Футболдан Еуропа чемпионаты әлемге жаңа жұлдызды жарқыратты. Ол – испаниялық вундеркинд Ламин Ямаль. Үш күн бұрын Францияға қарсы өткізген ойыннан кейін ол туралы бүкіл әлем БАҚ-тары шулап жазып жатыр.
Туған жері, ата-анасы
Ламин Ямаль 2007 жылы 13 шілдеде Испанияның Матаро қаласында дүниеге келген. Әкесі – марокколық, анасы – Экваторлық Гвинеядан шыққан. 2014 жылы «Барселона» клубының академиясына қабылданғаннан кейін балалық шағының көп бөлігін сол қалада өткізген.
Рекордтары
Ламин Ямальді вундеркинд деп атауға болатын себептер жетіп артылады. Атап айтқанда, ол көптеген рекордтардың иесі. Мәселен:
- 2023 жылы 29 сәуірде «Барселона» құрамында Ла Лига матчына қатысқан ең жас футболшы атанды. Ол уақытта Ямальдың жасы 15 жас 290 күн болатын. Бірақ ол ойынды басынан бастаған жоқ;
- Сол жылы 20 тамызда ол «Кадис» командасына қарсы өткізген ойында ең басынан алаңға шығып, тағы рекорд орнатты. 16 жас 38 күн болғанда Ла Лигада ойынның басынан алаңға шыққан ең жас футболшы атанды;
- Сол жылы 27 тамызда «Вильярреал» командасына қарсы өткізген ойында жасы 16 жас 45 күн болғанда Ла Лигадағы ең жас ассист (голға ұласқан пас) иесі атанды;
- 8 қыркүйекте Еуро-2024 турниріне іріктеуде Грузияға қарсы ойынға қатысып, өз елінің тарихындағы ұлттық құрамада ойнаған ең жас футболшы атанды;
- Осы ойында гол салып, ұлттық құрама тарихындағы гол салған ең жас ойыншы атанды;
- 4 қазанда Чемпиондар лигасында «Порту» командасына қарсы өткізген ойында осы турнирде ең басынан алаңға шыққан ең жас ойыншы атанды;
- 4 желтоқсанда Golden Boy марапатына ұсынылған ең жас ойыншыға табысталатын The Youngest сыйлығын иеленді;
- Биыл Еуропа чемпионатында Хорватияға қарсы өткізген ойынға ең басынан алаңға шығып, 16 жас 338 күн болғанда Еуропа чемпионаттарына қатысқан ең жас футболшы атанды;
- Сол ойында ассист жасап, турнир тарихындағы ең жас ассист иесі атанды;
- Францияға қарсы өткізген жартылай финал матчында ірі турнирлердің жартылай финалына шыққан ең жас футболшы (16 жас 362 күн) атанып, Пеленің рекордын (17 жас 244 күн) бұзды;
- Осы ойында гол салып, Еуропа чемпионаттарында гол салған ең жас футболшы атанып, Йохан Фонлантеннің рекордын (18 жас 4 ай) бұзды.
Оның ендігі арманы – Еуропа чемпионатын ұтып алған ең жас ойыншы атану. Бұл арман орындала ма – оны ертеңгі ойыннан кейін көреміз.
Месси аузына түкірген бе?
Жақын күндері Лионель Мессидің сәби Ламин Ямальді шомылдырып жатқан суреті жарияланды. 2007 жылы түсірілген бұл сурет Барселонаның күнтізбесіне арналған фотосессия екен. Бәлкім сол кезде Месси қазақтың ырымымен оның аузына түкірді ме екен?
Ламин Ямаль қай дінді ұстанады
Футболшының өзі ешқашан қай дінді ұстанатынын айтқан емес. Алайда әкесінің марокколық екенін есепке алсақ, оның мұсылман болу ықтималдығы жоғары.
Интернетте Ламиннің ойын алдында мұсылманша қол жайып, дұға тілеп жатқан суреті жүр. Одан бөлек туыстарымен түскен суретте мұсылманша орамал таққан әйелдерді көруге болады. Осы суретте екі кішкентай сәбидің бетін смайликпен жауып қойған. “Көз тиеді” деп сәбидің жүзін көрсетпеу мұсылмандардың ырымы емес пе? Сондықтан вундеркинд Ислам дінін ұстануы мүмкін деген болжам шындыққа саяды.
Айтпақшы, ертең Ламиннің туған күні, 17 жасқа толады. Сіз қалай ойлайсыз: осы мерейлі сәтте оның арманы орындала ма? Испания жеңіске жете ме?
Жасұлан БАҚЫТБЕК