Сұрақ: «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген сөз ислам дінімен қаншалықты ұштасады?
Жауап: Дана халқымызда: «Жақсы көрші – төрің, жаман көрші – көрің», «Жақсы болсаң көршіңмен, кем қалмайсың еншіңнен», «Отты шұқысаң – өшеді, көршіні шұқысаң – көшеді» деген сынды көптеген тәмсілдер бар. Бұл кемел қоғамның қалыптасуы көршілердің бір-біріне деген ыстық ықыласымен болатынын ұқтырса керек.
Исламда баса мән берілген құндылықтардың бірі – көрші ақысы. Құранның бір аятында:
«…жақын көршілеріңе, алыс көршілеріңе… жақсылық жасаңдар»[1]
делінсе, Пайғамбар (с.а.с.) хадистерінде:
«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенетін болса, көршісіне еш зиянын тигізбесін»[2]
дейді. Тағы бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.):
«Маған Жәбірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқаны соншалықты, көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым» деген.
Исламдағы құқықтық мәселелердің арасында көршінің ақысы «Шүфға» тақырыбы аясында қарастырылады. «Шүфға» сөзі – жұп, қосақ мағынасын білдіреді. Терминологияда, көршілік статусқа лайық адамның екінші көршісі сатылымға қойған жер, үй сынды мүлкіне мислус-сәмән (лайықты бағасымен) иелік етуге құқылы екендігін білдіреді. Алла елшісі (с.а.с.): «Шүфға – көршісімен ортақ пайдаланылатын қыры болған жер немесе үйін көршісі сатып алатынын яки алмайтынын білмей тұрып сата алмауын білдіреді. Егер дүние-мүлкін бөгде адамға сатуға көршісі қарсылық білдірсе, сатып алуға көршісі ең лайықты адам»[3] деген.
Шариғаттағы құқықтық шарттар ескеріле отырып, сатушы адам да, көршілер де зиян тартпауы керек. Мысалы, біреу үйін сатпақшы болған жағдайда, әуелі көршісіне барып «үйімді (мәселен, бес миллион теңгеге) сатпақшы едім» деп алдынан өтуі тиіс. Егер көршісі «жоқ, мен үйіңді ала алмаймын» десе, өзге бөтен адамдарға сата беруіне болады.
Фықһтағы «көрші ақысы» құқығы діни бір міндет болып, көршіге деген ерекше құрметті білдіреді. Яғни, өзі көшіп бара жатса да, орнына жәйсіз бір адамның көшіп келіп, көршісіне зиян келтіруінің алды алынады.
Бұл жерде тағы бір ескеретін жәйт, «шариғат бойынша, мен үйді сатып алудан бас тартпайынша басқа ешкім ала алмайды» деп көршісінің үйін лайықты бағасынан төмен сұрап, үй сататын көршісіне зиян келтіруге болмайды. Тура сол сияқты үйді сатқан адам да «үйімді көршім алатын болса, бес миллионға бермеймін» деп лайықты бағасынан көтеруге болмайды. Бұл екі түрі де шариғатта тыйым салынған[4].
Имам Матуриди Құрандағы: «…жақын көршілеріңе, алыс көршілеріңе… жақсылық жасаңдар»[5] деген аятты былай түсіндіреді: «Имам Әбу Ханифа: «Біреу нақты кім екендігін айтпай, жалпылама «көршіме» деп бір затын өсиет етіп қалдыратын болса, ең жақын көршісіне тиеселі болады. Өйткені, жақын көршінің ақысы алыс көршіге қарағанда көбірек болады», – деген.
Демек, аяттағы уәжіп болған «Шүфға», яғни көрші ақысы – әуелі іргелес көршіге тән. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Көршілердің ең құқылысы – жақын болғаны», – деген. Сол себепті, біреу көршісі жоқ кезде үйін сатып жіберсе, көршісі кейін үйге иелік еткісі келген жағдайда, үйді сатып алған адамға ақшасын қайтарып беріп, үйді қайтартып ала алады. Сатқан көршісі немесе сатып алған адам келіспейтін болса, қазыға шағымдану арқылы үйді қайтарып ала алады.
Мәлики, шафиғи және ханбали мәзһабтары бойынша, көршілердің арасында қоршау немесе жол сияқты бөліп тұратын шекара болса, шүфға уәжіп емес. Олар, Жәбир ибн Абдулла (р.а.) жеткізген: «Алла елшісінің (с.а.с.): «Арада бөлік болмаған әрбір затта шүфға ақысы бар. Егер арада қоршау және жол түскен болса, шүфғалық ақы болмайды»[6] деген хадисін дәлел қылады.
Біздің ғалымдарымыз бұл хадистің айтылу себебі туралы ешнәрсе келмегендіктен, рауидің сөзі болу ықтимал деп санайды. Сондай-ақ, «арада қоршау және жол түскен болса, шүфғалық ақы болмайды» деген хадис ахад жолмен (бір ғана тізбекпен) жеткен. Ал, «Кімде-кім үйін сатуды қаласа, көршісінің рұқсатын алсын» деген сынды хадистер мутауатир жолмен (жалғандық ықтималы жоқ, көп тізбекпен) жеткен. Әрі аяттағы «жақын көршілер» сөзі туысқандық жақындықты білдірмейді, үйі жақын болған көршіні білдіреді»[7] деген.
Аталмыш аятқа түсініктеме берген имам Әл-Жассас: «Әбу Ханифа, Әбу Юсуф, Мұхаммад және Зуфар: «Саудада ортақ болып жұмыс істегендердің ақысы сапарда бірген болғандардан жоғары тұрады. Сапарда бірге болғандардың ақысы іргелес көршіден артық. Ал, іргелес көршінің ақысы алыс көршіден артық», – деді»[8] деп, көршілік ұғымының аясы кең екендігін тілге тиек етеді.
«Көрші ақысы» дегенде ең алдымен екі отбасы арасындағы керек-жарақты бөлісу секілді материалдық ауыс-түйістен басталып, көрші екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа ұласып, күллі жер шарын қамтиды. Яғни, күллі адам баласы бір-біріне көрші. Өзара бас тартуға келмейтін міндеттері мен көршілік ақылары да бар. Біреуінің жаман жолға түсіп бақытсыз болуы екіншісіне кесірін тигізбей қоймайды.
Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тек дін мәселесінде емес, өмірдің әр саласында үмбетіне үлгі-өнеге болған. Мысалы, әлеуметтік салаға қатысты Хақ Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір өсиетінде былай дейді: «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап».[9]
Халқымыз осы хадисті нақылға айналдырып: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй салмас бұрын көршіңді ойла», – деген.
Сондай-ақ Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, көршісіне жақсылық жасасын»[10] деген болатын.
Мұсылман халқымыз да Құран мен Пайғамбардың үйреткендерінен қия баспай, басқа біреудің ала жібін аттамауға барын салып, көрші ақысы жайлы: «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп, Хақ Елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үйренген сабағын мақал етіп өрген.
Алау ӘДІЛБАЕВ
[1]«Ниса» сүресі, 36-аят
[2]Мүслим: шүфға, 1608; Әбу Дәуіт: шүфға, 3513.
[4] Молла Әли Қари, Фәтхү бабил ғинәя фи шархи китәбин ниқая, 3-том, 293-297 бб.
[5] «Ниса» сүресі, 36-аят
[6] Бұхари: Буюғ, 2213.
[7] Әбу Мансур әл-Матуриди.Тәуилатул Құран (ред. Бәкір Топалұғлы). – Стамбул: «Дәрул мизан» баспасы, 2005. 3-том, –481 бет. –220-223-бб.
[8] Әбу Бәкір әл-Жассас. Әхкамул-Құран.–Бәйрут: «Дәрул кутубил ғилмия» баспасы, – 2007. 2-т., –245-б.
[9] Әбу Абдуллаһ Мухаммед Кизаи, Муснәдуш-Шихаб, I т., 412-б, Бейрут, 1985.
[10] Бұхари, Әдеп, 31, 85; Муслим, Иман, 74; Әбу Дәуд, Әдеп, 132.