Бірде Абдулла ибн Мүбәрак (р.а.) есімді ғалым бір византиялықпен жекпе-жекке шығады. Екеуі бірін-бірі ала алмай жатады.
Бір уақытта бесін намазы уақыты келіп, Абдулла ибн Мүбәрак (р.а.) қарсыласынан намаз оқып алуға рұқсат сұрайды. Ол да құлшылығын жасап алу керектігін айтады.
Екеуі екі жерде құлшылық жасайды. Сол сәтте Абдулла ибн Мүбәрактың (р.а.) нәпсісі өзіне: “Қазір барып анау кәпірдің басын ал” деп сыбырлап, ой салғанда, намазын бастай алмай тұрып қалады.
Абдулланың (р.а.) ойына: “…Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады” (Исра : 34) деп келген Алланың бұйрығы есіне түседі де, қорқып кетеді. Осылай тұрғанда византиялық қарсыласы бұдан неге намаз оқымай тұрғанын сұрайды.
Абдулла ибн Мүбәрак (р.а.) болған жағдайды айтып бергенде, византиялық: “Сені уәдеңде тұрғызған дінің, қандай керемет дін!” деп, иманға келеді.
Қарап көрсеңіздер, Абдулла ибн Мүбәрактың (р.а.) Құранның бір аятына ғана амал жасауы, өзін күнәдан құтқарып, басқаға насихат болды.
Ал біз амал жасаймыз ба, бауырлар?
Алла баршамызға Алланың бұйрығына сәйкес өмір сүріп, амал жасауды нәсіп етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА