Сұрақ: Үлкен ата-әжелеріміз шайтанды кәпір деп айтып жатады. Осы дұрыс па?
Жауап: Құран Кәрімде шайтанды кәпір деп атауға қатысты аяттар кездеседі. Атап айтатын болсақ, Бақара сүресінде: «Бірақ шайтандар, адамдарға сиқыр үйретіп, кәпір болды» деген аят бар (102 аят). Сонымен қатар, Исра сүресінде: «Шынында ысырапқорлар шайтанның туысы. Ал шайтан, Раббыңа өте қарсы» – деген аят кездеседі (27 аят).
Осы аяттарда шайтанның осы (кәпір болуы) қасиетіне баса назар аударылған.
Сондай ақ, шайтан адамдарды үнемі тура жолдан тайдырып, алдауға әрекет жасайды, яғни ол екіжүзділіктен де тайынбайды. Мысалы, Алла тағала Ниса сүресінде «Шайтан оларға уәде беріп, оларды босқа үміттендіреді. Шайтанның оларға уәдесі алдау ғана» – деп бұйырады (120 аят).
Жоғарыдағы аяттарда шайтан өзінің кәпір сипатын ашық білдіргендіктен, оны кәпір деп атау дұрыс деп есептеледі.
Балғабек Мырзаев
дінтанушы, Ph.D докторы