2009 жылы қайтыс болған Иран ғалымы Аятуллаһ Мунтазаридің екі томдық «Естелікнама» кітабында мынадай қызықты бір дерекке кезігесіз:
«Османлы мемлекеті өте күшті әрі маңызды бір мемлекет болғандықтан ағылшындардың бұл мемлекетті бөлшектеу жоспары бар еді. Таһрандағы (Тегеран) Османлы елшілігінің жанында бір мешіт болатын. Басым көбі сүнни болған елшілік қызметкерлері көбіне таң намазын сол мешітте оқып, қызметтеріне кірісетін. Алайда, әлгі мешітте бір күні жоқтау жырын оқитын бір хафиз пайда болды. Әлгі хафиз күнде таң намазынан кейін «Хазіреті Зеһра» жоқтау жырын оқи бастады».
Осы жерде айта кетейік, Иранда Хазіреті Фатиманың қайтыс болғанда оқылатын жоқтау осылай аталған. Бұл жоқтау жырында Хазіреті Омарға лағынет айтылады. 2015 жылы Хаманейдің пәтуасымен бұл рәсімге тыйым салынды. Әрі қарай Мунтазари былай дейді:
«Жамағаттан біреу жылына бір рет қана оқылатын бұл рәсімді әлгі хафиздың не себепті таң намазынан кейін күн сайын осы мешітте ғана оқитынын түсіне алмай бір күні әлгіге барып: «Сен осыдан басқа оқитын ештеңе білмейсің бе, не себепті күнде бір нәрсені оқи бересің?» – деп сұрайды. Әлгі жігіт: «Білемін», – деп жауап береді. «Онда неге күнде осыны ғана оқисың?» – дейді таңдана. Сонда әлгі жігіт: «Бұны біреудің тапсырысы бойынша оқып жүрмін. Біреу күнде жарты түмен (Иранның бұрынғы ақшасы) үшін осы жырды оқуымды сұрады. Мен де соның тапсырмасын орындап жүрмін», – дейді. Күдігі арта түскен мешіт жамағатының әлгі адамы: «Бұл тапсырысты саған кім беріп жүр?» – деп сұрайды. Хафиз де жолдың әр жағындағы дүңгіршекті нұсқайды. Адам көрсетілген дүңгіршекке барып, ондағы адамнан не себепті бұлай істеп жүргендігін сұрайды. Алған жауабынан да мәселенің мәнісі белгілі болады. Әлгі дүңгіршек иесі: «Шынымды айтсам, бұл менің де тапсырысым емес. Маған анау тұрған бақшалы ғимараттан бір кісі келіп мына мешітте әлгі жоқтау жырын оқытуым үшін күнде 2 түмен беретінін айтты. Мен де 1,5 түменді өзіме алып, жарты түменді хафизге беріп, сұраған мәселесін шешіп бердім», – дейді.
Мешіттің жамағаты болған әлгі адам дүңгіршек иесінің көрсеткен ғимаратына барып қараса, қақпасында «Ағылшын елшілігі» деп жазылған екен». Мунтазари тоқсан ауыз сөзінің тобықтай түйінін: «Міне, бауырларым! Шииттер мен сүнниттердің арасындағы отты көріктей түсу үшін осындай жобалар жасаған және ол әлі де жасалып жатыр», – деп қорытындылайды.
Бұл бауырлас мұсылман үмбетінің арасындағы бейбітшілік пен келісімнің шырқын бұзу үшін жасалып жатқан жобаларға бір ғана мысал. Біле білсеңіз, мұсылмандар мен өзге дін өкілдерінің арасында да осында ойындар ойналып жатыр. Мунтазаридің естелігіне ұқсас естелік Махатма Гандиде де бар. Ганди былай дейді:
«Үндістанда үндістер мен мұсылмандар қашан ағылшындардың отаршылдығына қарсы біріге бастаса сол түні біреулер сиырды бауыздап, өлексесін үндістердің жүретін көшелеріне лақтырып кететін. Бірлік мәселесі де жайына қалып, мұсылмандар мен үндістер бір-бірімен соғысып кететін».
Негізінен, мұсылмандар жылдар бойы үндістердің дініне құрмет көрсетіп, құрбандық үшін сиыр емес, қой соятын. Міне, діндер арасындағы бейбітшілік пен келісімге қарсы қара ниетті топтар ылғи осындай жобаларды саналы түрде ұйымдастырып, тасада тұрып тас лақтырып, әлемге бүліктің ұрығын шашып жүр.
Мұндай жаман пиғылды жобалар кімге керек және не үшін керек? Байқасаңыздар, Таяу Шығыста да әлі күнге дейін соғыстың оты бір тынған емес. Себебі, бұл топырақ – қаншама діннің тоғысқан жері. Ал, дінаралық арандатушылық – өте тез тұтанатын жағдайлардың бірі. Себебі, мұнда жаныңнан да жоғары тұратын «Құдай» деген қасиетті ұғым бар. Байлыққа тоймайтын ашкөз топтар бұны өте тиімді пайдаланып, арнайы бүлік шығарып, сол жерлердің жерасты-жерүсті барлық байлығының қызығын көріп отыр. Егер діндер арасында келісім мен бейбітшілік салтанат құратын болса, ешкім сырттан келген келімсек топтарға өзінің мүддесін беріп қоймас еді.
Бейбітшілік бар жерде әркімнің есебі түгел болары анық. Бұған Ислам тарихынан да мысал келтіруге болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір мың төрт жүз сахабасымен соғысу харам болған Зүл-Қағда айында Ұмра жасау үшін әрі қаншама жыл бұрын туған жерлерін тастап кеткен мұһажирлердің сағынышын басу үшін Мәдинадан Меккеге қарай жолға шығады. Өте ауыр әрі ұзақ бір сапар болып, Меккеге 22 шақырымдық қашықтықтағы Худайбия деген жерге тоқтайды. Мұны естіген Меккедегі мүшриктер мұсылмандарға Ұмра жасауға рұқсат бермейді. Жүздеген шақырымды артқа тастап, тура кіндік қаны тамып, туыс-өскен жерлері Меккенің түбіне келгенде мүшриктердің Меккеге кіруге тыйым салулары мұсылмандардың ашуын тудырады. Аллаһ Елшісі үлкен бүлікке жол ашқалы тұрған бұл мәселені мүшриктермен бейбіт келісімін арқылы, дипломатиялық жолмен шешуге шақырады. Нәтижесінде екі жақ та бейбітшілік келісімшартқа баруға разы болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) мәселенің бейбіт жолмен шешілуіне қол жеткізу үшін құрайыштық мүшриктердің ауыр шарттарына да келісіп, келісімшарт мәтінінен «бисмилләһир-рахмәнир-рахим» және «Мұхаммед – Алланың елшісі» деген сөздерді де жазғызбайды. Көптеген сахабалардың қарсылығына қарамастан келісімге қол қойылады. Дәл сол кезде әкесінің тұтқыны болған мұсылман Әбу Жәндал да қашып шығып, мұсылмандардың жанына келеді. Алайда, келісім бойынша Мәдинадан Меккеге оралған мұсылмандарды мүшриктер кері қайтармауға құқылы болса, Меккеден мұсылмандардың жанына қашып барғандарды мұсылмандар кері қайтаруға міндетті еді. Сол жерде мұсылмандар мүшриктердің қолынан қашып шыққан бауырларын қайта жау қолына тапсыруға мәжбүр болады. Шырылдаған Әбу Жәндал қаншама сахабаның жүрегін қан жылатып қайта тұтқындалып кете барады. Дегенмен, бұл бейбітшілік келісімін Аллаһ Тағала Құран Кәрімде мұсылмандар үшін ең үлкен жеңіс деп баға береді («Фатх» сүресі, 1-аят) әрі Ислам дінінің қарқынды жайылған кезеңі де осы Худайбия бейбітшілік келісімі жылдары болған. Себебі, ақиқатқа шақырып, халықтың көзін ашу бейбітшілік кезінде ғана жемісін бермек.
Ал қарабасының мүддесін көздеген кейбір қара күштер дінді бүліктің құралына айналдырғысы келеді. Тіпті, дінді жамылып та әрекет ететініне тарихтан талай мысал келтіре аламыз. Кения мемлекетінің негізін қалаған мемлекет басшысы Жомо Кениатаның: «Миссионерлер Африкаға келген кездерінде біздің қолымызда басты байлығымыз жер, олардың қолдарында Інжіл бар еді. Дұға етейік деді. Біз де көзімізді жұмдық. Көзімізді ашқанымызда біздің қолымызда Інжіл болды, олардың қолдарында жерлеріміз қалды», – дегені де бұған мысал бола алады. Бұл жерде христиандық сол кездегі қанаушылардың қолжаулығына айналған еді. Осы күні Ислам дінін терроризммен теңестіріп, өзге дін өкілдеріне айтақтатып салу да осындай қара пиғылды топтардың сценариі. Сол себепті діндер арасындағы бейбітшілік пен келісім әлемді өзінің ғана иелігінде көргісі келетін, байлық пен мансапты ғана «дін» деп танитын дінсіздердің қолайына жақпайды. Осыны ескерген Елбасы Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезінде: «Халықаралық терроризм мен экстремизмнің адамзатқа қарсы өзіндік қорлауын дінге деген қандай да бір сілтеме жасау арқылы негіздеуіне жол берілмеу керек», – деп үндеу тастайды.
Бұл мысалдардың барлығын неге тізіп отырмыз? Абылайханның үш жүздің басын қоссам деген арманына куә болған қазақ даласы бүгінде Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің басын қосқан күнге куә болып отыр. Бүгінде әлемдегі хаос пен бүлікке тосқауыл болатын бұл шара (Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі) қара ниетті, отаршыл әрі қанаушы топтардың аяғына тұсау болмақ. Себебі, дін лидерлерінің пәтуалы сөзі халықтың санасына сәуле түсіріп, түрлі арандатушылықтың алдын ала алады. Жоғарыдағы атап өткен мысалдардың барлығы діни сезімдерімізді ойыншық қылудан басталғанына көзіміз жетті.
Ал, Елбасымыздың дін лидерлеріне: «Байқап қарасаңыздар, соңғы уақытта дүниенің түкпір-түкпірінде жаһандық жаңа қатерлер бой көтерді. Сондықтан да түрлі діндердің ғасырлар бойы жинаған мол жасампаздық тәжірибесін пайдаланып, Құдай сөзін бітімгершілік пен келісімнің пәрменді құралы ретінде пайдалануымыз керек», – деп үн қатуы әлемдік бейбітшіліктің кілті қазақ даласында сақталып тұрғанының бірден-бір белгісі болса керек.
Сұлтан КЕРІМ