Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда соңғы екі аптада аурушаңдық өсімі 35 процентке төмендегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Айтуынша, соңғы екі аптада Қазақстанда ауру жұқтырғандар өсімі 35%-ке төмендеді. Ал соңғы аптада аурушаңдық деңгейі 14%-ке, аптасына 31 мыңнан 25 мың адамға дейін азайған.
“ДДСҰ бағалауынша, республикада репродуктивті сан соңғы төрт апта бойы төмен, бұл пандемия бақылауда екенін көрсетеді және ауру жұқтыру деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді”, – деді Цой үкімет отырысында.
Ол эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасында да оң динамика байқалып отырғанын атап өтті.
Министрдің мәліметінше, соңғы екі аптада 5 өңір “қызыл” аймақтан “сарыға” ауысқан: Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары.
“Жасыл” аймақта Түркістан облысы ғана тұр. Қалған 11 өңір “қызыл” аймақта.
Цой эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты өңірлерде инфекциялық төсек-орындарды азайту жұмысы жүріп жатқанын мәлімдеді. Төсек-орын қоры барлығы 12 211 төсекке қысқарған.
“Халықты вакцинациялау жалғасып жатыр. Бүгінде 1-компонентпен 7,1 млн-нан астам екпе алды. Бұл екпемен қамтылуы тиіс халықтың 71,5 пайызын құрайды. 2-компонент 5,9 млн-нан астам адамға салынып, қамту көрсеткіші 60 пайызға жуықтады. Өңірлер вакцинаның жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілген. Вакцина жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр”, – деді ол.