Мұсылман әйелден құрбысы: Сұлулығыңның сыры неде, құпияңмен бөліс. Қандай бояуды қолданған жөн?,-деп әңгімеге тартады. Иманды әйел өз сұлулығының сыры жайлы:
«Ерініме шындықты қолданамын. Құранды даусымды әдемі ету үшін пайдаланамын. Көздеріме мейірімділік пен жанашырлықты, ал қолыма қайырымдылықты қолданамын. Тұла бойымның күтімі үшін Құдай жолын түзу ұстанамын. Ал, жүрегіме Алла Тағалаға деген ықыласты пайдаланамын»,-деген екен.
Иә, Әбу Бәкір Сыддықтың: «Үш нәрсені үш нәрсемен табу мүмкін емес: байлықты бос армандаумен, жастық шақты боянумен және денсаулықты дәрі-дәрмекпен»,-деген сөзі бар.
Расында, шынайы сұлулыққа еш нәрсе жетпейді. Бірақ, адам жылтырға тез алданады.
Әйтсе де, Шебер Құдайдан артық сұлулық жасаймын деген бос – әурешілік. Керісінше, табиғи сұлулықты қабат-қабат бояуға алмастырып жатады.
Мұның бірден-бір себебі, адамның шынайылық пен жасандылықты, сұлулық пен ұсқынсыздықты шатастырып алғандығынан болар. Әйтпесе, Қасиетті Құранда: «Ақиқатында, адам баласын көркем бейнеде жараттық» демей ме?!
Руслан ҚАМБАР,
исламтанушы