Сұрақ: Күмәнді нәрседен сақтанған дұрыс па?
Жауап: Исламда күмәнді нәрседен сақтануды «уәра» деп атайды. Араб тілінде «уәра» сөзі – «сақтану», «қашу», «шегіну» деген мағыналарды білдіреді.
Бұл сөздің діни терминдік мағынасына келер болсақ, «уәра» деп – шариғат тыйым салған харам нәрселерден бойын аулақ ұстау, күмәнді жәйттерден сақтану, тіпті мүбах (сауабы да жоқ және күнә де емес амалдар) істерден де барынша шектелуді айтамыз. Яғни, «уәра» – тақуалық сипаты болып есептеледі.
Атақты мутасауф Харис әл-Мухасиби Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Күнә – көңіліңе жақпайды әрі жан-дүниеңді мазасыз күйге түсіреді (Ханбал, «Муснад», V, 253; Муслим, «Бирр», 14; Тирмизи, «Зухд», 52) және «Күмәнға әкелетін қайсыбір нәрсе болмасын, оны тәрк ет, ал шүбә келтірмейтін нәрсеге көзіңді сал (ұмтыл)» (Ханбал, «Муснад», III, 153; Тирмизи, «Қиямет», 60) деген хадистерін негізге ала отырып, ол иһсан іліміндегі «уәра» мақамына «Бір істің тура немесе тура емес екені белгілі болмаса, толық білгенге дейін әрекетке көшпей, жүректің алдын ала терең толғануы» деп анықтама жасаған.
Әрі «уәра» тақуалықтан бүр жарады деп түсіндірген. Оның пайымынша «уәра» деп жүректің күмәннан ада-күде безінуі, сондай-ақ, шариғат бойынша рұқсат етілген нәрсенің өзінен зәредей күмән тудыратын белгі көрінсе, дереу одан бас тартатын кірпияздықты айтуға болады.
Әсілі, Аллаға деген ғибадаттың негізін – уәра, уәраның негізін – тақуалық, тақуалықтың негізін – нәпсіні тұсаулап ұстап, есеп беретін рухани күй (мухасаба), ал оның негізін – қауф және рәжа (қорқыныш пен үміт) құрайды.
Ал, уәраның түп-тамыры – қияметте Алланың азабына ұшырап қалам ба деген сарыуайымынан тұрады. Бойында менмендік пен дүниеге деген ынтызар сезімі бар мұсылман «уәра» мақамына иек арта алмайды. Сол себепті де, «уәра» иесінде кеудемсоқтық пен дүниеге деген қызығушылық (өзі бай-дәулетті болса да) сезімнің болуы, әсте мүмкін емес.
Әзіреті Омар (р.а.) дәркүмән күйге түспес үшін халифа болып тұрғанында бәйтулмалға (мемлекет қазынасы) тиесілі шырағданды жеке басына мүлде пайдаланбаған. Омар ибн Абдулазиз халифа бәйтулмалдың мисуағын (тіс тазалағыш) өзі үшін ешқашан қолданбаған. Имам Ағзам Әбу Ханифа өсімнен (риба) сақтанғандығы соншалықты, өзіне борышкер адамның үйінің қабырғасын көлеңкелеуден де бас тартқан.
Бишр әл-Хафи қарындасының көпшілік үшін жағылған алау-оттың жарығын пайдалануына ада-күде қарсы болған. Хамдун әл-Кассар науқас досының амандығын білуге барғанында досы жан тапсырып, ол сондағы жанып тұрған білтені дереу өшіріп: «Бұл енді мұрагерлеріне тиесілі» деп жарықты пайдаланудан сақсынған. Осы тақылеттес дін ғұламалары мен қайраткерлерінің жансебіл әрекеттері – олардың «уәра» мақамына иек артқан тақуа жандар екенін көрсетеді.
Әсілі, ихсан ілімінде «уәра» арнайы мақам болып есептеледі. Сәрраж «уәраны» тәубеден кейінгі екінші мақам ретінде қарастырып, оның мынадай үш мәртебесі бар екенін айтады:
Біріншіден, «уәра» мақамына ие мұсылман харам мен халал арасындағы мәселелерге жіті көңіл бөліп, адал немесе адал еместігі беймәлім нәрседен ерекше кірпияздықпен сақтанады.
Екіншіден, «уәра» мақамына ие мұсылман «Муфти бір мәселенің үкімін кессе де, сен жүрегіңнің пәтуасын сұрап барып, амал қыл» (Ханбал, Муснад. IV, 228) және т.б. хадистерді негізге ала отырып, көңілі қаламаған нәрседен мүлде ұзақ тұрады.
Үшіншіден, «уәра» мақамына ие мұсылман әрдайым жүректің Иесін қаперінен шығармайды. Ол байлыққа мастанбайды, атақ-даңққа малданбайды. Алла Тағаланы ешқашан жанынан шығармайды (Сәрраж, 70-71 бб).
Ал, Имам Ғазали «уәра» мақамының мынадай төрт қыры бар екенін алға тартады:
Біріншіден, бұл мақамдағы мұсылман куә келтіріліп, қазы харам деп таныған күнә істерден мейлінше ұзақ тұрады.
Екіншіден, бұл мақамдағы мұсылман күнә болуы ықтимал мәселелерден аса сақ болады.
Үшіншіден, бұл мақамдағы мұсылман харамға жол ашуы мүмкін халалдардың өзін тәрк еткен тақуалардың жолын ұстанады.
Төртіншіден, бұл мақамдағы мұсылман Алла Тағалаға жақындау үшін әрдайым Оны еске алатын сыдықтардың сүлігінде (жол) болады (Ихия…, I, 25-26; II, 95).
Имам Ғазали уәра мақамының бұл төрт қырының тек біріншісі ғана фиқһ тақырыбына жататынын, қалған үшеуі ихсан тарауына енетінін айтады. Сондай-ақ, кемел мұсылмандар (салих, тақуа, муттақи, сыдық) қол жеткізген «уәра» мақамын барлық мұсылмандарға шарт етіп қоюға болмайтынын қатаң ескертеді (Ихия…, II, 108, 111). Яғни, әрбір нәрседен сақсынатын «уәра» мақамы – таңдаулы мұсылмандар ғана қол жеткізетін рухани мәртебе. Оны жалпы жұртқа таңуға болмайды.
Мұхан ИСАХАН