Бұл әнші қыз елімізге ең алғаш рет Димаштың «Ұмытылмас күн» әнін қазақ және ағылшын тілдерінде орындап танымал болды. Португалиялық Лара Алейшо сол кезден бері бірнеше қазақ әніне кавер жасап, тіпті елімізде өткен «Voice оf Nur-Sultan» және «Voice of Turan 2023» фестивальдарына да қатысты. Бүгінде YouTube-та оның орындаған «Дудар-ай», «Таптым-ау сені» әндері көп көрілім жинады. Біз қазақ музыкасына аңсары ауған шетелдік әншіге хабарласып, сұрағымызды қойдық.
– Лара, ең алдымен музыка әлеміндегі аяқ алысың жайында айтып берсеңіз. Қанша жастан ән айта бастадыңыз?
– Менің жасым 23-те. Қазіргі уақытта жоғары оқу орнында менеджмент факультетінде білім алып жатырмын. Сонымен бірге музыкамен, яғни ән айтумен де айналысамын. Менің анам – әнші. Сол кісіге еліктеп, 3 жасымнан ән айта бастадым.
– Димашқа дейін Қазақстан туралы естідіңіз бе?
– Иә, естідім. Сіздердің елдеріңіз жайында кей мәліметті білгеніммен, мен оны көз алдыма басқаша елестететінмін. Кейін жақын таныса келе Қазақстанның қандай әдемі әрі таңғажайып ел екеніне көзім жетті.
– Қателеспесем, қазақ музыкасына деген қызығушылығыңыз Димаштан басталды. Оның әндерін алғаш рет қашан тыңдап едіңіз?
– Иә, рас айтасыз, бәрі Димаштан басталды. Алғаш рет оның «I am singer» жобасында «All by myself» әнін орындағанын естідім. YouTube арнасында сол әнді тамашалағанда қатты қайран қалдым. «Адам баласында мұндай дауыс болуы мүмкін бе?» деген ой келді. Шексіз талант. Мен Димаштың үніне ұқсайтын дауысты ешуақытта кездестірген емеспін. Тіпті теңдессіз тұңғиық десем болады. Кейін оның жеке әндерін тыңдай келе, қазақ тіліне ғашық болдым.
– Сол кезден бастап бірнеше қазақ әнін орындап, өнерсүйер тыңдарманымыздың ықыласына бөлендің. Екі рет Қазақстанға келіп, сахнада ән айттыңыз. Еліміз, қазақ халқы ұнады ма?
– Иә, мен елдеріңізде екі рет болдым. Қазақ – нағыз қонақжай халық. Қазақтар еті тірі әрі жүрегі кең адамдар екенін байқадым. Қазақстанның таулары да, табиғаты да ғажап. Бір барғаннан кейін қайта-қайта барғың келеді. Ал қазақ әндері менің жүрегімді жаулап алды. Олардың өзіне тән ерекшелігі бар.
– Мәселен, қандай ерекшелік байқадыңыз? Басқа халықтардың әндеріне, соның ішінде португал әндеріне ұқсамайтын тұстары бар ма?
– Қазақ әндерінің құрылымы басқа халықтардан, мысалы португал әндерінен қатты ерекшеленеді. Музыкалық аспаптардың қолданысында да айырмашылықтар бар. Композициясы басқаша. Қазақ әндерінде эмоцияның көптігі сондай, тіпті оның сөзін түсінбесең де, айтылып жатқан ойды жан-дүниеңмен сезінесің. Біз, португалиялықтар да, эмоциялық әндерді жақсы көреміз. Осы жағынан екі халық бір-біріне ұқсас деп айта аламын.
– Ал қазақша ән орындау, оның сөздерін айту қиын болмады ма?
– Шын мәнінде өте қиын. Адамдардың көмегімен оны да үйреніп жатырмын, бірақ қиындау екені рас. Өйткені қазақ тілінің дыбыстары біздің тілімізден қатты ерекшеленеді. Дегенмен уақыт өте келе оған да жаттығамын деп үміттенемін.
– Қазақстанда болып, қазақтармен жақын таныстыңыз. Мәдениетімізде, ділімізде, дәстүрімізде сіздермен ұқсастықтарымыз бар ма?
– Екі халыққа да ортақ құндылықтар бар. Мысалы, адамдарға көмектесу және ілтипатты қарым-қатынас жасау жағынан ұқсаспыз. Біз де сіздер секілді басқа елден келген қонақтарға жылы қабақ танытып қабылдауды, оларға бар жылы-жұмсағымызды ұсынғанды жақсы көреміз. Бірақ менталитетіміз әртүрлі. Дәстүріміз де өзгеше.
– Алдағы уақытта тағы қандай қазақша әнге кавер жасау ойыңызда бар? Әнді таңдадыңыз ба?
– Мен келешекте де көп қазақша ән орындағым келеді. Әзірге кезекті әнді таңдау үстіндемін. Жақын күндері оны да әлеуметтік желіде бөлісемін.
– Жуырда инстаграмда қазақ тілінде жаңа ән жазғың келетінін айттыңыз. Бұл бағытта қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Иә, мен қазақша және португалша ән жазсам деп жүрмін. Ол үшін Қазақстаннан әнші шақырып, дуэт болып айту ойымда бар.
– Алға қойған жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз. Әсіресе Қазақстанмен байланысты қандай жобаларыңыз бар?
– Қазір бір ғана мақсатым – музыкамен шұғылдану, ән айту. Тағы да Қазақстанға барып ән айтсам деймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ