Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың латын әліпбиін қайта қарау туралы тапсырмасынан кейін жуырда тіл мамандары жетілдірілген жаңа жобаны жұртшылық назарына ұсынды. Бұрынғы нұсқаларға қарағанда бұл жолы әлеуметтік желілерде оны құптап, қолдау білдіргендер қарасы қалың болды.
Дегенмен, орыс сөздерімен ере келген және араб-парсы тілдерінен енген кейбір таңбаларға қатысты пікірталас әлі күнге толастамай тұр. Солардың бірі – кириллицадағы һ әрпі.
Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақ тілінде сақталуға аз да болса қақысы бар» деп баға берген бұл дыбыс бүгінде қолданыста жүрген латын әліпбиімізге де, мамандар ұсынған жаңа нұсқаға да енгізілмегені белгілі.
Ұлт ұстазы өз заманында кейбір одағай сөздерде кездесуіне байланысты, сондай-ақ, араб-парсы сөздерін сол қалпында жазу үшін ғана (мысалы, Аллаһ (الله ) «һ» әрпін төте жазуға қосымша ретінде кіргізген болса, одан бергі өткен жүз жылда «х» мен «һ» дыбыстарының айтылуында ешқандай айырмашылық қалған жоқ.
Қазіргі күні қазақ тілінде «үһ», «түһ», «аһылау», «үһілеу» деген секілді бірен-саран одағай сөздерде ғана болмаса, басқа жердің бәрінде аталмыш екі әріп бірдей айтылып жүр.
Алайда, тәуелсіздік алғаннан кейін Ислам дінінің кең қанат жаюымен «һ» дыбысы бар жаңа сөздер тілімізге көптеп ене бастады. Мәселен, сүрелер мен дұғалардағы «Бисмилләһир рахманир-рахим», «Аллаһу әкбар», «Лә иләһә иллаллаһ» «Иһдинас сиротол мустақим («Фатиха» сүресінің бір жолы)» секілді сөздерде «һ»-ның орнына қазақ тіліндегі «х» дыбысын қойып айта алмайсың.
Сол себепті дін мамандары Ислам өркендеген сайын, діни сөздерді жазуда «һ» әрпіне деген қажеттілік арта беретінін, ал Құран сүрелерін тәжуид ережесіне сай оқу уәжіп (яғни парызға жақын) екендігін ескеріп, қабылданып жатқан латын әліпбиімізге «һ» дыбысын жеке таңба ретінде қосу керектігін алға тартуда.
Жалпы, біз араб тілінде үш түрлі «х» дыбысы бар екенін білеміз. Біріншісі, тамақты қырнап шығатын «خ» әрпі. Ол қазақ тіліндегі «х» дыбысына ұқсас. Екіншісі – тамақтан жұмсақ шығатын «ح». Мысалы, «Мұхаммед» деген сөзде осы дыбыс келеді. Біз діни мәтіндерде осы екеуін «х» әрпімен жазып жүрміз. Ал үшіншісі – тамақтан еш кедергісіз еркін шығатын, яғни «кіндіктен шығатын» «ه» әрпі. Міне, осыны біз кириллицада «һ» әрпімен жазып келдік.
Дін мамандарының айтуынша, «һ»-мен келген сөзді «х»-ға ауыстырсаңыз, сөздің мағынасы да өзгеріп кетуі мүмкін. Ал бүгінде дін жолындағы замандастарымыздың басым көпшілігі сүрелер мен дұғаларды кириллицамен жаттаған. Бұдан былай намаз оқушылар қатары көбейе береді және олар енді намаз сөздерін латын әліпбиімен жаттайтын болады. «Егер араб тіліндегі түрліше айтылатын «х» дыбыстарын біз латыншадағы бір ғана «һ» әрпімен жазсақ, онда сүрелерді оқуда қиындық туындауы мүмкін», – дейді мамандар.
Белгілі исламтанушы Сәбит Ибадуллаев: «Зерттеушілер арасында қазақ тілі технологиялық тіл болудан гөрі руханиятқа, поэтикаға жақын деген пікір бар, сондықтан оны діннен алыстату жақсылық әкелмейді», – деген ой айтады.
– Төте жазу, бұрынғы латын, кириллица әліпбилері қабылданған кезде «һ» әрпінің енуі ең алдымен сол кездегі зиялылардың мұсылманшылықтан, дәстүр сабақтастығынан ажырамағандығын дәлелдейді. Тіпті, кириллицаны қабылдағанда қызыл империяның құрамына болдық.
Ал енді азаттық алған қазіргі кезде бұл әріптен бас тартуымыз біріншіден оқығандардың дәстүрден, діннен ажырап, еуроцентристік, орысшыл көзқарасқа кеткенін және осындай ғылыми пікірдің өктемдігін көрсетеді.
Әрі дін мен діни ғылымның, дін ғұламалары мен жанашырларының қоғамдағы, ғылымдағы беделінің мүлдем аз екенін дәлелдейді. Сондықтан да бұл бағытта ешқандай әрекет байқалмайды, – дейді ол.
Ғалым бүгінгі латын әліпбиі төңірегіндегі әрекеттерден қазақ тілін саналы түрде араб-парсы, мұсылман тілдерінен алыстатып, орыс тіліне жақындата түсу идеясын көретінін жасырмайды.
«Өйткені, бұл жобаны жасап жатқандар араб-парсы тілдері мен ол тілдердің қазақ тіліне тигізген игі ықпалын, діннің рөлін біле бермейді. Білсе де жеңіл-желпі қарап, елемейді. Ислам дінінің қазақты қазақ етіп қалыптастырудағы маңызды рөлін шетке ысырып тастайды», – деді исламтанушы.
Ал белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышханның айтуынша, «һ» дыбысы орта ғасырларда қазақ тілінде де қолданылған.
«Мысалы, жәуһар, жәһан, шәһар сияқты сөздер «һ» дыбысымен айтылған. Сондықтан бұл әріп бізге керек. Оның үстіне ол Құран аяттарын қатесіз оқуға көмектеседі. Оны айта алмайтындар «Аллах» деп жүр», – деп ойын білдірді.
«Әліпбидің басқа тілдегі дыбыстардың бәрін таңбалауға икемді болуы – негізгі шарт емес. Басты мақсат – төл тіліне икемді болуы – А.Фазылжанова
Біз «Латын әліпбиіне «һ» әрпі керек пе?» деген сұрақты осы істің басы-қасында жүрген ғалымдарға да қойып көрген едік. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Анар Фазылжанова қазіргі қазақ тілінде «һ» дыбысы кездесетін сөз жоқ екенін, яғни ол артық болғандықтан, латын әліпбиіне енгізілмегенін айтты.
– Қазіргі кезде ғана емес, кириллица әліпбиі қабылданғалы бері де «қаһарман», «баһадүр», «гауһар», «хат», «хабар» деген сөздердегі «х» мен «һ» әріптері ешқашан әртүрлі айтылмаған. Өзіңіз де эксперимент жасап көріңіз.
Екі әріп те көмейден бірдей шығады. Сол секілді сіз мысалға келтірген «Аллаһу әкбар», «биммилләһир-рахманир-рахим» деген сөздерді де қазақ кәдімгі «х»-мен айтып жүр. Ал таза араб тіліндегі нақышта дыбыстайтындар – сол тілді білетін дін саласының мамандары, имамдар, Құран жаттаған қарилар. Сондықтан латын әліпбиіне арнайы «һ» таңбасын қосудың қажеті жоқ деп есептейміз.
Ал Құран Кәрім мәтіндерін қазақ тілінде транслитерациялау мәселесіне келсек, өзіңіз айтқан кіндіктен шығатын «һ» дыбысын латын әліпбиі шеңберінде қалай таңбалау керек, қосымша қандай белгімен берсе болады – оны дін саласының мамандары өздері ақылдасып шешсе болады, – деді тіл маманы.
Ол кез келген әліпби ұлттық тілге арналып жасалуы керек екенін баса жеткізді.
«Әліпбидің басқа тілдегі дыбыстардың бәрін таңбалауға икемді болуы – негізгі шарт емес. Басты мақсат – төл тіліне икемді болуы.
Мысалы, орыстар «қазақтың қазысы «қ»-мен жазылады» екен деп, әліпбилеріне «қ» әрпін кіргізбейді ғой. Сол сияқты біз де араб-парсы тілдерінің дыбыстарына арнайы таңба қосып, әліпбиімізді күрделендірмеуіміз керек», – дейді Анар Фазылжанова.
Тіл маманының бұл ойын белгілі жазушы Қуандық Шамахайұлы да қостайтынын айтты. Бүгінде талқыланып жатқан жаңа әліпби жобасының әлі де бір қайнауы ішінде екендігін атап өткен ол «һ» әрпі түгілі, «х»-ның өзі қазақ тіліне кейін қосылғанын, бұрынғы уақытта «хат», «хан» секілді сөздер «қат», «қан» деп айтылып, жазылғанын тілге тиек етті.
Біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаровтың да осы мәселеге қатысты пікірін тыңдап көрдік. Оның айтуынша, діни мәтіндерді дұрыс оқуды ұстаздың алдында отырып үйренген маңызды. Ал әліпбиге қосымша таңба кіргізгенмен, қарапайым мұсылман арнайы ұстаздың сабағына қатыспаса, араб тіліндегі дыбыстарды нақышына келтіріп айта алмауы мүмкін.
– Сондықтан өз басым «х» мен кіндіктен шығатын «һ» дыбыстарының екеуін де латын әліпбиіне кіргізуді қолдамаймын. Бұл менің жеке пікірім. Бұдан діни мәтіндерді жазуда қиындық туындамайды.
Өйткені, Түркия, Малайзия секілді латын әліпбиін пайдаланатын мұсылман елдерінде Құран аяттарын дұрыс оқу үшін транскрипциялар пайдаланылады. Бірақ, ұстаз түзетіп отырмаса, транскрипцияның өзі жеткіліксіз болар еді. Сол себепті біз аят-сүрелерді шәкірттерге, жалпы ел мұсылмандарына үйретуде транскрипцияларды, басқа да арнайы тыныс белгілерін пайдалануымыз керек, – деді Ершат Ағыбайұлы.
«Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек» деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Бұл мақаламызда көтеріліп отырған мәселе бойынша «тілге шақ келетін» шешім қабылдау – мамандардың еншісінде. Ең бастысы, тіл тұнығын лайламайтын, мұсылмандығымызға да шіркеу келтірмейтін шешім қабылданса – нұр үстіне нұр.
Ескендір ТАСБОЛАТ