Надандық – адамды орға жығады. Білімсіз адам тамырсыз ағаш секілді. Ал, қоғамда жаппай білімсіздіктің белең алуы – ел басына төнген қатер.
Қазіргі әлемдегі діни ахуалға қарап отырсақ, пайдакүнем секталардан басқа, білімсіздіктің, ашығын айтқанда, надандықтың нәтижесінде туындаған сан қилы діни «ғибадат» түрлерін кездестіру қиын емес. Мұндай «ғибадаттар» өздерін мұсылманбыз дейтін кейбір дүмше діндарлардың арасында да, басқа дін өкілдері арасында да жеткілікті. Солардың ішінен біздің қазір айтайын деп отырғанымыз, Филиппин мемлекетінде дәстүрге айналып үлгерген бір жан түршіктірер діни «ғибадат» туралы.
Әлдекімдердің «пәтуа» шығаруымен өмірге келген бұл діни рәсім Филиппинде әр жыл сайын Ұлы пост кезінде орындалды. Христиандардың түсінігінше, Иса пайғамбарды (ғ.с.) өзін Алланың елшісі, Мәсіх деп жариялағаны үшін иаһұдилер шармық (крест) ағашына керіп өлтірген-міс. Осы кезден бастап христиандар мен иаһұдилер арасына жік түскен. Христиан дінін ұстанушылар күні бүгінге дейін иаһұдилерге Иса пайғамбарды (ғ.с.) өлтіргендер ретінде қарап келеді.
Міне, енді олар пайғамбарға деген «махаббатын» білдірудің жаңа бір үлгісін ойлап тапқан. Филиппин астанасы Манила қаласынан 70 шақырым жердегі Сан-Фернандо қаласы мен Сан Педро Кутуд елді мекені аймағында кеңінен тарап үлгерген бұл діни рәсімде дін фанаттары көпшіліктің алдында өздерін кәдімгідей шармық ағашына кергізеді екен.
Бұл жердегі мақсат – Иса пайғамбардың (ғ.с.) соңғы сағаттарындағы жан қиналысын сезіну. Сөйтіп, бұған дейін біліп-білмей істеген күнәларынан «арылу». Ағашқа өздерін таңып, алақандарына және аяқтарына шеге қағады. Сөйтіп, қан-жоса күйлерінде оларды ағашпен бірге тік көтеріп, күнәһарлар рәсімді тамашалауға келген халық алдында бір жарым сағат қиналады екен. Содан кейін ғана жерге түсіреді. Бұл бүгінгі күндері діни ғибадаттан гөрі, көпшілік қызыға тамашалайтын театрландырылған көрініске, яғни шоуға айналып үлгерген.
Жыл сайын христиандардың діни мейрамы кезінде ондаған адам «күнәсынан арылу» рәсіміне қатысады. Филиппин еліне ат басын тірейтін шетелдік туристердің біраз бөлігі осы сәтті көріп қалу үшін арнайы келеді. Өйткені, мұндай «бірегей» діни ғибадат әлемнің басқа еш жерінде кездеспейтіні рас.
Ең алғаш осы әдетті 1961 жылы Арсенио Аноза есімді емші бастаған көрінеді. Ол қатарынан 15 жыл ағашқа керіліп, кейін оның «жолын» қуушылар саны көбейген. Осылайша, қазір әр жылда христианша Киелі Жұма күні сан Педро Кудудтің шаң басқан көшелері қайнаған шоуға айналады. Айрықша ритуал арқылы күнәдан арылғысы келген адамдар саны 1991 жылы ең көп болған көрінеді, өйткені сол жылы Филиппинде Пинтубо жанартауы атқылап, халықтың зәре құтын қашырса керек. Мұны Құдайдың қаһары деп түсінген «діндарлар» жаппай өздеріне крест ағаштарын дайындаған.
Филиппиннің ресми билігі бұл жағдаймен күресуге құлқылы емес. Олар тек адамдарға алдымен денсаулықтарын тексертуді, сосын алақандары мен аяқтарына қағылатын 15 сантиметрлік шегені спиртпен залалсыздандыруды ескертумен шектеледі.
«Біз бұл құбылысқа қарсы тұрғымыз келмейді, өйткені, бұл шынымен кейбіреулер үшін күнәдан тазару салты ғой», – дейді Филиппин Денсаулық сақтау министрінің өкілі. Тіпті соңғы жылы Сан-Фернандодағы «шоуға» Coca-Cola и Smart Telecommunications компаниялары демеушілік қолдау да көрсеткен көрінеді.
Ал, шіркеулер бұған қатысты не дейді? Негізінен, Филиппиннің Католик шіркеуі Исаға (ғ.с.) «ұқсауға» тырысатындардың әрекетін қолдамайды екен. Поптардың айтуынша, бұлар аталмыш ғибадаттың рухани жағына емес, тура қаз-қалпында қайталауға көбірек көңіл бөледі.
«Ағашқа керілу бүгінде шоуға айналып кетті. Оны рухани тұрғыда түйсінуді адамдар ұмытқалы қашан. Күнәһарлардың тек денесін жаралаудан басқа ешбір пайдасы жоқ әрекет», – дейді Католик шіркеуінің архиепископы Диограсиас Инигес.
Мұнымен бірге, жыл сайын осы күні Иса пайғамбардың (ғ.с.) «жолын» қуушылармен қатар, өздерін қамшымен сабау рәсімі де өтеді. Бұл шииттердің Рамазан айында пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) серігі Әли қайтыс болған күні өз арқаларына дүре соғу рәсімінің тура «көшірмесі». Күнәдан арылуды көздеген христиандар да сол күні арқаларын қызыл-жоса қан етіп, қамшылайды.
Бұл «ғибадат» Филиппинде крест ағашына керілуден әлдеқайда бұрын пайда болған. Яғни 1500 жылы оны бұл өлкеге испандық миссионерлер алып келсе керек. Сол шақтан бері жаңа дінге кірген филиппиндіктер аталмыш әдетті де орындауды үйренген. Алайда, өздерін құрбандық қылушылардың шектен шығып бара жатқанын байқаған жергілікті билік 18 ғасырда дүре соғу ғибадатына біраз шектеулер де қойған.
Міне, компьютерлендіру ғасыры келсе де, орта ғасырлық түсініктегі осындай кейбір діни іс-әрекеттер «күн тәртібінен» қалмай келеді. Ал, христиан діні өкілдері айтпақшы, Иса пайғамбар (ғ.с.) шынымен де ағашқа керіліп өлтірілген бе еді? Жоқ, әрине! Ол мыңдаған адамның алдында шармыққа керіліп, жан қиналысын сезген емес. Оны Алла тағала көкке көтеріп әкеткен. Бұл жөнінде аты әлемге мәшһүр түрік дінтанушысы Харун Яхья Иса (ғ.с.) туралы еңбегінде былай дейді: «Иса жайында христиандар мен иаһұдилер арасында 2000 жылдан бері жалғасып келе жатқан пікір келіспеушілігінің артында екі конфессияның алауыздығын сейілтердей ақиқат жасырылған. Бұл ақиқат пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) түсірілген Алла тағаланың соңғы қасиетті кітабы Құран Кәрімде баяндалады. Жаратқан Иеміз онда Иса пайғамбардың (ғ.с.) ағашқа керілмегендігін және өлмегендігін айтады», – дейді.
Иә, бұны біз «Ниса» сүресінің 157-158 аяттарынан оқи аламыз: «Тағы да: «Алланың елшісі, Мәрием ұлы Иса Мәсіхті өлтірдік!» – дегендіктері… Негізінде олар оны өлтірмеді де, аспады, бірақ оларға, ұқсатылды: (Олар Исаға ұқсатылған біреуді өлтірді). Расында, ол жайында қайшылықтағылар, әрине, одан күдіктенуде. Олардың оған байланысты мәліметтері жоқ. Бірақ күмәннің ғана соңында. Олар оны анық өлтірмеді. Олай емес, Алла оны өз тарапына көтерді. Алла өте үстем, хикмет иесі» (157-158 аяттар).
Алла тағала «Әли Ғымран» сүресінде және былай дейді: «Олар айлакерлік істеді, Алла да амалын тапты. Алла тәсілшілдердің жақсысы. Иаһұдилер Исаны (ғ.с.) өлтіру үшін айлакерлік жасады. Алла амалын тауып, олардың біреуін Исаға (ғ.с.) ұқсатты. Олар соны өлтірді» (3:54).
Құран Кәрімде баяндалған бұл ақиқат пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисінде онан әрі жалғасын табады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Иса пайғамбардың (ғ.с.) тірі екендігін және ақырзаман келгенде Алла тарапынан жерге қайта түсетіндігін айтады.
Филиппин еліндегі дін фанаттарына қайта оралайық. Шармық ағашына керіліп өлтірілген Иса пайғамбарға (ғ.с.) ұқсас басқа адам болса, сонда олар кім үшін өздерінің жанын қинап, қол-аяқтарына шеге қағып, зардап шегуде? Тіпті, олардың түсінігіндегідей, пайғамбар (ғ.с.) ағашқа керілгеннің өзінде, осындай қадамға өздерін итермелеуге болар ма еді? Адамның жасаған күллі күнәлары соның нәтижесінде кешірілер ме? Әрине, бұған сену қиын.
Мұхаммед ӘЛИ