіз бөлікке бөлетін. Ойынға қатысушылар түйенің ақшасын бөліп төлейтін. Құмар ойынын ұйымдастырушылар он оқ дайындайтын. Оның жетеуіне белгі қойылады, қалған үшеуіне белгі қойылмайтын. Оқтарды дорбаға салатын. Құмарға қатысушылар бір-бірлеп келіп оқтарды алатын. Белгі қойылмаған оқты алғандар түйе етінен құр алақан қалатын. Ал белгі қойылған оқтарды алғандар түйе етіне ие болатын. Құмарға қатысушылардың көпшілігі бай адам болғандықтан, үлесіне тиген етті кедей-кепшікке тарататын. Аталмыш ойынның осындай игі тұсы бола тұра, Алла Елшісі (с.ғ.с.) арабтардың осы құмар ойынын харам деп тыйым салды (Мұхаммед Хамди Язар, 1 том, 764-765 бб)
Алла Елшісінің (с.ғ.с) осы сүннетіне қияс жасайтын болсақ, адамның құмар ойынынан ұтқан ұтысты қайыр-садақаға жұмсаймын деген ниеті оң болса да, шариғат оны құптамайды. Себебі, бұл жерде мақсат оң болғанмен, оған жетудегі таңдаған амал мен жол дұрыс емес.
Сондай-ақ, фиқһ ілімінің қағидасы «сәдд-и зарайғ» бойынша зиянды нәрсеге жол ашатын себептер және күнәға әкеп соқтыратын амалдар харам деп танылады (А.Зайдан, әл-Уажиз. Бағдат 1967, 215 б.).
Яғни, шариғат бойынша құмар ойындарына тыйым салғандықтан, лотереядан ұтыс ретінде алған заттар мен бұйымдарды да пайдаланған дұрыс емес.
Ғұламалар мұндай жолмен келген дүние-мүлікті жоқ-жітікке тегін үлестіргенді дұрыс санайды. Бірақ, шариғатта харам жолмен келген дүние-мүлікті кедей-кепшікке таратсаң да, одан сауап жыйнай алмайсың.
Мұхан ИСАХАН
Өзекті тақырып. Жастарымыз осыны оқыса ғой, қажет емес шығын, харам ойыннан сақтанатын еді.