Қажылықты аяқтап, елге қайтқан едім. Жолшыбай ұзақтан қарайған ноқатты көзім шалды. Жақындап барсам қарт әйел екен. Сәлем бергенімде, ол:
– «Ерекше мейірімді Раббыларынан оларға: «Сәлем» сөзі болады», (Йасин, 58) деген аятты оқыды.
– Алла жар болсын! Бұл жерде жападан-жалғыз не істеп жүрсіз? – дегенімде, ол:
– «Алла кімді адастырса, сонда оған тура жол көрсетуші жоқ. Онда оларды қаңғырыстарында абыржытып қояды», (Ағраф, 186) деп жауап қатты. Яғни, бұл аятты айтуынан оның жолдан адасып қалғанын түсіндім.
– Қайда баруыңыз керек?
– «Құлын (Мұхаммед Ғ.С. ды) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Мәсжуд Ақсаға апарған Алла, әр түрлі кемшіліктен пәк», (Исра, 1) деген аятты оқығанынан, оның Құдысқа бармақ болғанын білдім.
– Мұнда қай уақыттан бері жүрсіз?
– «Үш күннен бері» (Мәриям, 10).
– Үш күннен бері ас-сусыз, жападан-жалғыз қалай шыдадыңыз?
– «Мені іштіріп, жегізген Ол!» (Алла) (Шұғара, 79).
– Ең болмаса суыңыз да жоқ. Қалай дәрет алдыңыз?
– «…Сонда су таба алмасаңдар таза жерге тәяммүм соғыңдар; онымен беті-қолдарыңды сипаңдар. Өйткені, Алла, сендерге ауыршылық қаламайды», (Мәйда, 6) – деді.
Оған жаным ашып, дорбамнан алып азық бергенімде, ол:
– «Соңсоң оразаны кешке дейін толық орындаңдар», (Бақара, 187) деп аузы берік екеніне ишара жасады.
– Бұл Рамазан айы емес қой.
– «Кімде-кiм артықша бip қайыр icтece, Алла шүкіршілікті қадырлаушы, толық білуші» (Бақара, 158).
– Сапарда жүргенде ораза тұтпай, ас ішу – мүбаһ емес пе?
– «Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы» (Бақара, 184).
Әрбір сұраққа аятпен жауап берген соң, оған:
– Неге мен секілді сөйлеспейсіз?– дедім.
– «Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды, алдында аңдушы (періштелер) дайын», (Каф, 18) – деді.
– Айыпқа бұйырмағайсыз, ғафу өтінемін.
– (Юсуф Ғ.С.): «Бүгін сендерге сөгіс жоқ. Алла сендерді жарылқайды. Ол мейірімділердің ең мейірімдісі» (Юсуф, 92).
– Сізді достарыңызға жеткізіп салдайын, түйеме мініңіз.
– «Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі» деп айт» (Бақара, 215).
Түйені қасына әкелгенімде, ол:
– «Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын», (Нұр, 30) – деді.
Көзімді тайдырып әкеткен сәтте, түйем үркіп қашты. Қарт әйелдің киімі жыртылды. Сонда ол:
– «Бастарыңа келген бір ауыршылық, қолекі істегендеріңнің салдарынан болады», (Шура, 30) – деді.
– Сабыр, түйемді байлайын, – дедім.
– «Сонда оны Сүлейменнің көкейіне салдық. Негізінен де әрқайсысына әкімшілік, білім бердік», (79) – деп менің түйені шөктіре білгеніме қошемет айтты.
Түйеме мініп:
– «Бұны бізге бағындырған Алла пәк. Өйткені біз бұған жақындаса алмайтын едік» дейсіңдер. «Күдіксіз Раббымызға қайтарыламыз», (Зухруф, 13, 14) – деді.
Мен, «Қанеки, шу» – деп түйеме қамшы бастым.
– «Жүрісіңде орташа бол да даусыңды бәсеңдет. Сөз жоқ, дауыстардың ең жаманы есектің дауысы», (Лұқман, 19) – деп ескерту жасады.
Мен жолшыбай өлең оқи бастадым. Сол замат қарт әйел:
– «Ал енді Құраннан жеңіл келгенін оқыңдар», (Музаммил, 20) – деді.
– Өлең оқу харам емес, – дедім,
– «Бұны ақыл иелері ғана түсіне алады», (Бақара, 269) – деді.
Үйленіп, үйленбегенін сұраған ем, ол:
– «Әй, мүміндер! Егер айқындалса сендерге жаман болатын нәрсені сұрамаңдар», (Мәйда, 101) – деп жауап қатты.
Біраз жүрген соң көшті қуып жеттік. Қарт әйелге:
– Көште адамың бар ма? – дедім.
– «Мал мен балалар, дүние тіршілігінің сәні», (Кәһф, 46) деп жауап берді.
Балалары бар екенін ұғып, олардың есімдерін сұрадым. Ол:
– «Алла (Т.) Ыбрахимды (Ғ.С.) дос тұтқан, (Ниса, 125) «Алла Мұсамен тілдесті», (Ниса, 164) «Әй, Яхия! Кітапты мықты ұста», (Мәриям, 12) – деді.
Көшке жақындап: «Әй, Ибрахим, «әй, Мұса, «әй, Яхия», деп айқайладым. Жүздері нұрлы үш жас жігіт: «Иә» деп жетіп келді де, аналарымен қауышты. Аналары:
– «Мына ақшаларыңмен біреуіңді қалаға жіберіңдер. Сонда тамақтың қайсысы жақсы, көріп, сендерге одан қорек келтірсін. Сондай-ақ сыпайылық істеп, сендерді ешбіреуге сездірмесін», десті» (Кәһф, 19), «Өткен күнде істеген амалдарыңның арқасында ішіңдер, жеңдер сіңімді болсын», (Хаққа, 24) – деді.
Мен балаларына:
– Аналарыңыздың бұл сырын түсіндірмесеңіздер, мен ас ішпеймін, – дедім. Балалары:
– Анамыз, Аузынан жаңылыс сөз шығып кете ме деп қорқып, 40 жылдан бері тек Құран аятымен сөйлеседі, – деді.
Ибн Мүбәрак бұл оқиғаны баяндау арқылы Құранда барлық нәрсенің қамтылғанын айтпақ болған еді.
Мұхан ИСАХАН,
дінтанушы, PhD доктор