Елімізде компьютер мен ноутбукты күніне мыңдаған адам пайдаланады. Алайда қолданып жүрген пернетақтамыз бізге қаншалықты ыңғайлы екенін ойланып көрдік пе? Жалпы ағылшынның QWERTY немесе орыстың ЙЦУКЕН тәртібіндегі пернетақтасы (пернетақтаның сол жақ бөлігіндегі алғашқы 6 әріпті оқығаннан шыққан атау) тек сол тілде жазатын азаматтардың ыңғайына қарай жасалған. Ендеше қазақтың ұлттық пернетақтасы қандай болуы керек?
Жасыратыны жоқ, кәдімгі нетбуктың өзі қазақтілді азаматтарға ыңғайсыз. Себебі мәтін ішінде сандардың бірін теру қажет болса, амалсыз нетбуктың тілін ауыстырып барып қана пернетақтаның үстіңгі тұсындағы сандарды жазуға болады. Кирилл қарпіндегі қазақ әліпбиі 42 әріптен тұратындықтан, қазақтың і, ө, қ секілді төл әріптері бір кезде үстіңгі жақтағы сандармен жағаласып, пернетақтаның негізгі бетіне енбей қалған.
Қазақтан қарағанда өзбек және әзербайжан пернетақтаның негізгі бетіне төл әріптерін енгізіп, үстіңгі жақтағы сандар мен тыныс белгілердің орнын өз жайына қалдырыпты.
Мәселен, кирилл қарпіндегі өзбек әліпбиінің нұсқасында төл әріп саналатын Ў – ЙЦУКЕН тәртібіндегі пернетақтаның Щ, ал Қ әрпі Ы әрпін ығыстырып шығарған. Ал қалған Ҳ және Ғ – қазақтың Һ және Ө әрпі орналасқан пернетақтаның үстіңгі жағына қойылған.
Кирилл қарпіндегі өзбек әліпбиінде – 35, ал латын қарпіндегі әліпбиінде 29 әріп бар. Мұны ескерсек, латын қарпіндегі өзбек әліпбиінің 29 әрпі пернетақтаның негізгі бетіне оп-оңай сыйып тұрғанын зерттемей-ақ аңғаруға болады.
Айта кетерлігі, латын қарпіндегі өзбек әліпбиінің пернетақтада орналасуы ағылшынның QWERTY тәртібіне негізделіпті. Яғни пернетақтаны латын қарпіндегі өзбек әліпбиімен терген адам ағылшын тілінде де дәл солай мәтінді шапшаң жаза алады.
Әзербайжанның тәжірибесін зерттеп көрейік. 1991 жылы Әзербайжан латын қарпіндегі әліпбиіне қайтып оралды. 1992 жылы елде латын әліпбиіне көшіру жұмысы басталып, кезең-кезеңімен 2001 жылы аяқталды. Жалпы әзербайжан әліпбиінің латын және кирилл нұсқасында әріп саны бірдей – 32. Алайда ол әріптердің пернетақтада орналасу тәртібі әртүрлі. Қос нұсқа да қазақ тіліндей пернетақтаның үстіңгі жағындағы сандар мен тыныс белгілердің орнын «жайлап алмаған».
Әзербайжан тіліндегі басы артық әріптерді ысырып, төл әріптер ( ç , ş , ö , ğ ) толығымен пернетақтаның негізгі бөлігіне орналастырылған. Латын қарпіндегі әзербайжан әліпбиі әріптерінің пернетақтада орналасу тәртібі де ағылшынның QWERTY тәртібіне негізделген.
Төл әріптерін пернетақтаның негізгі бетіне сыйғыза алмағандардың қатарында посткеңестік кеңістікте қазақ, башқұрт және якут әліпбиі тұр. Әлбетте, кирилл қарпіндегі қазақ әліпбиінің әріптері қазіргі қолданыстағы пернетақтаның тәртібінен ауытқи қоюы екіталай.
Жалпы қазірге дейін кирилдегі қазақ әріптерінің өзін пернетақта бетінде өзгерту үшін бірнеше рет әрекет жасалыпты. Алайда зерттеулер мен уақыт сүзгісінен өтіп барып, бізге жеткені осы нұсқа. Бірақ алда Қазақстан латын қарпіндегі әліпбиге өтеді. Міне, осы кезде ұлттық пернетақтада төл әріптеріміз қалай орналастырылады?
Қазақ жазуында ең жиі кездесетін әріптер қандай? Бұл мәселе төңірегінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі Айман Жаңабекованы сөзге тартып көрген едік.
Жалпы аталмыш институттың мамандары қазақ тіліндегі қай әріптер ең жиі кездесетінін зерттепті. Зерттеу нәтижесі бойынша дауысты дыбыстардан ең жиі кездесетіні – А фонемасы екені анықталған. Ал Е, Ы, І фонемалары барабар жиілікпен екінші орында тұр. О, Ө, Ұ, Ү фонемалары үшінші орында болса, И, У дауыстылары сирек кездеседі.
Дауыссыздар бойынша ең жиі кездесетіні – Н фонемасы. Екінші орында – барабар жиілікпен Т, Л, Р, Д, С, М фонемалары. Үшінші орында – Ғ, К, Ң, Ж, З, П, Ш, У болса, ал Г – сиректеу, Ф, Х, В, Ч, Ц, Һ Щ өте сирек, тіпті ертегілерде Х-дан басқасы кездеспейді.
Мамандар ұсынған екі нұсқа Айман Жаңабекова өзіміз күнделікті қолданып жүрген QWERTY пернетақтасының орналасу тарихы жазу машинкасынан басталатынын айтады. Яғни бұл пернетақтаның «атасы» – 150 жыл бұрынғы машинка. Машинканың тетіктері біріне-бірі кедергі жасамас үшін жасалған. Демек, QWERTY пернетақтасында тілдің ерекшеліктері де, адамның психологиялық қабылдауы, тілдің статистикасы да ескерілмеген.
Пернетақтаны жылдам басқанда екі тетік біріне-бірі айқасып басылмай қалмас үшін жиі кездесетін әріп тіркестерін бір-бірінен алшақ қою жағы ғана қарастырылған. «Адамдардың бірден пернетақта әріптерінің жаңаша орналастырылған нұсқасына үйреніп кетуі қиын. Бірақ біз QWERTY пернетақтасын өз тілімізде өте сирек қолданамыз. Өйткені қазақ тілін қолданушылар қазақша мәтінді кирилл графикалы пернетақтада тереді. Ағылшынша мәтінді теретін адам аз, санаулы. Демек, латын графикалы QWERTY пернетақтасы қазақ тіл ұстарманы үшін жаттанды, мәтін теруге үйреншікті емес. Қазақ тілді мәтін теруші үшін QWERTY пернетақтасын қолдану маңызды емес», – деп атап өтті Айман Жаңабекова.
QWERTY пернетақтасындағы кирилл әріптерінің орналасуы бойынша мәліметтерге сүйенсек, орыс пернетақтасында маңызды әріптердің сұқ саусаққа ыңғайланып орналастырылғаны байқалады. Алайда ЙЦУКЕН пернетақтасы да қол мәшінкесінің кезінде жасалған. Екіншіден, орыс пернетақтасында әріптердің орналасуы қазақ мәтіндерін теру үшін ыңғайластырылмағаны анық. Үшіншіден, кирилл пернетақтасында қазақтың төл (ә, і, ң, ғ, ү, ұ, қ, ө, һ) әріптері сандар мен символдар тұратын үстіңгі қатарда орналастырылған. Бұл да дұрыс емес, себебі пернетақтада әріптерді орналастырудың әлемдегі қабылданған жүйесі бойынша ортаңғы үш қатар – негізгі әріптер тұратын аймақ та, ал үстіңгі қатар сандар мен символдардың орны.
«Осындай себептерді ескерсек, латын қарпіндегі қазақ әліпбиі бойынша ұлттық пернетақтамызда қазақ әріптерін қалай орналастырамыз? Қандай принциптерді басшылыққа аламыз? Осындай сұрақ туындайды. Негізгі мақсат – пернетақтада қазақша мәтіндерді жылдам әрі сапалы теру мүмкіндіктерін қарастыру.
Жалпы пернетақтаның беті мәтін терудегі ыңғайлылығына қарай актив және пассив аймақтарға бөлінеді. Пернетақтаның әріп теруге ыңғайлы жері ортаңғы аймақ, әсіресе, кертік тұрған жердің айналасы, асты мен үсті. Ал шеткі батырмалар пассив аймаққа жатады. Актив және пассив аймақтарды пернетақтаның көлденең және тіке бөліктері бойынша да көрсетуге болады.
Көлденең меже бойынша актив аймақ – ол екі кертік тұрған ортаңғы қатар, яғни қазіргі кирилдегі Ф әрпінен басталып, Э әрпіне аяқталатын қатар. Одан кейінгі актив аймақ осы қатардың үстінде орналасқан үстіңгі қатар. Ал астыңғы қатар көбінесе сиректеу кездесетін әріптер орналасатын аймақ.
Батырмалардың тік бағыттағы межесі кертік тұрған батырмалардың жаны, яғни ортаңғы, екінші қатардың жаны, ортаңғы тұсы. Сонымен қатар үстіңгі қатардағы кертпенің үстіңгі ортаңғы бөліктері. Одан кейінгісі кертпенің астыңғы ортаңғы бөліктері. Ал осы үш қатардың шеткі бөліктері пассив аймақ болып есептеліп, сирек кездесетін әріптер не тыныс белгілер орналастырылады», – дейді тіл маманы.
Ұлттық пернетақтаның жобасы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Қолданбалы лингвистика бөлімі статистикалық негіздегі пернетақтаның мынадай жобасын ұсынып отыр.
А (А) әрпі – жиілік сөздік бойынша 1-ші орында тұрған ең жиі кездесетін әріп. Сондықтан мамандар пернетақтада А әрпі басуға оңтайлы болып саналатын ортаңғы қатарға кириллдегі А әрпінің орнына қойған. Жиілік сөздікте жиілігі жағынан 2-ші орында тұрған Е (Е) әрпі осыған сәйкес оң қолға екінші кертпенің үстіне қойылып отыр. Жиілік сөздікте 3-ші орында тұрған Ы (Y) әрпі де ортаңғы қатарға А-ның сол жағына орналастырылған. Н (N) әрпі жиілігі бойынша 4-ші орында тұр.
Сонымен қатар әріп тіркесінің жиілік сөздігінде А-дан кейін жиі тіркесетін әріп (АН). Сондықтан N әрпін А әрпінен кейін қою статистикалық тұрғыдан дұрыс.
І (I) әрпі – жиілігі бойынша 5-ші орында. Сондықтан ортаңғы бөліктің жоғарғы қатарына Е-нің үстіне, оң жақ қолға латынның бұрынғы 1-сі тұрған батырмаға орналастырылған. Т (Т) әрпі – жиілігі бойынша 6-шы орында. Әріп тіркесі бойынша да тіркес басында 6-шы орында тұр. Сондықтан үстіңгі орталық бөлікке орналастырылған.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Қолданбалы лингвистика бөлімінің 2-ші жобасы мынадай:
Бұл жоба апробациядан өткен 5-ші нұсқамен бірдей деуге болады. Яғни оң жақ шеттегі тыныс белгілері тұрған жерге пернетақтада жоқ қазақ әріптері орналастырылған. 5-ші нұсқадан айырмашылығы – олардың орындары ауысқан.
Ұлттық пернетақтаны әзірлегенде нені ескеру керек? Айман Жаңабекова қазақ тілінің ұлттық пернетақтасын жасауда мынадай ұсыныстарды ескеру қажеттігін айтады. Біріншіден, пернетақтаға қаріптерді орналастыруда жеке әріптер мен тіркестердің қолданыс жиілігін басшылыққа алу қажет. Екіншіден, қазақ тілі әріптерін компьютердің пернетақтасына орналастыруда қатар қолданылатын әріптерді бір-бірінен алшақ орналастырып, жиі ұшырасатын жеке әріптерді сұқ саусақ басатын ауданға орналастыру қажеттілігін басшылыққа алған жөн.
«Одан бөлек жиі кездесетін тіркестерді қатар орналастырмай, оң қолмен сол қол басатын аудандарға параллель орналастырған дұрыс. Қазақ тілінде әріп тіркестері көбінесе дауысты мен дауыссыз қатар келеді, сол себепті дауысты, дауыссыз дыбыстарды екі қол бөліп басатындай пернетақтаның екі жағына бөліп алшақ орналастыру керек. Сөз басында жиі кездесетін әріптерді оң қолға бейімдеп, пернетақтаның оң жақ бөлігіне қойған абзал. Әріп тіркестерінің жиілік сөздігінен ең жиі кездесетіндерін ғана негізге алу керек. Пернетақтаға әріптердің қолданыс жиілігін ескере отырып, физикалық тұрғыдан күшті саусақтан әлсіз саусақтар ретімен орналастыруды дұрыс деп танимыз. Егер әріптерді пернетақтаға осы қолданыс жиілігіне сәйкес орналастырсақ, мәтін теруде уақыт үнемділігі, физикалық күшті аз жұмсау сияқты нәтижелерге қол жеткізуге болады», – деп сөзін түйіндеді Айман Жаңабекова.