Сұрақ: Мен күйеуіммен 2020 жылы короновирус кезінде үйге имам шақырып некемізді қидық. Ерімнің бала-шағасы бар. Бірақ ол кісі жиі жоғалып, хабарсыз кетеді. Үй, қаражат жағынан да көмегі жоқ, талақ беріп босат дегенге келіспейді. Жұмысқа да шығармайды. Жағдайы жақсы бола тұра көмегі жоқ. Өзім ағамды алып мешітке барып талақ сұрауыма бола ма? Бұл мен үшін жүк, дұрыс неке болмаған соң, өз жеке өмірімді құруға үлкен тосқауыл.
Жауап: Талақ – тастау, ажырасу деген мағынада. Неке қиып үйлену арқылы адам баласы өз мойнына үлкен жауапкершілік алады. Сондықтан бұл нәрсе дәстүр бойынша екі жастың әуелі имам мен куәгерлердің алдында сөз байласып, серттесу рәсімімен бастау алады. Олар бір-бірімен мейірімді әрі кешірімді болуы керек. Жұбайлар арасындағы отбасылық қарым-қатынас мәселесінде Алла Тағала: «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар», деп әмір еткен. Өз жұбайымен жақсы қарым-қатынаста болу мұсылмандықтың көркем белгісі ретінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Иманның кемелдігі мінездің кемелдігімен, ал мінездің кемелдігі өз жұбайына көрсеткен сый-құрметпен өлшенеді», деген.
Әйелдің ішіп жеу, киіну және басқа да шығындары күйеуіне міндет. Исламның неке деген қасиетті ұғымының қадірін кетіріп, мұсылманға тән сабырлы мінез таныта алмаса, жағдайы бола тұра жұбайына көңіл бөлмесе, оны аш, нашар жағдайда қалдыратын болса, әйел алдымен күйеуінен нәпақа алуға тырысады. Ол мүмкін болмаған жағдайда ажырасуға құқылы.
Сіз (тұрғылықты), Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттердің пәтуа бөлімінің меңгерушілеріне жолығуыңызға болады.
Икрам АЙТАЕВ