Қазіргі ақпарат кеңістігінде діни ақпараттарды оқығанда аса мұқият болған абзал. Себебі діни әдебиеттерді оқығаннан ұялы телефонды ашып көре салу тенденциясы жоғарылап кеткен. Бір ғана ақпараттың адам тағдырының талқанын шығарып жіберетін сәттері аз емес.
Қазіргі кезде ақпараттың көптігінен әлеуметтік желілерде теріс бағытты ұстанушылардың тұзағына түсіп кетіп жатқандар жетерлік. Сөйтіп ойда жоқ жерден өмірін ойран етіп жатады.
«Дін тазасын ой табар», – демекші, қазіргі таңда қандай да бір діни ақпаратты оқымастан бұрын сенімді ақпарат көзі екендігіне көз жеткізген абзал. Қазіргі жастар діни материалдардың дұрыс-бұрысын ажыратпастан, әлеуметтік желілерде сағаттап уақыт өткізуі өз кезегінде адасуға алып келеді. Олар аталған парақшаларға тіркеліп қана қоймай, өз достарына да таратады. Сондықтан жасөспірімдер діннің сыртқы формасына ғана емес, ішкі мәніне, құрылысына сыни көзбен мән беруі қателіктің алдын алады.
Интернеттегі діни контент қоғамға немесе жекелеген тұлғаларға бағыт-бағдар беріп отыратын керекті дүние. Сондықтан оны қоғамның сұранысына сай дайындай білу және пайдалана білу өте маңызды.
Белгілі дінтанушы ғалым Балғабек Мырзаевтың айтуынша, бүгінгі қоғамда дінді ұстанатын, дінді ұстанбайтын, дінге сенбейтіндер немесе дінге қалай сенетінін білмейтіндер, сондай-ақ радикалдар мен фанаттар сияқты әртүрлі топтар бар және олардың діни қажеттіліктері де сан қилы.
– Дін саласындағы мемлекеттік саясатты білу әрбіріміздің міндетіміз, алайда соған бағынғысы келмейтін немесе тыңдағысы келмейтін азаматтар мен ағымдар жетерлік.
Діни материалдардың қандай аудиторияға бағытталатыны және оны кімдер айтуы орынды болатынына дейін тиісті органдар бақылап отыруы керек. Мысалы, радикалдық бағыттағы адамға дінді ұстанбайтын адамның айтқан сөзінен әсер аз болады. Оған талай мәрте өзім де куә болдым. Ал оның алдына Құран мен Сүннет ілімін жетік меңгерген адам шығып, радикализм мен терроризмнің теріс әрекеттерін аят-хадистермен түсіндіріп берсе, ол райынан қайтуы әбден мүмкін, – деді дінтанушы.
Өз кезегінде мұндай діни контенттерді дін саласындағы мамандар мен зерттеушілер қоғамның дамуы мен талаптарына сай жаңаша форматта әзірлеуі керек.
Бүгінгі таңда еліміздің жас азаматтарының басым көпшілігі үшін радикалды діни ағымдардың ықпалына ұшырау қаупі зор. Жастардың радикалды діни ағымдардың ықпалына еріп кетуі олардың жеке көзқарасының әлі де толықтай қалыптаспағандығы және жас санаға оңай әсер ете алу жағдайына байланысты.
Радикалды контенттер көбінесе әсерлілікке негізделген. Әлеуметтік желілерде таратылатын контенттертің тым көптігіне байланысты желі қолданушыларын ерекше, сирек кездесетін материалдар қызықтырады. Осы тұста радикалдардың тарапынан шығатын контенттің қаупі жоғары екенін ескеру қажет
Сондықтан да дінге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда интернет арқылы емес, ақпараттарды Қазақстанда тіркелген діни ұйымдардың мекемелерінен немесе олардың ресми сайттарынан алған дұрыс.
Әбдіраш Балжан